Ақындықтың құлагері атанған - Ілияс Жансүгіровтың өмір баяны және шығармашылығы жайлы!


    Ілияс Жансүгіров - қазақ ақыны, қазақ әдебиетінің классигі. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші төрағасы. Ресей Коммунистік партиясының (большевиктер)  мүшесі, коммунист.

    Ілияс Жансүгіров-ақын,қоғам қайраткері 1894 жылы 5 мамырда Алматы облысы, Ақсу ауданыңда дүниеге келген. Анасынан ерте айрылған Ілияс Жансүгіров, сауатты, он саусағынан өнер тамған әкесінен тәрбие көріп өседі. Алғашқыда әкесі мен ауыл молдасынан сауатын ашып, кейіннен Қарағаш ауылының Жәдитше бастауыш мектебін бітіреді. 1912 жылы «Мамания» мектебіне түсіп, төрт жарым ай оқу оқып, түрлі себептерге байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады. Бұдан кейін болашақ ақын өмірінің біраз уақыты ауылда өтеді. 1919 жылы  Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түсіп, оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы Алматыдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады. 1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түседі. Мәскеудегі оқуы біткен соң 1928 жылы Ілияс Қызылордаға көшіп барды. Қызылордада ол Сәдуақас Оспановпен достасып, үйінде біраз уақыт өткізіп, өзінің болашақ әйелі, Фатима Төребаевамен танысады. Кейін «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. 1930 жылы 21 ақпанда Саят атты баласы дүниеге келеді. Артынан бірден Сайра атты қызы дүниеге келеді. Сайра 6 айда болған кезде, Фатима Мәскеуге оқуға кетіп, анасы жоқта Сайра жазым болды. Саяттың айтуы бойыншы, бұл анасының басты қателігі. Осы оқиғадан соң екеуінің арасы суып, ажырасып кетеді. Кейін Ілияс Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар, Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысады. Бұрынғы ҚазАПП таратылған соң 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланып, 1934 жылы өткен 1-съезге дейін қызмет істейді. Съезде Қазақстан жазушылар одағының алғашқы төрағасы болып сайланды.

      Қолынан қаламын тастамаған Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын, көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады.  Шығармаларының ішіндегі көлемдісі - «Жолдастар» романы. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесіледі.

       Қазіргі танда елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың  есімі берілді. 1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істеуде.

     

Автор-Талғатқызы Айман Абылай хан атындағы ҚазҚӘТУ менеджмент және халық аралық қатынастар факультетінің журналистика мамандығының 1-курс студенті


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу