Ш. Мұртаза «Бесеудің хаты» драмасы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, қосымша материал. 2 сабақ.
Тапсырма:
Мақсаты – шығарма мазмұнымен танысу.
Үзіндіні рөлде ойнап, сынып алдында сахналаңыздар.
Бірінші сурет
Голощекин (креслодан ұмтыла түрегеліп). Жолдастар! Жау шапқандай, түн ішінде неге бюро шақырды деп ренжімеңіздер. Ал жалпы, жау шапты десе де болғандай. (Үстел үстіндегі қағазды, улы жыланның құйрығынан ұстағандай салбыратып, қос саусағымен шетінен ғана абайлап қармап, даусы қырылдап, Міне – жау!
Үстел басындағылар «О не сұмдық?» дегендей үркектеп, үрпиісе қалады. Тек Голощекиннің оң қол жағын ала отырған Құрамысов қана «Мен білемін» дегендей, домаланған дөңбек денесі қозғалақтап, күлімдеп қалады.
Құрамысов (жағымпаздана). Жаудан да жаман, Филипп Исаевич. «Бұқпадан шыққан жау жаман, бүйірден шыққан дау жаман».
Голощекин (риза болғандай). Iзмұқан дұрыс айтады. (Құрамысов «көрдіңдер ме» дегендей жан-жағына қоқилана қарап қалады.) Іштен шыққан жау жаман. Қаскөйлер өз ішімізден шығып отыр.
Үстел басындағылар: «Сонда – қайсымыз?» дегендей бір-біріне күдіктене қарасады.
Исаев. Ол не, Филипп Исаевич? Зәремізді алмай, айтсаңызшы.
Голощекин. (оған жақтырмай қарағанда дөңес линзалы шыныдан көзі шатынап көрініп).Неге сенің зәрең ұша қалды, а? Сенің бүйрегің бұрып тұрмаушы ма еді, әне біреу жазушысымаққа! А?!
Исаев (сабырмен). Құдай үшін, айтсаңызшы, не тұспалдап тұрғаныңыз? Біз өзі өрт сөндіретіндей неге асығыс жиналдық? Не талқыламақпыз? Жазушысымақ кім?
Голощекин. Иә! Иә! Өрт сөндіреміз! Өрт! Өрт!
Елеусіз (жан-жағына, төбеге алақ-жұлақ қарап). Қайдағы өрт?
Голощекин (сәл сабасына түсіп). Иә, шынында да әңгімені басынан бастайық. (Қос саусағымен қағазды шетінен көтерген күйі). Қаралатын мәселе біреу: «Бесеудің хаты».
Голощекин соңғы сөздерді шыңғыра айтқанда, содан шошып кеткендей шамдал оты шайқалақтап барып, жалп етіп сөнеді де қалады.
Екінші сурет
Крайком. Сол бұрынғы көрініс. Тек Голощекин түрегеліп, ары-бері теңселіп жүр. Қолы дірілдеп графиннен су кұйып ішпек болады. Стақанын аузына апара беріп, ішпестен қайтадан қоя салады. Бюро мүшелеріне сүзіле қарайды.
Голощекин. Енді түсіндіңдер ғой жаудың қайдан шыққанын? (Әркімнің бетіне сынап қарайды. Кейбіреулер бас изейді.) Ал бұған қандай шара бар?
Құрамысов (қозғалақтап). Бұл хаттан оңшыл оппортунистердің иісі аңқып тұр. Партиялық жолмен жазалау керек.
Голощекин (сақалы селкілдеп, ұзын саусақтарын ербеңдетіп). Алашорданың иісі аңқып тұр десеңші? Ай-ай, қандай улы жыланды қойнымызға салып отырғанбыз! Ақыры шақты міне! Осы жазушысымақты Крайкомның аппаратына алдырған сен емес пе едің? (Құрамысовқа шүйіледі). (Сәл саябырлап). Сонымен, бірауызды болайық. Бесеуін де партиядан аластау керек. Алашордашылармен қаншалықты қатынасы барын ОГПУ анықтасын.
Иванов. Филипп Исаевич, дегенмен тым қатты кетпейік. Бұл бесеудің жазып отырғаны, бір жағынан, шындық та ғой. Одан да хаттағы жайттарды кәперге алып, елге жағдай қарастырайық та.
Голощекин (талып қалғандай көзін алайтып, қолын жайып). Міне, тағы бір «қайырымды» басшы шыға келді. Сонда немене, кім жаман – Голощекин жаман, ә?! Сен ғой жақсы көрініп шыға келмекшісің ә?! Мүмкін, Голощекиннің орнына отырарсың ә?!
Иванов (қабынып). Не деп кеттіңіз, Филипп Исаевич? Құдай үшін, қиянат жасамаңыз!
Голощекин (қыбы қанғандай). Ә, қиянат Киянаттың көкесі міне! (Хатты сілкілейді.) Құрамысов! (Құрамысов селк ете қалады.) Саған ерекше тапсырма: бұл басбұзар ұлтшылдар мұндай хатты Мәскеуге де жолдауы мүмкін. Поштаға, телеграфқа мұқият бол, бұл сипаттағы бірде-бір қағаз Мәскеуге жіберілмесін. Тікелей бақылауға ал!
Құрамысов. Құп болады, Филипп Исаевич! Мен... қазір. (Шығып кетеді.)
Иванов. Егер бұл хат жала болса, Мәскеуге жөнелтілгенінен несіне қорқамыз?
Голощекин. (шоқ басқандай ұшып тұрып). Қорқып отырған ешкім жоқ, Иванов! Голощекин ешкімнен де қорықпайды. Голощекиннің іс-әрекетін Сталин жолдастың өзі жүз пайыз құптайды!
Иванов (ығыңқырап). Онда еркіңіз білсін.
Голощекин (қоқиланып, қоңырауды басып-басып қалады. Көмекші кіреді). Келді ме әлгі маңғаз жазушы?
Көмекші. Келді.
Үшінші сурет
Сол бұрынғы кабинет. Тек отырғандар сіресе қалған. Голощекин – креслода. Әлдеқалай қобалжулы. Саусақтары дірілдеп, графиннен су құйып ішпек болады. Бірақ иіскеп, ішпей қоя салады. Мүсірепов кіреді.
Голощекин. Кел, жазушы... (Мүсірепов сыпайы бас изеп амандасады.) Сені ғой біз Крайкомға жауапты қызметке алдық. Не үшін?
Мүсірепов. Оны өздеріңіз білсеңіздер керек еді. Мені Крайкомға кызметке алыңдар деп мен арыз бермеген сияқтымын.
Голощекин (бюро мүшелеріне, шағынғандай). Көрдіңдер ме? Қалай-қалай кердеңдейді.
Кұрамысов. Жолдас Мүсірепов! Сіз Крайкомның бюросында тұрғаныңызды білесіз бе?
Мүсірепов. Тойға келмегенімді сеземін. Бірақ Крайком бюросы Голгоф емес қой деп ойлаймын.
Голощекин (қуанып кеткендей, Мүсіреповке).Рас-ау, сонда сен өзіңді Иисус Христосқа балап тұрсың ба?
Мүсірепов. Жоқ, жолдас Голощекин. Мен коммунист, жазушы Мүсіреповпын.
Құрамысов. Онда неге қайдағы Голгофты еске алып тұрсыз?
Мүсірепов. Жолдас Ізмұқан, мен – Христос емеспін, бюро – Голгоф емес. Голощекин жолдас – Понтий Пилат болмас, Сіз – Синедрион болмассыз. Онан да мәселені түсіндіріңіз. Мені неге шақырдыңыз?
Голощекин. Сен өйтіп көлгірсіме, жазушы. Білмей тұрған шығарсың. Хатты ұйымдастырған сен ғой?
Мүсірепов. Мейлі, мен-ақ болайын.
Голощекин. Міне, нағыз Иисус! Өзін құрбандыққа дайындап тұр.
Мүсірепов. Неге құрбан болуға тиіспін? Шындықты айтып, бюроға ашықтан-ашық мәселе қойғаным үшін бе?
Голощекин (шыңғырып). Қайдағы шындық?! Халық, мал-жан жаппай қырылып жатыр деген шындық па?! Жала! Жала! Жала!
Құрамысов (килігіп). Жала арқылы халықты Крайкомға қарсы қою. Бұл – провокация!
Елеусіз (дөңгелек сақалын уыстап).Ғабит шырағым, оның қалай?
Мүсірепов (торыққандай). Елаға, сіз де түк көрмей қалдыңыз ба? Бір үзім нан сұрап, кеңсеңіздің алдында сұлап жатқандардың үстінен аттап-бұттап өткеніңіз де есіңізден шыққан ба?
Голощекин. Олар жалқау оңбағандар! Жұмыс істегісі келмей, ыңырсып жатқандарды кеңсенің алдынан мен де көрдім.
Мүсірепов (ызалана). Оларға: «Бездельники! Работать надо!» – деп, бастарынан теуіп-теуіп кеткеніңізді мен де көрдім.
Голощекин. Жалқау оңбағандарды маңдайынан сипауым керек пе сеніңше? Аяғыма оралды, аяғымды ажыратып алғаным рас. Тепті дегенің - тағы жала.
Елеусіз (жаны ашығандай). Ғабит шырағым, «Төремен тіреспе, күштімен күреспе» демеуші ме еді, неғыласың қарсыласып...
Голощекин. (Мүсіреповке қолын шошайтып). Экспертиза хаттың үш дана басылғанын анықтады. Қалған екі данасы қайда?
Мүсірепов. Біреуі Сталин жолдасқа жіберілген.
Голощекин. (шиқылдап күліп). Сен шынында да Иисуссың! Иисус Христос өзін құдайдың ұлымын деп жариялаған ғой. Ал сен Сталин жолдаспен тікелей хат жазыспақ болғансың. Бірақ хатың Сталинге жеткен жоқ. Хат ұсталды.
Мүсірепов. Әлгі кеңес поштасының азамат құпиясын сақтайтыны қайда?
Голощекин. Құпия сақтағышын. Поштаның Крайкомнан жасыратын құпиясы жоқ. Ал хаттың үшінші данасы қайда?
Мүсірепов. (тура қарап). Жоқ. Жыртып тастадық.
Голощекин. Сен жалақор ғана емес, өрі өтірікші екенсің ғой. (Қоңырауды басып қалып, көмекшіге). Шақыр Қарабаевты!
Карабаев кіреді.
Голощекин. Міне авторлардың біреуі. Бұлар о басында алтау болған. Мүсірепов, Гатауллин, Алтынбеков, Қуанышев, Дәулетқалиев және Қарабаев. Бірақ Қарабаев өз қатесін түсініп, соңғы сәтте қол қоюдан бас тартқан. Және о бастағы ниеті үшін бізден кешірім сұрады. (Қарабаевқа.) Қарабаев жолдас, хаттың үшінші данасы қайда?
Қарабаев.(қызарақтап, жан-жағына алақ-жұлақ қарап). Үшіншісі – РСФСР Совнаркомына, Тұрар Рысқұлов жолдасқа жіберілмек болған. Бірақ жіберген-жібермегенін білмеймін. Мен... мен топтан шықтым ғой...
Голощекин. Естідің бе, жазушы? Енді есіңе түсті ме?
Мүсірепов. (Қарабаевқа жиіркене қарап). Иуда!!!
Голощекин.Сталин жолдасқа қолы жетпеген бейшаралардың ендігі тапқаны – Рысқұлов.
Жантоқов. Рысқұлов – пантюркист!
Иванов. Жолдастар! (Сағатына қарап). Түнгі сағат бір болды. Нақты мәселеден ауытқып барамыз.
Голощекин. Кателесесіз, Иванов. Нақты мәселеге енді келдік. Бүліктің бастауы қайда жатқанын білдіңіз бе? Анықталды ғой. Бәленің бәрі Рысқұловтан. Алыста жатып Мүсіреповтердің қолымен от көсейді. Бұл бүлікке Рысқұлов араласқан екен ғой. Міне, бұл – шатақ! Шатақ!
Жантоқов. Рысқұлов – пантюркист! (Орнынан ұшып тұрып.) Рысқұлов – пантюркист! Мүсірепов – ұлтшыл! Ұлтшыл! (Қалш-қалш етіп, қолы ербеңдеп, көзі аларып, құлап бара жатып.) Пантюркист! Пан-тюр-кист! ұлт-шыл! Ұлт...
Голощекин. Шатақ! Шатақ! Рыскұлов шатақ!
Төртінші сурет
Сағат түнгі екіні соғады. Крайкомның шамы әлі сөнбейді. Бюро әлі бітпейді. Голощекин графиннен стақанға су кұяды, аузына апара беріп, стақанды қоя салады.
Голощекин. Республикаға, Казкрайкомға, оның басшылығына жала жапқаны үшін Мүсірепов, Алтынбеков, Гатауллин, Қуанышев, Дәулетқалиев партиядан шығарылсын. Істері сотқа берілсін! Менің ұсынысым осы.
Иванов. Жолдастар! Хат иелері жас коммунистер екен. Жастыққа қателесу тән. Сондықтан, Филипп Исаевич, оларды бірден партиядан шығару керек дегенге мен келісе алмаймын. Ескертумен тынайық.
Голощекин (орнынан атып тұрып). Жоқ! Жоқ! Бұл жастықпен қателесу емес. Бәлеқорлық, жалақорлык. Бұл керек болса (саусағын аспанға шошайтады), ұлтшылдықтың бас көтеруі. Біз ұлтшыл уклонистерді жойдық деп мәз болып жүрміз. Ұлтшыл уклонистер: Рысқұловты, Ходжановты, Меңдешевті, Нұрмақовты, Садуақасовты арамыздан аластадық, республикадан қудық деп ерте масайрағанбыз. (Су ішпек болып, стақанды аузына апара беріп, жиіркенгендей қоя салады). Сөйтсек, олардың құйыршықтары бар екен. (Мүсірепов жаққа саусағын шошайтып). Мәскеудегі Рысқұловпен, тағы басқалармен байланыс жасап тұрады екен. Тек қатал жаза!
Иванов (шарасыздана қолын жайып). Жат пиғыл жоқ қой, жан ашыған пікірі үшін қалай жазалаймыз?
Голощекин. Мен өз ұсынысымнан, өз талабымнан қайтпаймын. (Суды ала беріп, аузына тақап, одан бетер ашуланып, үстелге стақанды тарс еткізіп қоя салып). Қайтпаймын! Қайтпаймын!
Исаев. Менде бір ұсыныс бар. Бұл бесеу кінәлі, әрине. Бірақ Филипп Исаевич, сіз айтқандай, жат пиғыл бар ма бұларда? Жоқ ау деймін. Әлі де сынайық. Олар аштық туралы, асыра сілтеу туралы жазған екен. Сол кемшілікті түзесін, бар болса. Жіберейік жер-жерге, көрсін, түзесін. Ал бәрі бекер болса, сонда жазалайық.
Голощекин (шоқ басқандай шошып түсіп). Сен де солай сайрадың ба, Ораз Жанұзақович?! Мәскеуді барып паналаған национал-уклонистердің арандатуымен бес бұзық Крайкомға жала жабады. Ал сен де оларды қорғайсың!
Исаев (күмілжіңкіреп). Олардың хатын мүлде жала деуге келер ме екен?..
Голощекин (екі қолы ербеңдеп). Жала! Жала! Біз Октябрь революциясының дауылы тек жанап қана өткен Қазақстанда «Кіші Октябрь» орнатып, сол арқылы дауыл тұрғызып жатырмыз. (Қолымен дауылды суреттейді.) Дауыл ескі дүниені қоқыстан тазартады! (Кеудесін ұрып.) Біз Қазақстанда жаңа тарихтың жасампаздарымыз! Дауыл! Дауыл! Жаңа тарих. Түсінесіңдер ме? Ал мұндайда кейбір шығын болуы диалектикалық заңдылық!
Мүсірепов (басын тәуекелге тіккендей қатуланып). Диалектикада халық жаппай қырылсын деген заң жоқ!
Голощекин (шыңғырып). Сен, шала сауатты азиат, диалектикадан не білесің?
Мүсірепов (сазара, саспай). Мен білетін маркстік диалектикада ондай сойқан жоқ. Сіздің айтып тұрғаныңыз Римнің баяғы императорлары Нерон мен Калигуланың «диалектикасы».
Зал тына қалады. Әлгіде ғана оны жақтап тұрған Иванов та басын шайқап, ернін тістейді. Әлгі сөздерден түк түсінбеген Елеусіз жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды.
Құрамысов (Голощекинге қарап.) Бұл шектен шыққандық. Қайдағы Нерон? Қайдағы Калигула?
Мүсірепов (шегінерге жері қалмай).Біздің заманымыздың шырқау басында Римді Нерон деген император билепті. Халқын аштыққа ұшыратып, «Ешкімде ештеңе қалмасын!» деп жарлық шығарыпты. Римді әдейі өртетіп жіберіп, өзі Меценат мұнарасына шығып алып, өртке қарап тұрып, «Троянның күйреуі» деген әнді айтқан.
Голощекин (мүләйімсіп). Ал Калигула не істепті?
Мүсірепов. Жақсы көрген арғымақ атын консул сайлатып, (Елеусіз жаққа еріксіз қарап) мәжілісте консулдармен бірге отырғызған көрінеді.
Голощекин (Құрамысов оспағының оспадарсыз шыққанын сезіп, қабағын шытып). Жә, қайдағы бір сандырақты әкеліп өзімізге таңа бермейік.
Иванов. Міне, мұныңыз жөн, Филипп Исаевич. «Бесеудің хаты» талқыланып, ілтипатқа алынды дейік. Хаттың авторлары қазіргі күрделі жағдайды жөндеуге септігін тигізу үшін жер-жерге іссапарға жіберілсін дейік. Осындай шешімге келіп, осымен тарайық.
Голощекин. Либералдар! Келісімпаздар! (Булығып). Бұл, бұл, бұл...
Дәл осы кезде Крайком терезесінің алды жарқ-жұрқ етіп, орасан найзағай ойнап өтеді де, артынша аспан қақ айырылып жерге түскендей болып, күңірене күн күркіреп қоя береді. Төбедегі шамдалдар теңселіп, шылдыр-шылдыр етеді.
Бесінші сурет
Түн ортасы ауған шақ. Сол бұрынғы кабинет. Бюро жалғасып жатыр. Елеусіз қалғып отыр. Тек Голощекин қатты сөйлеген кезде көзі бағжаң етіп, басын көтеріп алады. Басқалар да қажып, ұнжырғасы түсе бастаған.
Голощекин (әлгі бір қорқақтығын ақтағысы келгендей, жорта жайдарыланып). Сонымен, күн күркіреді, найзағай тарсылдады. Енді біздің әңгімеміз де мына ауа райы сияқты сабасына түсетін шығар. Кәне, Мүсірепов жолдас, мына бізге жөндеп түсіндіріңізші: ел қырылып жатыр, мал қырылып жатыр дегенді қайдан алдыңдар?
Мүсірепов (сабырмен). Жолдас Голощекин, өзіңіз білесіз, мен Крайкомның іссапарымен, ұжымдастыру науқаны қалай өтіп жатқанын бақылау мақсатымен Павлодар жақта болып қайттым. Одан кейін Торғайды араладым. Бәрі де сонда көргендерім. Ойдан қосылған ешнәрсе жоқ.
Голощекин (қуақыланып). Кәне, айта ғой, жазушысың ғой, біз көз алдымызға елестететіндей етіп айтшы.
Мүсірепов. Мен айтсам, жазушы ретінде емес, Крайкомның өкілі ретінде ресми айтамын. Әйтпесе жазушы әсірелеп тұр деуіңіз мүмкін.
Голощекин. Оныңа да келістік.
Мүсірепов. Жолдас Голощекин, мұндайды, асылы, көзбен көрген дұрыс болар.
Голощекин (лезде ашу шақырып). Жә, ақыл үйретпе. Кабинетшілсің демекшісің ғой. Көрер ем, менің орнымда болсаң...
Мүсірепов (шатынаңқырап тұрып, сабыр сақтап). Ендеше, тыңдаңыз да... көріңіз...
Алтыншы сурет
Жарық кабинетке түседі. Бюро мүшелері қалжыраған түрі бар. Елеусіз басы төсіне домалап, қор ете қалады. Құрамысов бүйірінен түртіп кеп жібереді. Голощекин тесірейіп қарайды.
Голощекин. Естідіңдер ғой мына жазушының не айтқанын?
Дауыстар. Естідік, естідік.
Елеусіз (апалақтап). Естідік.
Голощекин. Естісеңдер, осының осы айтып тұрғанына сенесіңдер ме?
Елеусіз (жан-жағына қарап). Сенеміз.
Голощекин (ашуланып). Қалайша сенесіз?
Елеусіз (апалақтап). Е, қайдан білейін, жаңа біреу өлең айтты ғой. Демек жағдайлары жаман емес те. Аш адам өлең айтушы ма еді?
Голощекин (күйініп кеткендей). Міне, біздің ел басқарып отырған көсемнің түрін қара!
Иванов (мырс етіп). Басқартып қойған кім?
Голощекин (шап ете қалып). Мен! Мен! Мен! Сол ғой айтпағың? Пролетариат диктатурасы. Ал Елеусіз жолдас жұмысшыдан өсті.
Иванов. Өсуіне қарсылық жоқ. Өзіңіз емес пе, «көсемнің түрін қара» деп місе тұтпай тұрған.
Исаев. Жолдастар! Негізгі әңгімеден ауытқып кеттік. Меніңше, Мүсірепов жолдас сөзін әлі аяқтаған жоқ. Тыңдайық.
Голощекин (ықылассыз). Ал,тыңдайық...
Жетінші сурет
Сол баяғы кабинет, Таң бозарып келеді. Үстел басында – бюро мүшелері, үстел қасында түрегеп тізіліп тұрған бесеу – Мүсірепов, Ғатауллин, Алтынбеков, Қуанышев, Дәулетқалиев.
Голощекин (орнынан атыла түрегеп). Сайрадың, сандуғаш. Сайрамасаң – жазушы боласың ба! Бірақ бәрі - жала. Қазақстанда болып жатқан ұлы революциялық өзгерістерге, «кіші октябрьге» жабылған жала. Революция құрбандықсыз болмайды. Ұлы француз революциясын алып қара. Сен оны білесің бе?
Мүсірепов (қасқая). Білемін.
Голощекин. Білсең – Франциядағы ұлы революцияға қарсы Вандей көтерілісі болған. Революция Вандейді қанға бөктірген. Біздегі Вандей – Қазақстан! Ұжымдастыруға қарсылық – Кеңес өкіметіне қарсылық. Ол қарсылықты жою –құрбандықсыз болмайды.
Мүсірепов. Қателесесіз, қарт марксшіл! Вандей – монархияны көксеген. Қазақ, яғни Созақ, Шұбартау, Шыңғыстау, Адай, Торғай наразылық білдірсе, Кеңес өкіметіне қарсы емес, Голощекинге, голощекиншілдерге қарсы наразылық білдіріп жатыр.
Голощекин. Жала! Менің саясатымды Сталиннің өзі қолдап отыр. Маған қарсы келу – Сталинге қарсы келу. Сондықтан Сталинге жала жапқан мына бесеуің де атыласыңдар!
Сегізінші сурет
Бюро. Түрегеп тұрған бесеу: Мүсірепов, Ғатауллин, Алтынбеков, Қуанышев, Дәулетқалиев.
Голощекин. Атыласыңдар! Бесеуің де атыласыңдар!
Құрамысов. Атылады! Сотқа беру керек!
Жантоқов. Бәрі де пантюркистер. Атылсын!
Исаев. Сабыр етіңдер.
Иванов. Инквизиция болмасын. Социализм – инквизиция емес. Орта ғасырларға қайта оралмайық.
Голошекин. Сандырақ! Социализмнің қас жауларына аяушылық болмайды.
Құрамысов. Партиядан шығарып, сотқа беру керек.
Жантоқов. Атылсын!
Голощекин (Мүсіреповке) Не амал, сені ажалға қимай-ақ қоюға болар еді. Бірақ сен түзелмейсің. Саяси бүкір адамсың. Ал бүкірді тек мола түзейді.
Мүсірепов (тіп-тік, шалқақтап). Ал сіз саяси авантюрист адамсыз. «Кіші Октябрь», «Асыра сілтеу» – бәрі авантюра!
Елеусіз (аяғандай). Қарағым, Ғабит-ай, тым тіресе бермесеңші...
Мүсірепов (Елеусізге қарап). Атам қазақ айтқан: «Шалқайғанға – шалқай, пайғамбардың ұлы емес; еңкейгенге – еңкей, әкеңнен қалған құл емес».
Голощекин (бюро мүшелеріне қарап). Айттым ғой, саяси бүкір адамды тек мола ғана түзейді деп. Атылсын!
Мүсірепов. Атыңдар! Голощекин! Құрамысов! Жантоқов! Біз халық қырылып жатқандықтан атыламыз. Ал сендер халық қайта тіріліп кеткендіктен атыласыңдар! Халық қайта тірілгенде сендер екі дүниеден де орын таппай қаласыңдар. Сендер сияқтылар бұрын да болған. Сендер сияқтыларға Данте айтқан: «Қарабетті аспан қарғап, тамұқ та оны қабылдамас», – деген. Қасқыр қарызынан терісін беріп құтылады. Ал сендер қисапсыз қылмыстарыңнан мәңгі-бақи құтыла алмайсыңдар. Ал, атыңдар!
Дескриптор:
Рөлдерді сомдауда кейіпкерлерің эмоциясын жеткізеді;
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру