Ақтамберді Сарыұлының «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Балаларыма өсиет» толғаулары. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 15-сабақ.


Қосымша дидактикалық материалдар

Ақтамберді жырау — қазақтың ежелгі жыраулық мектебінің белді өкілі

Ақтамберді Сарыұлы 93 жыл өмір сүрген, яғни 1675–1768 жж. дəуір кешкен. Ол күреске ерте араласқан жауынгер-жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мəселелерін жырларында жақсы бейнелеген. 1738–1752 жж. қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, əділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған. Əлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды .

Даңқты жыраудың азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп»,«Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен, ханым, ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» жəне т.б. өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, отансүйгіштік күй-сезімдерге толы.

Бүгінде Ақтамберді жыраудың 26 туындысы белгілі. Олар тақырыбы жағынан үш топтан тұрады жəне тиісінше жауынгер-ақын өмірінің үш кезеңін: жастық шағын, толысып, даңқы шыққан жылдарын жəне егде тартқан кезін бейнелейді .

Ақтамберді жыраудың үшінші топтағы шығармалары

Үшінші топтағы толғауларын дана жырау егде тартқан кезеңінде шығарған болса керек. Оның осы уақытта жарық көрген туындылары негізінен көне қазақ поэзиясы үлгісіндегі:

Түйе мойнын тұз кесер,

Жігіт мойнын қыз кесер,

Сартылдаған сары аяз,

Жылқының мойнын мұз кесер.

Бұлан да бұлан, бұлан сан,

Бұланның санын оқ тесер,

Бұлаңдап жүрген жігіттің

Жомарт қолын жоқ кесер! —

деген сияқты нақыл, афористік толғаныстар түрінде келеді.

Өмірде көпті көрген Ақтамберді ненің жақсы, ненің жаман екенін, нағыз жігіт қандай, оның əйелі мен жақын досы қандай болуға тиіс екенін, ізгі адамдар мен түкке тұрғысыз адамдардың өздерін қалай ұстайтынын жəне т.б. айтады. Қысқасы, мұнда Ақтамберді жырау естірте ой толғап, өсиет айтады, кеңес береді.

  • «Сары аязда қата ма» деген толғауында қарт жырау əділетсіз болса биден, рақымсыз болса байдан, қатты болса жақыннан ел түңілетінін айтып, əділет жолын нұсқайды:

Сары аязда қата ма

Қайнардың аққан тұнығы,

Қап түбінде жата ма

Болаттың асыл сынығы,

Халқы тозып кем болмас,

Əділ болса ұлығы.

Рақымсыз жақыннан

Халқы қатты түңілер,

Сырқат болсаң жат жерде

Жаныңда кім бөгелер.

Əділ туған жақсыға

Екі даугер жүгінсе,

Тізесін қисық бұрмаса,

Асылдығы білінер.

  • Ұлы дала жыршысы көшпенділер əлемінің сұлулық сезімін ел қорғаны болған ер қанаты - пырақтың қадір-қасиетімен бірлікте суреттейді :

Арудан асқан жар бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма,

Биенің сүті сары бал –

Қымыздан асқан дəм бар ма!

Желіде құлын жусаса,

Кермеде тұлпар бусанса,

Сəні келер ұйқының,

Жылқы қолдан тайған соң,

Қызығы кетер күлкінің.

Қыздың көркі құлпыда,

Жігіттің көркі жылқыда.

  • Ұлт ұраншысы болған жырау өзінің «Мінезді болса алғаның» атты жырында:

Мінезді болса алғаның,

Одан да артық жар бар ма,

Екі жаман қосылса,

Күнде жанжал, күнде шу,

Ұяларлық ар бар ма.

Білімді туған жақсыға

Залал қылмас мың қарға,

Жаман туған жігітке

Рақатты күн бар ма.

Өз мінін білген жігіттің

Тəлімінде мін бар ма,- деп адам бойындағы ар-ождан тазалығы қасиеттерін биік қояды.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу