Барлыбек Сыртанов (1866 - 1914)

 Барлыбек Сыртанов (1866 - 1914)

Барлыбек Сыртанов 1866 жылы Жетісу жерінің Қапал уезінде дүниеге келген. Барлыбектің әкесі өте ақылды, көргенді кісі болған. Барлыбек Сыртанов Верныйдағы ерлер гимназиясына оқуға түседі. 1866 жылы бұл оқу орнын өте жақсы деген бағамен бітіреді. Сыртанов өзінің өте қиын тұрмысына қарамай оқуын жалғастыра береді. Ерлер гемназиясының директоры Д. Новак Барлыбектің білімге деген құштарлығын байқап, оны Жетісу әскери губернаторына өтініш айтып оның білімін Петербургке әрі қарай жалғастыруын сұрайды.

1886 жылы Сыртанов Барлыбек Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Онымен бірге Қазақстанның басқа да жақтарынан оқуға көптеген студенттері оқиды. Олардың ішінде: Оралдық Бақытжан Қаратаев, Қостанайдан Жанша Сейдалин, Көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин, Ақтөбелік Абдолла Теміровтер болды және көптеген студенттер болды.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында айшылық алыс жерден Санкт-Петербург университетіне білім, ғылым, өнер үйренуге барған Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов, Абдолла Теміров сынды бір топ қазақ жастары жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу – мақсат деп «Жерлестер» ұйымын құрды. «Жерлестер» – қазақ тарихындағы ең тұңғыш ұйытқы болған жастар ұйымы. Қазақ қайраткерлері шыңдалған, өмірлік мұраттарын айқындауға септігін тигізген ұйымда олар басқосулар өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып, танымын қалыптастырды. Сонымен бұл ұйым қалай дүниеге келді, заманының ыңғайы қалай болды? деген сұрақтарға жауап берелік.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында тарихи өзгерістер бола бастады. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Қазақ жерінің Ресей құрамына қосылуы патша өкіметінің субъективтік мақсаттары мен мүддесіне сай жұмыс жасады. Қазақ жұртының жігері мүжіле, жері жырымдалып, талан-таражға түсе бастады.

Ұлтының хал ахуалының мүшкілденуі, сайқал саясаттың сырын түсінген Б. Сыртанов, Б. Қаратаев, М. Сердалиндердің көз алдында өтті. Дәл осындай күрделі де аса ауыр жағдайда тарихи сахнаға Санкт-Петербургке оқуға аттанған қазақ жастары шықты.

Барлығын да ел үкілі үмітпен аттандырған еді. М. Тынышбаев ұстазы Б. Сыртанов туралы өзінің естелігінде: «…Сондай қиыншылықта Жетісу деген бір түкпірден қазақ көрмеген я естімеген жерге Барлыбек …жарық дүние көруге, кейінгілерге үлгі болып, жол көрсету үшін жалғыз кетті» дейді. Ал Жетісу облысынан тұңғыш болып Санкт-Петербургке білім алуға аттанып бара жатқан Барлыбек Сыртановты бүкіл ел болып, Құдайы тамақ беріп, Құран оқытып және жиған-тергендерін қолына ұстатып ұзақ сапарға шығарып салады. Осылайша әрбір қазақ баласы ел аманатын арқалап Санкт-Петербургке келген болатын.

Қазақ қоғамындағы қалыптасқан әлеуметтік жағдайлар мен саяси-құқықтық қатынастар қазақ даласының әр түкпірінен Санкт-Петербургке келген қазақ жастарының өзара тізе қосып бірігуіне әкелді, әрі олардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін анықтауға әсер етті. «…Сол кезде Петроградта 2–3-тей-ақ қазақ студент бар еді, қазақ арасынан университетке алғаш кірген солар еді», – деп жазады М. Тынышбаев. Солардың бірі – 1881 жылы Петербург университетінің заң факультетіне қабылданған Бақтыгерей Құлманов. Ол осы факультетте 1884 жылға дейін оқып, әр түрлі себептерге байланысты университеттің шығыс тілдері факультетіне ауысты. 1889 жылы тіл білімінің министрі деген үлкен ғылыми атақпен ойдағыдай бітіріп шықты. Б. Құлманов араб, парсы, түрік және татар тілдерін еркін меңгерген оқымысты қазақтар қатарындағы тұңғыштардың бірі.

Петербург университетінің есігін 1886 жылы бір топ қазақ жастары ашты. Олардың ішінде Көкшетаудан келген Мәмбетәлі Сердалин, Жетісудан – Барлыбек Сыртанов, Оралдан – Бақытжан Қаратаев, Ақтөбеден – Абдолла Теміров сияқты жас жігіттер бар еді. М. Сердалин жаратылыстану факультетіне түсіп, В. И. Лениннің ағасы А. И. Ульяновпен бірге оқыды. Б. Қаратаев пен А. Теміров заң факультетінде оқыды. Барлыбек Сыртанов шығыстану факультетіне түсті. Университет қабырғасында қазақ даласының әр облысынан білім іздеп келген жастар қоян-қолтық араласып, шартарапқа әйгіленген білім ордасынан сусындайды. Осы университет қабырғасынан білім нәрімен қаныға сусындап, сайын даласында азаттық пен өркениет жаршысы болуды көксейді. Бұл мұраттардың бәрін университетте әр ұлттың жастары арасында өзінің бағдарламасы бар, саяси бағыт көздеген «Жерлестер» («Землячества») үйірмесі немесе «Жерлестер одағы» («Союз землячества») деп аталатын астыртын ұйымдардың ішінде жүріп шыңдаған еді. Ұйымның астыртын жұмыс жасауының өзіндік себебі бар. Сол уақыттарда Ресей империясының астанасында 1886–1887 жылдарда студенттер арасында кең қанат жайған революциялық және студенттік қозғалыстар, саяси оқиғалар көп болды. Мәселен, 1887 жылы наурыздың 1-ші жұлдызында Александр ІІІ патшаға қарсы А. Ульянов және басқа революционерлердің жасаған қастандық әрекеттері. Осы оқиғалар студенттердің саяси белсенділігін арттыра берді. Әрине, бұл оқиғалар билікті қатты алаңдатты. Патша өкіметі қатаң тәртіпке көшті. 1886 жылы Ресей университеттерінде 1884 жылы бекітілген жаңа Жарғы енгізілді. Жаңа Жарғының талаптары студенттер мен оқытушы-профессорларға қатал тәртіп енгізіп, университетте дәстүр болып жалғасып келе жатқан демократиялық дәстүрлер қыспаққа алынды. Студенттердің ұйымдар мен үйірмелер құруларына, ақшалай қор ұйымдастыруға, тіпті, жиылып концерт қоюларына қатаң тыйым салынды. Университет басшылары аталмыш әрекеттерге қатыспауға міндеттеме ретінде әрбір студенттен қолхат алып отырған (Б. Сыртановтың осы турасында жазған қолхаты сақталған). Бекітілген тәртіптерге қарсылық білдірген студенттерге Жарғы бойынша сөгіс жариялау, 24 сағаттан 4 аптаға дейін карцерге қамау, университеттен уақытша қуу және оқудан шығару сияқты жазаларды қолдану іс жүзіне асырылды. Демалыстарда еліне қайтатын немесе басқа жерлерге баратын жағдайда да рұқсат сұраған. Абдолла Теміров Торғай облысына қайтпақ болғанда арнайы рұқсат сұрап, өтініш жазған. Сондықтан да студент жастар барлық игі саяси, рухани шараларын астыртын жасауға мәжбүр болғанын байқаймыз.

Соған қарамастан 1880 жылдары Санкт-Петербургтың барлық жоғары оқу орындарында астыртын түрде «Жерлестер» ұйымдары кең қанат жайған болатын. Олардың құрылуының негізгі себебін зерттеуші С. Өзбекұлы жан-жақты тарқатып, ашып өтеді: «бір өлкеден, бір топырақтан шыққан студенттердің қоян-қолтық араласуы және бір-біріне қамқор болуы еді. Алғашында „Жерлестер“ ұйымының мүшелерінің мақсаты бір ұлттан немесе бір өлкеден келген мұқтаж студенттерге материалдық көмек көрсету болған. Бірақ бұл ұйымдардың пісіп-жетілуі барысында алдарына қойған мақсаттары саясатқа ұшырасып кетіп отырды». Бірте-бірте «Жерлестер» үйірмелерінің аясы ұлғая келе көп студенттерді қамтыған «Жерлестер одағына» айналып отырды. Олардың арнайы Жарғылары, мүшелік жарналары болған. 1880 жылдары Санкт–Петербургте студенттер арасында 20-ға жуық «Жерлестер» үйірмелері болған және олардың мүшелігіне 1500-ге тарта студенттер кірген. Атап айтсақ, студенттердің Сібір, Поволжье, Кубань, Дон, Польская касса, Таврия, Новгород, Украина, Грузия, Армения сияқты «Жерлестер» үйірмелері мен одақтары тұрақты түрде қалыптасты.

Сол «Жерлестер» ұйымы қазақ жастары арасында да болған еді. Барлыбек Сыртанов, Мәмбетәлі Сердалин, Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров және шығыстану факультетінде бұлардан бұрын келіп дәріс алып жүрген Бақтыгерей Құлманов сияқты жігіттер «Жерлестер» үйірмесін құрады.

Қазақ жастарының арасынан университетте, әсіресе, М. Сердалин революциялық қозғалыстар мен студенттік жиындарға жиі-жиі қатысып жүрді. 1887 жылдың наурыз айының 1-жұлдызында Александр ІІІ-ге қастандық жасау ісіне белсене қатысқан бір топ студенттер өлім жазасына кесіліп, жүздеген студенттер оқудан шығарылады. «Жерлестер» саяси бағыт алғандықтан ұйымның мүшесі болып, оның жиындарында көрінгені үшін патша өкіметі М. Сердалинді оқудан шығарып, Көкшетауға полицияның бақылауына жіберіледі. Б. Қаратаев, Б. Сыртанов және А. Теміров 1890 жылы университеттің толық курсын ойдағыдай аяқтады. Бұлардың ішінде Б. Қаратаевтың тамаша дарынды қабілетіне патша үкіметінің басшылары да назарын аударып, Сенаттың екінші департаментіне қызметкер болып орналасуына жолдама берді.

Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов – университеттен диссертация дипломмен қоса ғылым кандидаты атағын алып шыққан қазақтың қоғам қайраткері, Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік думасының депутаты, Алаш көсемдерінің бірі. Жетісулық Барлыбек Сыртанов шығыс тілдері факультетін араб, парсы, түрік, татар тілдері негізінде І дәрежелі дипломмен, ырғыздық Абдолла Теміров алтын медальмен, оралдық Бақытжан Қаратаев заң факультетін алтын медальмен тәмамдады. Бұлармен бір жылда түскен көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин саяси көзғарасы үшін қудаланып, университетті бітіре алмағанымен, зиялы, экономист-ғалым ретінде танымал болды.

Әлихан Бөкейханов 1890 жылдары Петербургке барғанда Б. Сыртанов, А. Теміровтердің оқу бітіріп, елге қызмет етуге кіріскен кездері еді дейді. Кейін 1911 жылы жазда Әлихан Бөкейханов Барлыбекпен келелі істерді талқылап болғаннан соң «құшақтасып, сүйісіп айрылысқан едік» деп жазады «Қазақ» газетіне. Енді «Жерлестерден» қанатын қағып ұшқан қазақ жастары ойы, көзғарастары ХХ ғасырдың басындағы Алаш идеясына ұласып кетті.

«Жерлестердің» салған сара жолының арқасында Санкт-Петербургте оқығандар көп болды. Санкт-Петербург ақмешіттік С. Лапинді, семейлік Д. Сұлтанғазинді (Шоқанның немере інісі), оралдық Ә. Ниязовты, қарқаралылық Ә. Бөкейхановты және т. б. атауға болады.

Қорыта келгенде, бостандық жолындағы сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалыстың бір көрінісін Ресей астанасының қақ төрінде тұлғаларымыз «Жерлестер» ұйымының аясында көрсетті. Кейін елге оралып, өз істерін жалғастырды. Бұл ұйым мемлекеттік деңгейдегі идеялардың қайнар көзі болғаны даусыз.

Кейіннен Барлыбек Сыртанов бастаған бұл ұйымның жұмысы «Алаш» партиясына көп көмек берді.

Барлыбек Сыртанов 1914 жылы 26 қараша айында кенеттен өкпе ауруынан қайтыс болып, оны Қапал жеріне апарып жерлейді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру