Балаларға арналған "Жұмбақтар" жинағы
Балабақшаға арналған жұмбақтар жауабымен
Көк лағым көгенде жатып семіреді.
(Қарбыз)
***
Жасыл ала дөңгелек,
Бақшада жатыр дөңгелеп.
(қарбыз)
***
Әр желінің асты толған көк қоян,
Жаз болғанда көк қоянды жеп қоям.
(қияр)
***
Бұтағында азығы
Ортасында азығы.
(алма)
***
Ақ құман жүр жүзіп.
Су бетін сүзіп.
(аққу)
***
Бес қаруы белінде
Самғап жүреді көгімде.
(бүркіт)
Бір - ақ сөз біледі, Өз аты онысы.
Соны айтып жүреді және жоқ қонысы.
(көкек)
***
Талдың басында, жемі бар қасында,
Там тұр саялы, достары аялы.
(құс ұясы)
***
Ағайынды бәрі:
Шықса - көк, Түссе - сары.
(жапырақтар)
***
Ызақор бұғып жатыр,
Сақалы шығып жатыр.
(жуа)
***
Қалың киім ұнатады
Шешіндірсең жылатады.
(жуа)
***
Бұл не деген көп киім, жетпіс қабат көп киім.
Жаңбыр одан өтпейді, қабат - қабат тоны бар, түймелеуге жетпейді.
(орамжапырақ)
***
Үстіне тігіп көк шатыр,
Астында қызыл дәу жатыр
(қызылша)
***
Сырты жасыл қатты
Іші қызыл тәтті.
(қарбыз)
***
Жерде жатып желіндейді,
Күз түскенше желінбейді.
(қауын)
***
Шәкіртке жанашыр,
Мейірман кім, жаны асыл.
(ұстаз)
***
Қабат - қабат қаттама,
Ақылың болса аттама.
(кітап)
***
Жіп - жіңішке денесі,
Ортасында шегесі.
(қарындаш)
***
Жазу жазып жалықпаған,
Жаза - жаза арықтаған.
(бор)
Білімнен мол сый - асы,
Балғындардың ұясы.
(мектеп)
***
Қиналып көтеріп, Өзінен ауырды.
Жорғалап кетеді, Жүкшідей кәдімгі.
(құмырсқа)
***
Бейбітшілік құсы деп,
Атайды оны барша жұрт.
(көгершін)
***
Қыста киімін тастайды,
Көктемде киіне бастайды.
(ағаш)
***
Қолы бар, Саусағы жоқ.
Мойны бар, Басы жоқ.
(көйлек)
***
Ұшады қанатсыз,
Зырлайды аяқсыз.
(Зымыран)
***
Беттескен қос табақ, Ортасында бас тамақ.
Киізбен шоққа ораса, Дәм піседі тамаша.
(таба нан)
***
Үсті тас, асты тас,
Ортасында піскен ас.
(нан)
Сары қозы, көк қозы,
Қарындары тоқ қозы.
Күздігүні көп қозы,
Қыстыгүні жоқ қозы.
(Қауын - қарбыз)
Темір аяқты,
Ағаш таяқты.
(Циркуль мен қарындаш)
От ішінде – үш таяқ,
Үшеуі де күшті аяқ.
Ортасында ілгегі,
Ілгегінде ілгені.
(Мосы мен шәугім)
Торы тай,
Табанында төрт ай.
(Таға)
Қауын, қарбыз дей алмайсың,
Піскенмен, жей алмайсың.
Жарғаныңмен, қап - қатты,
Ал асқанда, тәп - тәтті.
(Асқабақ)
Бір жыланды таяққа іліп алдым,
Ерге қона, пайдасын біліп алдым.
(Қамшы)
Бірінің ізін бірі басады,
Біріне жеткізбей, бірі қашады.
(Дөңгелектер)
Тақия, мұрын, бір құлағы бар,
Самаурын қасында тұрағы бар.
(Шайнек)
Бірі үй күзетіп қалса да,
Бірі жүрер қалтада.
(Құлып пен кілт)
Аспанға жайып қойған
Ақ мақтам ғайып болған.
(Ақша бұлт)
Оқ жыланды аспаннан төніп келген,
Ұзын найзам жер қазбай көміп берген.
(Жайтартқыш)
Тілден ұшып,
Құлаққа қонады.
(Сөз)
Ойдың аяқталуын күтпейді,
Оны қойсаң, сөйлем бітпейді.
(Үтір)
Сырғалы құлақ бір,
Үн - түнсіз сұрап тұр.
(Сұрақ белгі)
Қадалды бір ине
Нүктедей түймеге.
(Леп белгісі)
Ашылып, жабылады,
Әр үйден табылады.
(Есік)
Қауаққа да ұқсаған,
Алмұртқа да ұқсаған,
Аузы бар, тілі бар,
Білер көріп, ұстаған.
(Қоңырау)
Бір тұлпар су ішпейді, жем жемейді,
Есіркеп ешбір адам жемдемейді.
Жүк емес жануарға жүз адам да,
Доғасын сымға сүйкеп, жол жөнейді.
(Трамвай)
Бір мақұлық жұмыста сорлайды,
Мисыз деп оны жұрт ойлайды.
Саумайды, соғымға соймайды,
Бірақ та мінуін қоймайды.
(Қол)
Егіз қайың,
Бой - бастары тең өскен.
Іске дайын,
Бұтақтары бес - бестен.
(Қол)
Алуан түрлі із салғанның өзі еді,
Өзінен де пайдалысы өзегі.
(Қарындаш)
Бір малға екі бала мінгеседі,
Айлап - жылдап түспестен күн кешеді.
(Түйенің өркеші)
Бір қалтаның ішінде бірнеше шар,
Әрбір шардың өзіндік ұясы бар.
(Ас бұршақ)
Көлденең ілген ақ таяқ,
Тұтанар отпен жақпай - ақ.
(Күндізгі сәулелі шам)
Мұздай мөлдір жұмыртқа,
Жарық берер ымыртта.
(Электр шамы)
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: жұмбақ, жұмбақтар жауабымен, балалар, балабақша