Тойға арналған мұсылманша тілектер топтамасы
«Тілектің ең жақсысы әдемі айтылғаны емес, қабыл болғаны», - деген екен данышпандар. Иә, «Шешен сөзден не пайда, болмаса көпке сіңімді?!» дегендей, жұрттың алдында әдемі сөйлеу бір бөлек, алайда екі жасқа шын жаны ашыған адам, ең алдымен, тілегінің қабыл болуын, олардың бақытты ғұмыр кешуін қалайтыны анық. Кейде қанша тойға барсақ та, аузымызға дұрыс сөз түспей, «Бақытты бол!» дегеннен әрі аса алмай жатамыз. Алайда, микрофон ұстап, сөз алу деген – дүйім жұртты аузыңа қарату, назарын аудару, көпшілікке де, жастарға да өнегелі, тағылымды дүниені айтып қалудың мүмкіндігін алу деген сөз. Ендеше, талай адам бас қосқан салтанатты жиында сөзден тосылып, өзгелерге қосылып қалмау үшін төмендегі бірқатар тілектердің топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Үйленген кісіге айтар ең жақсы тілек қандай? Жер бетінде өмір сүрген адамзаттың ішіндегі ең абзалы, ең жақсы адам Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отау құрған екі жасқа: «Алла береке берсін, береке жаудырсын әрі араларыңды тек жақсылықта қоссын» (Бәракал-лаһу ләкә, уә бәракә ъаләйкә, уә жәмәъа бәйнәкума фи хайр) – деп дұға жасайтын. Әрине, ең абзал адамның аузынан шыққан сөз – ең асыл сөз, тілектердің төресі болатыны анық.
ӘКЕНІҢ ТІЛЕГІ
Мейірімді Алла Тағала «Кім Менен сұраса, Мен оның сұрағанын беремін» деген екен. Ендеше, бәрін Естуші, Көруші, Жауап қатушы Алладан бауыр еті балаларымызға баянды да берекелі ұзақ ғұмыр сұраймыз. Алла екі жастың арасына сүйіспеншілік пен мейірім орнатып, бір-біріне деген сезімін суытпасын, құрметтерін, абыройларын арттырсын! Тура жолға салушы Алла жүректеріңді дұрыс жолға бұрсын. Жаңа құрған жас отауларыңа мейірімін жаудырсын. Сый беруші Алла шаңырағымызға шаттық пен қуаныш сыйлап, біздің тек дәл осындай қызық пен қуанышта, ақ дастархан аясында бас қосуымызды нәсіп етсін! Аса Бай, Ризықты мол етіп беруші Алла, балаларымыздың несібелерін арттырып, ризықтарын берекелі етсін! Бір-бірінен тыныштық, тыным тауып орнығуларын, бір-бірінің көз қуанышы болуын, ұрпақтарының елге, дінге қызмет ететін саналы, салиқалы болуын нәсіп етсін!
Қазандарың ортаймасын, шаңырақтарың ортасына түсіп, шайқалмасын, қарақтарым!
ҮЛКЕНДЕРДІҢ ТІЛЕГІ:
Кеше ғана кішкентай
Екі балам ер жетті.
Ер жеткені осы ғой
Үйленетін кез жетті.
Айналайын қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Өмірлік болсын өзіңе,
Таңдап алған адамың.
Қондырған құсың қолыңа
Бақыт құсы болсыншы.
Бақыт, дәулет бірдей боп
Ырыс келіп қонсыншы.
Маңдайдағы жұлдызым,
Жағадағы құндызым.
Ардақтасын сені ертең
Соңыңнан ерген ұл-қызың.
Ұл-қызың мен туыстың
Қызықтарын көре бер.
Қартайғанда солардың
Рахатына бөленіп,
Соңдарынан ере бер.
(Екі жастың аты аталады) ... мен ... – ға,
Мен тілеймін ақ тілек.
Ақ махаббат берік боп,
Бірге соқсын қос жүрек.
Үлкен-кіші тілеген,
Қабыл болсын көп тілек.
Өмірге сені әкелген
... атты анаң бар
Аялап, бағып құрметтеп
Сол Анаға қараңдар.
Сыйлап өтсең анаңды,
Көтерер ел бағаңды.
Ақ бата алсаң анаңнан,
Жұлдыздарың жанады.
Қол ұстасып жүріңдер.
Күлсеңдер бірге күліңдер.
Бір-біріңді мәңгілік
Құрметтеңдер сүйіңдер!
ӘПКЕНІҢ ТІЛЕГІ:
Жетсінші дер ем бауырды мен де баққа мың,
Тағдырың саған атқызсын әр кез ақ таңын.
Еркелей күлген елігі едің бір үйдің,
Сіңлім, сен де босаға бүгін аттадың.
Жаныңда енді өмірлік жолдас-қосағың,
Үмітпен күттің осынау күннің тосарын.
Босаға аттау - артады қызға көп міндет,
Сіңлім, соған жауапты қадам жасадың.
Бақыттың шоғын сезімдер енді үрлемек,
Береке, ырыс есікті қақсын күнде кеп.
Бауырлар үшін інінің жөні бір басқа,
Алысқа ұзар сіңлінің жөні бір бөлек.
Дер едім мен де отауың болсын еңселі,
Жұбайлық жолдың сыйластық қана өлшемі.
Қыз бала сол ғой, алыстан іздер бақытын,
Туған үйінің құп-құйттай ғана бөлшегі.
Ұмтылдың баққа, сол жолда тілек-бата алдың,
Өз бағасы бар шаңырақ деген отаудың.
Құсымыз едің еркелеп жүрген бір күнде,
Ұштың да кеттің, мінеки келін атандың.
Шыққызсын тауға қадамың осы жасаған,
Бауырың бүтін, болсыншы әр кез бас аман.
Шаңырағыңның уығы берік шаншылып,
Керегең кең боп, бақытқа толсын босағаң!
Атану келін - сіңіру бойға ар-қылық,
Ақ отау жақтан атсыншы әр кез таң күліп.
Жұбайлық өмір бақыттың әні екен ғой,
Ендеше, сол ән үзілмей тұрсын мәңгілік! (Ғабиден ҚОЖАХМЕТ)
ӘРІПТЕСТЕРДІҢ ТІЛЕГІ:
Жанұя - жаңа өмір, нұрлы көктем,
Көктемді - қос әулеттің бірлігі еткен.
Аяулы жас шаңырақ, жас отбасы,
Сендерді құттықтаймыз шын жүректен.
Бәріміз бір достастық қалыпта өстік,
Бәріміз қазақ дестік, халық дестік.
.... ..... (екі жастың аты аталады) құттықтаймыз,
Атынан бауырластық - әріптестік!
ЖЕҢГЕНІҢ ТІЛЕГІ:
Көтеріп қайным бүгін нардың жүгін,
Өзінің тапқан екен жар-жұлдызын.
Гүл болып жайнай берсін әр көктемің,
Жеміске толы болсын әрбір күзің.
Шуағын төге берсін,
Алла нұрын.
Жарыңа сен де сыйла жанның нұрын.
Үйіңе апыр-топыр
Ұл-қыз толып,
Басыңа бақ сыйласын қалыңдығың!
ҚҰРБЫ-ҚҰРДАСТАРДЫҢ ТІЛЕГІ:
Бойдақтық қалды қынжылма,
Тағдырды теліп бір қызға.
Құрметпен қара, жан досым,
Қолыңа қонған жұлдызға.
Ұлдарың болсын тұлымды,
Қыздарың болсын бұрымды.
Қосағыңмен қоса ағар,
Еліңе болып жұғымды.
АНАНЫҢ ТІЛЕГІ:
Айналайын, құлындарым! Алла Тағала Құранда ерлі-зайыптыларды: «Олар – сендер үшін киім, сендер де – олар үшін киімсіңдер» , - деп сипаттаған. Демек, адамның киімге, киімнің адамға қарым-қатынасы қандай болса, әйелдің еріне, ерінің әйеліне деген қарым-қатынасы да тура сол секілді болуы керек.
Киім адамды безендіреді, ажарландырады, көркін ашады! Дәл сол секілді бір-біріңе жарасымды, жағымды жұп болыңдар! Киім - ыстықта пана, суықта қорған болатыны секілді сендер де жақын қарым-қатынаста болып, қиындықта, сынақта, ауыртпашылықта біріңе-бірің қорған болыңдар. .
Киім адамның айыбын, ұятты жерін жасырады, Әйел мен еркек те – бір-біріне перде, кемшіліктерін жасырушы, сыртқы дұшпаннан көлегейлеуші болуы тиіс. Олай болса, бір-біріңе сүрінгенде сүйеніш боп, алдымызда жарқырап, өсіп-өніп, жадырап жүре беріңдер! Алла сендердің бақтарыңды ашып, алдарыңнан ақ күн тудырсын!
Қуаныштан толқиды мына жүрек,
Өріс кеңіп, жатырмын құдалы боп.
Ашық екен қабағы келінжанның,
Жұрт көңілінен ойлаймын шығады деп.
Айтып жатыр ел түгел пәк тілегін,
Береке мен келеді бақ тілегім.
«Аяғынан келіннің» деген сөз бар,
Өтсін дәйім аялап нақсүйерін.
Дейді екен «Той – құдайдың несібесі»,
Өрлей берсін жастардың көші, қосы.
Тату-тәтті екі жас ғұмыр кешіп,
Есте қалсын мәңгіге осы кеші.
Жүрмейді ешқашанда жүрекке әмір,
Мәңгілік балаларымды бір ет, Тәңір!
Түтіні түзу өрлеп жас отаудың,
Болсыншы біздер айтқан тілек қабыл!
КӨРШІЛЕРДІҢ ТІЛЕГІ:
Жарқырап босаға аттап тұр ақмаңдай,
Қалайша шыдай алам сыр ақтармай.
Ғұмыры, игілігі ұзақ болсын,
Қосылып қатар аққан бұлақтардай.
Өмірдің
Өрлеп шықсын белесіне,
Мұхитқа жетсін жүзіп кемесі де.
Бір үйдің әлпештеген еркесі екен,
Ата мен сыйлы болсын енесіне.
Үлкенді қадірлеуден жалықпағын,
Жарқылда –
Жарыңның да тауып бабын.
Қадірлеп,
Айналайын – бір-біріңді
Қырандай қия шыңға шарықтағын!
СӨЗ СОҢЫНДА ҮЛКЕНДЕРДЕН ӨСИЕТ:
Міне, бүгін қоғамымызға тағы бір жас отбасы келіп қосылды. Отан - отбасынан басталса, қоғам - екі жастың жараса көтерген шаңырағынан құрылатыны мәлім.
Қарақтарым, үйленіп, үй болдыңдар. Қиналсаң жасып кетпеуіңе себепкер болып, дем беретін – жалғыз жан-жарың. Қандай жағдайда да әйел күйеуіне, күйеуі әйеліне сүйенеді. Енді қуанышты да, қайғыны да бөлісіп, ортақтасып, өмірлік жарыңның әр уақытта қасынан табылуды мақсат тұтыңдар.
Өмірлік серігім деп бас қосқан жарыңды сыйлап, күте білу, оның артық-кем мінезін түсініп, кешірімді болу – кішірейгендік емес, әдептілік, білімділік, кісілік. Себебі, ерлі-зайыптылар – бүтіннің жартысы. Жан-жарыңды сыйлағаның - өзіңді сыйлағаның. Тату отбасының жолдас-жораларының арасында беделі жоғары, басы сыйлы болады. Ендеше, жақсы жардың жанын жаралап, көңілін қалдыратын мінезден аулақ болыңдар. Ұшқан ұяларыңды, аялап өсірген ата-аналарыңды ұмытып кетпеңдер. Сендер де ертең солардай үлкен қара шаңырақтың иесі болып, түтін түтететіндеріңді есте сақтаңдар.
«Бұтағы көп ағашқа құс қонады», - дейді. Ендеше, дос-жарандарыңның, ағайын-туыстарыңның алдында қадірлерің төмендемесін. Бақ-дәулеттерің, құт-берекелерің бастарыңнан жайылған дастархандарыңнан, тіккен отауларыңнан қашпасын!
Бір ғұлама: «Үйлену дегеніміз – екі адамның бір-біріне қарап отыруы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» депті. Демек, бұл – екі адамның мақсат- мүддесі мен өмірлік ұстанымдарының бірігуі деген сөз. Олай болса, балаларың үбірлі-шүбірлі, отауларың дүбірлі болсын, айналайындар!
ҰЛҒА ӨСИЕТ
Сөйлесең оған тәттісін арна сөзіңнің,
Сақтай біл оны қарашығындай көзіңнің.
"Ерім" деп саған тағдырын сеніп тапсырған
Бір үйдің гүлін аманатым деп сезінгін.
Бас ие болдың, кешегі жүрген бала емес.
Демейді өмір, басыңнан сипап "Молодец!"
Әулетке лайық саясат деген болады
Жанұя бағу жалақы табу ғана емес!
Байқасаң кейбір ерлерге жетпей даналық,
Бала боп өзі әйелін алар ана қып.
Шырылдап жүрер өзіндік пікір, ойы жоқ,
Әйелі сызған шеңберден шықпай қамалып.
Маңызды іс болды отбасын бүгін құрғаның
Көбейту керек Алланың адал құлдарын.
Шығарма естен өзіңді өсірген Отанның
Тағдыры сенің қолыңа қарап тұрғанын! (Серік Қалиев)
ӘКЕНІҢ ҰЗАТЫЛЫП БАРА ЖАТҚАН ҚЫЗЫНА АЙТҚАН ӨСИЕТІ
Ілгеріде қызын ұзатқалы отырған бір ғұлама қызына арнап мынадай өсиет айтқан екен:
Қызым, әкенің қызға ақыл айтқаны орынсыз шығар, алайда бұл өсиет ақыл айта алмайтын кейбір ата-аналарға үлгі болсын. Сен өзіңді еркелетіп, алақанына салып, аялап отырған ортадан анау-мынау қателігіңді көтере алмайтын ұяға ұзатылып бара жатырсың. Ендігі жерде өзіңе ешқашан дос тұтпаған адамды дос тұтасың. Онымен бірге өмір сүресің. Кейде көңіліңе қаяу түсуі мүмкін. Сол кезде әкеңнің мына бір сөздерін жадыңа тұт:
Біріншіден, күйеуіңнің көзіне сақ бол. Яғни оның көзіне кір, жарасымсыз, жаман киіммен көрініп қалма. Оның алдында өзіңді үнемі таза ұста. Ол сені тек әдемі қалпыңда көрсін. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйіне келсе, даусын қырнап немесе дыбыс беріп, әйеліне өзінің келгенін білдірсін», - деген. Мұндағы даналық – әйел адам таранып, сыланып-сипанып, өз-өзін реттеп алуына мүмкіндік тудыру. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жорықтан келгенде үйіне күндіз емес, тек түнде кіретін болған. Өйткені, сапардан келген адам шаршап, үсті-басы ретсіз болатындықтан, әйеліне жаман кейіпте көрініп қалмауға тырысқан екен. Сондықтан оның алдында үнемі жарасымды киініп, әдемі болып жүруге тырыс.
Екіншіден, оның иіскеу, сезу мүшелеріне сақ бол. Өзіңді таза ұста. Оның мұрнына жаман иіс барса, бұл арадағы махаббат пен сезімге сызат түсіруі мүмкін.
Үшіншіден, оның асқазанына сақ бол. Күйеуіңнің тамақ ішетін уақыттарын қадағала. Себебі, қарны аш адам үрлесең жанып кететін шоқ секілді ашушаң келеді.
Төртіншіден, күйеуіңнің ұйықтайтын уақытына сақ бол. Себебі, Алла адамдарға түнді тынығу үшін жамылғы еткен. Түсте келіп, бір сәт мызғып алуды ойласа, үйде тыныштық болуын қадағала. Егер еркектің қарны ашып, ұйқысы қанбаса, оның көңіл-күйі бұзылып, араларыңда реніш тууы мүмкін.
Егер күйеуің үйге қуанып келсе, ешқашан қабағыңды түйіп, мұңайып қарсы алма. Және керісінше, көңіл-күйі түсіп, қайғырып келсе, күліп қарсы алма. Ол қуанса, бірге қуанып, ол мұңайса, бірге мұңаю – әйелдің оған бәрінен артық жанашырлық танытатын жақын адам екенін аңғартады.
Күйеуіңнің жақсылығын асыр, жамандығын жасыр. Оны үнемі өзге ортада мақтап жүр. Қателік-кемшіліктерін жасырып, бүгіп қалуға тырыс. Өзіңнің хақыңнан күйеуіңнің хақысын әрдайым жоғары қой. Сонда ғана игілікке қол жеткізесің. Оның сырын, құпияларын сақта. Отбасыңдағы жағдайларды көпке жариялап, сыртқа жайма.
Осы ақылымды жадыңа тұтып, іс жүзінде амалға асыра алсаң, мен өзімді бақытты әкемін деп есептеймін. Себебі, ата-ана үшін балаларының қызығын көруден асқан бақыт жоқ. Ендеше, ақ жол, қызым! Алла абыройларыңды асырып, сендерді Өзінен басқа ешкімге мұқтаж қылмасын!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: тойға тілек, мұсылманша тілек, имани тілек, үйлену той, той, тілек, құттықтау