Тойда қызына әке өсиеті
ӘКЕНІҢ ҰЗАТЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ҚЫЗЫНА АЙТҚАН ӨСИЕТІ
Ілгеріде қызын ұзатқалы отырған бір ғұлама қызына арнап мынадай өсиет айтқан екен:
Қызым, әкенің қызға ақыл айтқаны орынсыз шығар, алайда бұл өсиет ақыл айта алмайтын кейбір ата-аналарға үлгі болсын. Сен өзіңді еркелетіп, алақанына салып, аялап отырған ортадан анау-мынау қателігіңді көтере алмайтын ұяға ұзатылып бара жатырсың. Ендігі жерде өзіңе ешқашан дос тұтпаған адамды дос тұтасың. Онымен бірге өмір сүресің. Кейде көңіліңе қаяу түсуі мүмкін. Сол кезде әкеңнің мына бір сөздерін жадыңа тұт:
- Біріншіден, күйеуіңнің көзіне сақ бол. Яғни оның көзіне кір, жарасымсыз, жаман киіммен көрініп қалма. Оның алдында өзіңді үнемі таза ұста. Ол сені тек әдемі қалпыңда көрсін. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйіне келсе, даусын қырнап немесе дыбыс беріп, әйеліне өзінің келгенін білдірсін», - деген. Мұндағы даналық – әйел адам таранып, сыланып-сипанып, өз-өзін реттеп алуына мүмкіндік тудыру. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жорықтан келгенде үйіне күндіз емес, тек түнде кіретін болған. Өйткені, сапардан келген адам шаршап, үсті-басы ретсіз болатындықтан, әйеліне жаман кейіпте көрініп қалмауға тырысқан екен. Сондықтан оның алдында үнемі жарасымды киініп, әдемі болып жүруге тырыс.
- Екіншіден, оның иіскеу, сезу мүшелеріне сақ бол. Өзіңді таза ұста. Оның мұрнына жаман иіс барса, бұл арадағы махаббат пен сезімге сызат түсіруі мүмкін.
- Үшіншіден, оның асқазанына сақ бол. Күйеуіңнің тамақ ішетін уақыттарын қадағала. Себебі, қарны аш адам үрлесең жанып кететін шоқ секілді ашушаң келеді.
- Төртіншіден, күйеуіңнің ұйықтайтын уақытына сақ бол. Себебі, Алла адамдарға түнді тынығу үшін жамылғы еткен. Түсте келіп, бір сәт мызғып алуды ойласа, үйде тыныштық болуын қадағала. Егер еркектің қарны ашып, ұйқысы қанбаса, оның көңіл-күйі бұзылып, араларыңда реніш тууы мүмкін.
Егер күйеуің үйге қуанып келсе, ешқашан қабағыңды түйіп, мұңайып қарсы алма. Және керісінше, көңіл-күйі түсіп, қайғырып келсе, күліп қарсы алма. Ол қуанса, бірге қуанып, ол мұңайса, бірге мұңаю – әйелдің оған бәрінен артық жанашырлық танытатын жақын адам екенін аңғартады.
Күйеуіңнің жақсылығын асыр, жамандығын жасыр. Оны үнемі өзге ортада мақтап жүр. Қателік-кемшіліктерін жасырып, бүгіп қалуға тырыс. Өзіңнің хақыңнан күйеуіңнің хақысын әрдайым жоғары қой. Сонда ғана игілікке қол жеткізесің. Оның сырын, құпияларын сақта. Отбасыңдағы жағдайларды көпке жариялап, сыртқа жайма.
Осы ақылымды жадыңа тұтып, іс жүзінде амалға асыра алсаң, мен өзімді бақытты әкемін деп есептеймін. Себебі, ата-ана үшін балаларының қызығын көруден асқан бақыт жоқ. Ендеше, ақ жол, қызым! Алла абыройларыңды асырып, сендерді Өзінен басқа ешкімге мұқтаж қылмасын!
Қажетті сілтемелер:
- Тойға арналған мұсылманша тілектер топтамасы
- Қыз ұзату тойында әке тілегі мен батасы
- Үйлену той: жас жұбайларға ең әсерлі тілектер топтамасы
- Тойда бата беру, үйлену той батасы
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әке, өсиет, қыз, ұзату тойы, қыз ұзату, тойға тілек