Ақтамберді Сарыұлының «Күлдір-күлдір кісінетіп», «Балаларыма өсиет» толғаулары. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 16-сабақ.


Оқушыларға арналған дидактикалық материалдар

Ақтамберді жыраудың бірінші топтағы туындылары

Бұл туындылар жас Ақтамберді жоқшылыққа ұшырап, адамгершілік-жан күйзелісін бастан кешірген кезеңде туған болса керек. Оларда тағдырына налу, өзінің жалғыздығына, кедейлігі мен дəрменсіздігіне мұңаю басым. Лирикалық кейіпкер жападан-жалғыз жəне қорғансыз, көп қорлық көреді, өзін бəрінен айырылып, жұртта қалғандай сезінеді. Ол мұңайып, өзін бар күшімен көрсетіп, өзін-өзі қорғай алатындай жасқа тезірек жеткісі келеді. Ол жақсылыққа деген үмітке бөленіп, өзімен жұрт санасатын күнді армандайды.

Ақтамберді өзінің алғашқы туындыларын 10–11 жасында шығара бастаған. Оның бұл кездегі өлеңдері мұң, зар, жалғыздыққа налу түрінде келеді :

Жағалбай деген ел болар,

Жағалтай деген көл болар,

Жағалтайдың жағасы

Жасыл да байтақ ну болар.

Атадан алтау туғанның

Жүрегінің бастары

Алтын менен бу болар,

Атадан жалғыз туғанның

Жүрегінің бастары

Сары да жалқын су болар,

Жалғыздық, сені қайтейін!

Бала сонымен қатар ертең-ақ «жасы он беске жетіп, кеңеске кірер» күн туатынын, болашақтан үміті зор екендігін жырға қосады :

Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық, сенен көремін.

Жамаулы киім кигенім,

Жарлылық, сенен көремін.

Атадан тудым жалқы боп,

Жақыннан көрдім талқы көп,

Жасым жетпей он беске,

Қорғайтын жан, адам жоқ.

Кəрі ақсайды ақылдан,

Ер ақсайды жақыннан,

Қазір əлсіз болсам да,

Үмітім бар ақырдан.

Жасым жетіп он беске

Кірер ме екем кеңеске,

Бұғана қатып, бел бекіп

Ерегескен дұшпанмен

Шығар күн туса күреске!

Осы өлеңдерді құлағы шалып қалған қара жүрек ағайындарының бірі Жангөбек Ботағара деген Ақтамбердіні қамшының астына алады. Тіпті, найзаның ұшына ілмек те болады. Алайда жазықсыз жас балаға аталас туысы Бердіке батыр ара түседі. Сол күннен бастап бұғанасы қатқанға дейін болашақ жырау осы Бердікені паналайды .

Ақырында, жыраулар поэзиясының айбалтасы — Ақтамберді 17 жасқа толып, қолына семсер алады да, жауларынан кек алуға аттанады :

Дұшпаннан көрген қорлығым

Сары су болды жүрекке.

Он жетіде құрсанып,

Қылыш ілдім білекке.

Жауға қарай аттандым

Жеткіз деп Құдай тілекке!

Жастайынан қанды қырғынды көріп, соғыстың бел ортасында жүргені дала шайырының жігерін жани түседі. Майданда біраз қалмақтың басын қаққан Ақтамберді «Балпаң, балпаң кім баспас» толғауында батырлыққа үндеп, дұшпаннан именбеуге ұран салады:

Балпаң, балпаң кім баспас,

Басарға балтыр шыдамас,

Батырмын деп кім айтпас,

Барарға жүрек шыдамас.

Жалтара шапсаң жау қашпас,

Жауды аяған бет таппас,

Уа, жігіттер, жандарың

Жаудан аяй көрмеңіз,

Ғазырейіл тура келмей жан алмас!

Ақтамберді жыраудың XVIII ғ. айтқан бұл сөзі бүгінгі ұрпаққа арналғандай көрінетіні несі екен?! Сөз өнерінің өміршеңдігі деген осындай бір өлшемдермен өлшенсе керек. Əр сөзді əркім өзіне қабылдайтындай немесе соны терең ұғынып, қабылдай алатындай дəрежеде болғанымыз жөн сияқты. Əдебиет — шаң басқан, мұражайда қат-қат жатқан сары қағаз емес, тірімізде тіршілікке аса қажет ауа, су жəне наннан кейінгі қажеттілік. Сəуегей жыраудың соны алдын ала көргеніне, болжампаздығына таңырқайсың...

Ал мұның өзі жыраулар поэзиясының басты белгілерінің бірі:

  • Ғұлама жырау құнарлы жерін, орманды-нулы, өзенді-сулы өлкесін мекендеп, адал кəсіппен айналысқан берекелі елді аңсап, халқына ақыл айтудан талмайды. Орамды шешендік сөздер, түйінді түйдек ойлар тастайды :

Еділ, Жайық екі өзен,

Талсыз болар деймісің,

Көкшетаудың көп көлі

Елсіз болар деймісің.

Бота көзді бойжеткен

Жарсыз болар деймісің,

Абылай қонған кең қоныс

Елсіз болар деймісің.

Еркін жайлап қонған соң,

Малсыз болар деймісің,

Тұлпар туған құлыншақ

Ерсіз болар деймісің,

Алқынған арын баспайтын

Өрсіз болар деймісің,

Орын тапқан ер жігіт

Жерсіз болар деймісің,

Орда тігіп орнаса

Төрсіз болар деймісің!

Сонымен, кең өрісті толтырып мал өсіріп, құйқалы жерін өңдеп, бейбіт тіршілік қамын ойлауды, еңбекпен ел дəрежесін арттыруды жырлайды ақын.

Сайып келгенде, Ақтамберді Сарыұлы өз заманының талабына сай жыр толғап өткен əрі батыр, əрі жырау. Оның шығармалары елі, халқы үшін еңіреп өткен ер тұлғасын, жақсылыққа бастап, адамгершіл ой түйген терең ойлы ақыл иесі абзал азаматты танытады. Өзінің өрелі ойларын жыр кестесіне тізе білген жүйрік тілді шешен ақынды көрсетеді.

Түйін

Соңғы жылдары атақты жыраудың есімі дауға айналғандығы белгілі. Оның себебі кейбір басылымдарда Ақтамберді Сарыұлы Ұлы жүзден деп көрсетіліп жүр. Бұл, əрине, тарихи шындыққа жатпайды. Өйткені Ақтамберді Сарыұлы Орта жүзге жататын Найман тайпасының Қаракерей руының ішіндегі Сыбан тармағынан .

Даңқты жырау шығармалары гуманистік, адамгершілік идеяларды көтеріп, елдегі күйкентай пендешілікті, өзімшілдікті сынайды. «Мал-басы өскен адамның» атты толғауында :

Мал-басы өскен адамның

Алды-арты бұрқар бу болар.

Көтере алмай дəулетін

Көрінгенге бу қылар.

Не боларды білмейді,

Өзінен-өзі зор болар,

Жетім менен жесірге

Қазары ылғи ор болар,

Онымен жолы болмайды,

Біреуден қайтып қор болар, —

деп Ақтамберді Сарыұлы малы бардың кеудесі ісініп жүретінін тілге тиек етеді.

Ел арасының дау-далабасын қоздырып, күшіне сеніп өктемдік көрсеткен Бөгембай батырды да Ақтамберді бір түйреп өтеді.

Мысалы, жыраудың «Уа, қарт Бөгембай!» деп басталатын толғауы Наймандарға көрсеткен Арғындар өктемдігіне қарсы дау ретінде айтылады. Даугерден сөзді əуелі Ақтамберді бастап :

Уа, қарт Бөгембай!

Құяр жауын аспаннан

Қара бұлт торласа,

Пəлекет елде көбейер

Жігітті жігіт қорласа,

Ақбөкен келіп жығылар

Алдын қазып орласа,

Пенденің бағы ашылмас,

Маңдайы қалың сорласа,

Дұшпан қорлап не қылмақ

Бақыт басқа орнаса.

Қынаптан қылыш суырмай,

Қарысқан жау бүлк етпес,

Жуылмай қастың қанымен,

Намысқа тиген кір кетпес.

Шабыссаң, қане, шығып көр,

Жау емессің күш жетпес,

Дарабоздай қолбасы

Абыройын кірлетпес!

Ұрын келген күйеу қайда,

Жесір қайда тіл өтпес?

Жендетті көрсет көзіме,

Желіккен басты кім кеспес!

Еліңді жүндей түткізіп,

Қанды көбік жұтқызып,

Жайратамыз осы кеш!.. —деп тапжылмай тұрып алады.

Бөгембайға айтқан бұл сөздері тек арына шапқан қайсар батырдың тегеуірінді сөзін ғана танытып қоймайды. Соған қоса ел бастаған төре мен қол бастаған батырдың мақсаты өзара дауды қоздыру емес, ел тыныштығын сақтай білу, қорлық-зомбылық көргендерге қамқор болу, əділет жолымен адал қызмет ету деп біледі.

Арғын тайпасына жататын Қанжығалы руының атынан (Бөгембай батыр Қанжығалы руынан шыққан) атақты Үмбетей жырау буырқанып, тебірене тоқтау айтады. Екі жақ пəтуаласады.

Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келе, шығаратын қорытындымыз :

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айғайлап,

Дұшпаннан көрген қорлықтан

Жалынды жүрек қан қайнап,

Ел-жұртты қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап, —деген жалынды жырымен халықты рухтандырған Ақтамберді Сарыұлы қазақ халқының тыныштығы үшін жанын таразыға салған айтулы тұлға. Ақтамберді жыраудың бейіті Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Құндызды ауылы жанындағы Жүрек Жота атты төбенің басында орналасқан.

Қорыта айтқанда, Ақтамберді — қаһармандық поэзиясы арқылы өзінің елін, жерін сүюдің үлгісін көрсеткен, оны ұрпағына мəңгілікке мұра еткен ұлы жырау.

[attachment=28238:aza-debieti_8-synyp_-1-tarau_-16-saba_-didaktikaly-materialdar_1-nsa.docx]
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу