Алыптың өзі – киелі көзі , Қажымұқан Мұңайтпасұлы


Алыптың өзі – киелі көзі


• Қажымұқан Мұңайтпасұлының туылғанына – 150 жыл
ХХ ғасырдағы қазақ спортын Қажымұқансыз көзге елестету қиын. Қажымұқан – қазақ спортының көшбасы, алаш жұртын, төрткүл дүниеге алғаш танытқан аруақты батыр. Қажымұқан халқымыздың тарихына мәңгілікке тіркелген алып тұлға.
Халқымыз Қажымұқанды «күш атасы» деп тегін атаған жоқ. Қазақ алыбы дүниежүзілік күрес тарихындағы оқшау тұлғаның бірі. Дүниежүзінің чемпионы атағын бірнеше мәрте олжалаған адамның күрес өнерін өркендетуге қосқан үлесін тізбелеп жатудың өзі артық. Ол кезде қазіргідей салмаққа қарап күресу деген жоқ. Қажымұқанның жұмыр жердің бар белдiсiн бет қаратпай жығуы, бір емес, бірнеше мәрте әлем чемпионы атануы қазақтың күрес тағына шығуы емес пе? Қажымұқанға біз осы бір ғажап жеңісі үшін маңгілікке қарыздармыз. Сәкен Сейфуллиннің «Алыбы бұл заманның Қажымұқан. Адамның осы күнгі мықтысы шоң» деген екі ауыз сөзінде алаш жұртының өз алыбын айбын тұтуы, мақтануы, оған жан теңгермеуі тәрізді мәңгі алаулаған сезім жатыр.
Сырбай Мәуленовтің « Дүрілдеп өттің дүние бас балуаны, Ұл тартып туса игі енді өзіңе», деген арманға, мақтанға толы екі жолы қай қазақтың да жан жүйесін алабөтен шымырлататыны даусыз. Күш атасына жыр арнаған ақындар аз болған жоқ, Қадыр Мырзалиевтің:
Тау көтерсең қарың сенің талмапты,
Сондай күшпен ата - бабаң мал бақты.
Саған арнап құйған шойын ескерткіш
Болмас сенен салмакты,- деген жолдарынан Қажымұқанның таудай тұлғасы, бүтін бір бір халықтың бойындағы бауырқанған қайрат, бұла күш айқын аңғарылады.
Қажымұқан жайында қалам тербеген жазушылар, ғалымдар, журналистер аз емес. Қалмақан Әбдірқадыров, Мұратқан Тәнекеев, Әуелбек Қоңыратбаев, Әлімқұл Бүркітбаев, Маркс Қазыкенов секілді азаматтар балуан мұрасын кейінгі ұрпаққа аманат ету мақсатында көп еңбек тындырды.
Күш атасының Темірландағы кесенесінің бой көтеруіне заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің тікелей ықпалы болғанын жақсы білеміз. Осының бәрі Қажымұқанның халқы үшін төккен терінің қайтарымы. Елінің, жерінің мерейін, мәртебесін өсірген біртуар балуанға деген халқының мәңгілік құрметі. Балуанның басына тәуел етуге барған адамның назары бірден кесене қабырғасына ілінген мәрмәр тақтаға түседі. Тақтада Қажымұқанның даңқты жеңіс жолы қысқаша түйінделген.
Чемпиондыққа бастаған даңғыл жол...
Мұқанның кәсіпқой балуандық жолы 1901 жылы Омбыда болып жатқан татардың дәстүрлі «Сабантойында» орыстың атағы жер жарған тәжірибелі, қарт балуаны Андрей Злобинмен кездесуінен басталады. Бұл күресте Мұқанның ғаламат күш иесі екенін түсінген Злобин жас жігітке Петербургтегі бүкіл Ресейге «Ваня ағай» деген атпен танылған Иван Лебедевтің балуандар мектебіне жол нұсқайды. Онда цирк ойындарын көрсетуге машықтанады. 1903 жылдың тамыз айынан 1904 жылдың ақпанына дейін алты ай француз күресін үйренді. Бұл жерде ол орыстың және тағы басқа ұлттардың балуандарымен бірге жаттығады. Олардың ішінде «Чемпиондардың чемпионы» атанған Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Зайкин, Шульц, Миша Боров, Медведев, Осипов, тунистік Мурзук сияқты дүние жүзіне белгілі балуандармен тек жаттығып, күресіп қана қоймай, олармен дос болып та кетеді. Ол көп ұзамай Одессаға барып, Ветлижинский деген кісінің жекеменшік мектебіне түсіп, күрестің басқа түрлерін де үйренеді. Гамбург қаласында да күрес тәжірибесін толықтырады. 1904 жылы Мұқан тұңғыш рет ресми түрде күреске түседі. 1905 жылы наурыз айына дейін созылған осы жарыста орыстың ең мықты балуандарын жеңеді. Иван Поддубныймен тең түсіп, кіші алтын медальді иеленеді. Бабамыз өмірінің соңына дейін Иван Поддубныймен достығын, оның адамгершілігін айтып кеткен екен. Поддубный Қажекеңнен 10 жас үлкен, 16 келідей ауыр болған.
Киевтен кейін Мұқан Қазанға келіп, бірінші бәйгені жеңіп, мың сом алтын ақша мен бір алтын медаль алады. 1905 жылы ол Ресейдің бірсыпыра балуандарымен, соның ішінде Поддубныймен бірге Францияның Кинт қаласына барып, халықаралық жарыста бірінші және екінші жүлдені бөліседі. Бірінші жүлде -1000, екінші жүлде 500 франк екен. Поддубный ақшаны тең бөледі. Бұл жәйт екеуін егіз туған бауырдай жақындастырады.
Көп ұзамай олар Парижге келеді. Сол кезде ХІХ ғасырдың ең күшті балуаны аталып жүрген Пауль Шмидтің бағын шайқалтады. Жылдың аяғына таман Ресейдің атынан Қажекең мен Поддубный Германияда 150 -ге жуық балуан жиналған жарысқа қатысады. Қажекеңнің айтуынша, ағылшын балуаны Пирар Колостың түрі адам шошырлық екен. Дәл осы тұста Поддубный ауырып қалып Қажымұқанның бір өзі күреседі. Жарыстың соңында бірінші орын мен екінші орынды Пирар Колос пен Қажымұқан бөліседі.
Кейін Гамбургтегі бір жарыста Колос Мұқанды жеңе алмайтынын байқап, оны темір қысқашпен ұрып құлатады. Мұқан тоғыз күндей емделіп, қайта белдескенде Колостың аузынан қара қанын ағызады. Колостың жанкүйерлері мылтық атып, оқ балуанның сырт жағында тұрған полиция қызметкеріне тиеді. Цирк басшылары жарықты өшіріп, қараңғыда Мұқанды бой тасалатып жібереді ( Әуелбек Қоңыратбаев. Керуен. 195 - бет. 1989 жыл ).
Мұқан 1905 жылға дейін Париж, Лондон, Варшава, Гамбург, Рим, Прага, Вена, Мадрид, Одесса, Минск, Ялта, Вильнюс сияқты қалаларда жүлделі орындарға ие болды.
1905 жылы Жапонияға барып, джиу- джитсу күресі бойынша Саракики Жиндофиді жеңеді. Даңқты балуанымыз 1906 жылы Берлин қаласында Еуропа чемпионы, неміс балуаны Тон Кеннедиді жеңіп, құрлықта теңдессіз атанған. 1910 жылы Берлинде дүние жүзінің чемпионы Ганс Каунды женіп, әлем чемпионы атағына қол жет кізеді. 1913-1916 жылдары Париж қаласында әлем чемпионы Стурментті жеңген.
Қажымұқан бабамыз – біз үшін мәңгі жадымызда қалар, дара туған сом тұлға. Елін, жерін сүйген, қанша қиыншылық көрсе де мойымаған, қажырлы қайратымен, алапат күшімен, ақыл - парасатымен ел сүйіктісіне айналған батыр бабамыздың елімен, ұлтымен бірге мәңгі жасай берері анық.
Дайындаған: Әбділәшім Ардақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті
Жетекшісі: Ф.Қозыбақова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу
Пікірлер 1
  1. Syrlybek ayzere
    Syrlybek ayzere 11.02.2021 18:23
    0 + 0 -
    ертегілер керек