Ғабит Мүсірепов

 Ғабит Мүсірепов

Үлкен орын кiшкентай адамдарды кiшiрейтiп жiбередi, үлкен адамды үлкейте түседi.

Әркезде қоғам тiршiлiгi өнiмсiздiкке ұшырап, iштей жұтай бастағанда заман әуенiне қарай не дiнге, не саясатқа қамшы басады.

Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы.

Адамға адам, сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады.

Біз жиылсақ — көппіз, жайылсақ — жоқпыз.

Құрмет құрметті адамға ғана жарасады.

Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе.

Оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі жоқ ұлдың, кер кеткен кыздың белгісі.

Біз XV ғасырда «қазақ» деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол, конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба!

Менің тірлігім – үмітімде. Үмітім өз қолымда емес.

Қазір маған аттың орнына космос кемесін бейнеле десе, мен соны жаза алмас едім.

Ескірген еңбекті жұрттан бұрын жазушының өзі сезуге тиіс.

Қазақ деген ел — бостандық-азаттық сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық.

Біз жарты ғасыр бойында бастық не айтса, соны мақұлдап келеміз. Осының өзі ойлану-ойлау дегенді өсіру орнына өшіре бермес пе екен? Әй, солай ететін болар...

Қазақ елі – өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел.

Адам ойының портретін жүзінен көруге болады.

Ақын заман: бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі – бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік.

Кездейсоқтықтың да себебі болады.

Жазушы еңбегі, түптеп келгенде, санмен емес, сапамен өлшенеді.

Шығарма тек қана мазмұн, тек қана түр емес.

Кейде ақынның балалығына таңғаларсың, кейде ақынның даналығына таңғаларсың.

Түсінбей аудару, түсінбейтін етіп аудару деген болады.

Данышпандықты танып, білген де - данышпан.

Үлкен өнердің - үлкен, таза мінезі болуға керек.

Есті сөзді естігісі келмеген адам – саңырауға тең.

Әйелдің естілігі жеңсе - сұлулығы да арта түседі.

Шала білім, шалағай мәдениет бір құлатпай қоймайды.

Тек жамандық пен жәбірді жинай берген адам жазушы бола алмайды.

Ақын – қыран: қияға да қонады, ақын – адам: далаға да қонады.

Жаманның аузына жұртта қалған сөз түседі.

Өлең өндірісін қойып, шын мәнінде поэзия жаз дер едім.

Көркем сөздің сұлулығы: сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын!

Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз.

Көзбен де қамшылауға болады.

Ақын жүрегіне кек тұрмайды. Кек тұрса, қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек – тот басқан асыл. Енді одан берекелі үн шықпайды.

Ақын жаны оңай жараланады, оңай жазылады.

Қызық емес пе, көзіңе көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін ән мен өлең ғасырлар бойы ел ойында қордалана беріпті, оята беріпті, сергіте беріпті.

Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер.

Талантқа қанат болар сезім емес, сенім болуы керек.

Көз көргенді ой таниды.

Көркем әдебиет деген – ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдірет болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ.

Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шындығында.

Көркем сөз суықта да өседі, ыстықта да өседі, күндіз де өседі, түнде де өседі. Тек ақ мамық төсекте өспейді, әлпештеген алақанда өспейді. Сынсыз өспейді, талас-тартыссыз өспейді.

Көркем сөзі бар болғырдың өзін орақпен орып, күрекпен күреп ала алмайсың: оны бір-бірлеп тересің, бір-бірлеп тізесің!

Ойсыз сөзде көркемдік те жоқ.

Көркем сөз - жанның сәулесі.

Ана алдында өлім де мойын ұсынады.

Бүгінгі жастарды ең болмаса қазақ халқының "тура биде туған жоқ" деген даналығының рухында тәрбиелейік.

Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады.Оған жету үшін талмай ізденіңдер!»- дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады.

Балғын шақтың өз сұлулығы бар, өз қызуы, ұшқырлығы бар.

Жастықтың бойынан парықсыз паңдық емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы.

Қазақ қызы ұзатылғанша негізінде екі-ақ түрлі жұмыс істейді: көлден су әкеледі, шай құяды. Жұмыстың басқа түріне қайын ененің қолында жаттығады.

Қазақ елі - өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел.

Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды.

Тіл жеткізбесті ән жеткізері де бар.

Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантамын деп қуартады, келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады.

Әке-шешенің өтірігі бала жүрегін суындыра береді. Бір кезде ол өтірікті бала да айтады.

Қорқақтық, ездік, аяншақтық, көнбістік — құлдықтың ең жаман түрі.

Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады.

Еңбек бізге атақ, даңқ әперетін ерлік мағынасын тапты.

Өз мініңді көруден, басқаның мінін көру оңай.

Асылы, адам - өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді.

Әр адамның өмірінде ұзақ күн, ұзақ түндері болады. Қысқа күн, қысқа түндері де болады.

Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы.

Саясат пердесін жамылғанымен саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді.

Қазақ әйелін "жан жолдасым" дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой.

Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім.

Әйел біткеннің бәрі де өздерінен сұлуырақ көрінген әйелге жау келеді.

Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді.

Байлықты малдан емес, адамнан іздеген жөн болмақ.

Байға - мал қымбат, кедейге - жан қымбат.

Байлыққа қосар үлесің болмаса, байлықтан алар үлесің де жоқ.

Бардың жұпыны киінгені де, жоқтың барша киінгені де белгілі болып тұрады.

Болған шақтың өз сұлулығы бар, өз қызуы ұшқырлығы бар.

Сұлулық, әдептілік, білімділік, сезімділік, ерлік, даналық - бәрі де жеке адамның меншігінде емес, ең алдымен, елдің, халыктың еншісі.

Қазақ деген ел - бостандық-азаттық сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық.

Ұшқыр ой, ізденгіш ой, тапқыр ой - ол бір адам. Құр кеуде, жұрттан көргенді өзімдікі дейтін, басқаның ойын иемденіп, іске асырарда көз шығарып, бас жаратын - бұл екінші адам.

Шеше мінезінен сезік алса, бала жүрегі суына береді, қатулана береді.

Оқу-білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек.

Адалдық: өзі алданса алданар, өзі ешкімді алдамас.

Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін өзінде күйе болу керек.

Махаббат, достық, бауырмалдық - адамның ең бір асыл қасиеттері.

Ақын бойына адамгершілік қана жарасады. Екеуінің біріне ақау түссе - алдымен ақындық өледі.

Адам ұят, ар, мейірім, әділдік, алдамау деген қасиеттерінен айырыла бастағалы екінші ғасыр. Оның орнына жауыздық, ашқарақтық, озбырлық, опасыздық, кісі өлтіру сияқты көне қалыптағы тағылық жаңа өнерлі түрін тауып, өрлеп барады.

Мінез: от басында күл шашып, күпілдеген көпірме.

Паңдық, надандық, тәкапарлық, асқақтық не айтқызбайды.

Мінездің сиқы: екі аяғы есерлік, ессіздік дейтін екі баспалдақта тұрған адам сияқты екен.

Жаманға оқ өтсе де - сөз өтпейді.

Әйел шынымен жылап алса, ажарланып кетеді.

Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе - қасиет, Еркек қырыққа келгенше есі кірмесе - қасірет.

Тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы керек.

Тіл- салақ сөйлегеннен бұзылады.

Кейбір ғалымдардың бастары толы ми, ми толы ақыл. Әттең, со ақылды айта алар тіл жоқ.

Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің біріне көңіл аудармау - үлкен қылмыс. Этика, эстетика дегендердің тым нәзік сырларын әр халық өз тілінде ғана еркін түсінсе керек.

Ақылды адамға ең ауыр жаза - мақтай беру, мақтай беру

Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тезірек еселеп қайтаруға тырысады...

Тойған қарын ойға бөгет бола береді...

Мен бүгін шешуге болатын мәселені ертеңге қалдырғанды ұнатпаймын...

Адам рухы айналасынан бөлек жасай алмайды...

Біз әйелді әйел сыңайынан таныған елміз.

Кедейге кепесінің төбесіне шығып тұруы да үлкен мақтаныш.

Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек...

Дала қызының назданған еркелігінде мұң да бар, жігер де бар, жалынышы мен жалыны да бар. Жан тазалығы, саудаға салмас ар-ұят тазалығы да бар. Сондай қолтума өнерінен кіршіксіз ләззат ала аласың...

Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бірге кездессе, бірін-бірі жасырыңқырап тұрады, ашықтық пен абайсыздық бірге кездессе, бірін-бірі асырыңқырап тұрады.

Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім

Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.

Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру