Вакциналаудың рөлі (жаңа тақырыпты меңгерту). Биология, 8 сынып, дидактикалық материал.


1- қосымша

 ИММУНИТЕТ ТИПТЕРІ

 Иммунитетті белсенді (активті) және енжар (пассивті) деп екіге бөледі. Бұл екі тип те табиғи немесе жасанды жолмен пайда болуы мүмкін.

 Табиғи белсенді иммунитет

 Иммунитеттің бұл типі инфекция нәтижесінде туындайды. Ағза өзі бөгде агентке қарсы антидене түзеді. Антигенмен бірінші әрекеттесуінде түзілген иммундық жады жасушалары екінші рет бұл антигенге қарсы тез антиденелер түзіп, әрекет ете алатындықтан, иммунитеттің бұл типі өте тиімді, сонымен қатар ол ағзада ұзақ уақытқа, кейде өмір бойына сақталуы мүмкін.

 Жасанды белсенді иммунитет (вакциналау)

 Ағзаға вакцина (екпе) құрамында аз мөлшердегі антигенді (денсаулыққа зиянсыз) екпе жасаудан кейін бұл иммунитет қалыптасады. Бұл үдеріс вакциналау деп аталады. Егер вакцинация үшін ауру туғызатын микроағза қолданса, оны алдымен өлтіріп немесе әлсіздендіріп зиянсыз етеді. Енгізілген антиген ағзада тиісті антиденелер мен жады жасушаларының түзілуін ынталандырады. Қазіргі уақытта вакциналардың бірнеше типтері қолданылады:

  • Токсоидтер. Мысалы, сіреспе және дифтерия бактериялары түзетін токсиндерді формальдегидпен зиянсыз етеді, бұл уақытта олардың антигенді қасиеттері жойылмайды. Токсоидтерді енгізу антиденелердің түзілуін ынталандырады, бірақ ауру белгілері туындамайды.
  • Өлтірілген микроағзалар. Кейбір өлтірілген вирустар мен бактериялар қалыпты иммундық жауапты тудырады. Мысалы, тұмауға қарсы вакцина өлтірілген тұмау вирусынан жасалған.
  • Әлсіздендірілген микроағзалар. Ауру тудыратын микроағзаны зақымдайды. Ол ауру туғыза алмайды, бірақ өте баяу көбейе алады. Ол денсаулыққа қауіпті емес, бірақ антигенді бөледі. Тірі вакциналар туберкулез, қызылша, эпидемиологиялық паротит, қызамық, полиомиелит сияқты ауруларда кеңінен қолданылады.
  •  Жаңа вакциналар. Антигендер көбінесе нәруыздар, яғни гендермен кодталады. Егер ондай генді бактерияға енгізсе, ол қажетті антигендерді түзетін тірі фабрикаға айналады, ол антигендер өз кезегінде қажетті антиденелердің түзілуін тудырады. Холера, іш сүзегі, В гепатиті ауруларына қарсы вакциналарды осылай дайындайды.

Вакциналаудың артықшылығы:

1.антиденелер түзу

2.иммундық жады

Вакциналаудың кемшілігі:

1.табиғи иммунитеттің әлсіреуі

2.екпенің кері әсері

3.екпенің жанама әсері

Вакциналау кезіндегі асқынулар

Вакцина ағзаға түрлі әсер етеді. Мысалы: вакцинадан кейін реакциялар және вакцинадан кейін асқынулар. Вакцинадан кейін реакциялар бір түрлі, циклды, қысқа уақытты, сау адамдарда болады, ағзаның тіршілік әрекетінің бұзылыстарына әкелмейді.

Вакцинадан кейін реакциялар жергілікті және жалпы болады. Вакцинадан кейінгі реакциялар бұл – ағзаның жауап қайтаруы.

Ағзаның вакцинаға реакциясы өзгеріп немесе ауруы мүмкін.

Вакцинадан кейін асқынулар бұл- вакциналауға сәйкес емес патологиялық көріністер.

Вакцинадан кейін асқынуларға анафилактикалық шок, энцефалит, сары су ауруы, аллергиялық ауралардың асқынулары, аутоиммундық ауралар, онкоқауптілік жатады.

 

2- қосымша

Вакциналау туралы не білеміз? (мақала)

Бүгінгі таңда түрлі екпелер (вакцинация) – жұқпалы аурулардың алдын алудың бірден—бір жолы. Дегенмен, осы екпелер төңірегінде даулы мәселелер көп-ақ. Олай болса, вакцинация жайлы не білеміз? 

Біз ашық әлемде өмір сүреміз. Сондықтан, қоршаған ортаның түрлі әсерінен туындайтын сан алуан ауруларды баланың әлсіз ағзасы қалай қабылдайтынын бірде-бір ана алдын-ала болжай алмайды. Вакцинаның арқасында ағза аса қауіпті ауруларды тудыратын бактериялар мен вирустарға төтеп бере алады. Мысалы: туберкулез, көкжөтел (коклюш), дифтерия, гемофильді жұқпа және сіреспе (столбняк).

Вакциналауға жауапкершілікпен қарау керек 

Біріншіден, әрбір ата-ана баласына қандай екпенің жасалатынын білуі керек. Екіншіден, ол несімен қауіпті, екпеден кейін болатын түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін қандай шара қолдану керек және қалыпты жағдайда болатын өзгерістер туралы сұрауы тиіс. Көбіне аналар баласы екпені көтере алмайды, кері әсері болуы да мүмкін деп жасқанады. Ағзаның екпеге қарсы жауап беруі сол сәттегі баланың жағдайына тікелей байланысты. Егер бала осы уақыттарда  тек ана сүтімен қоректенсе, анасы оның денсаулығына асқан жауапкершілікпен қараса, екпенің кері әсері болмауы тиіс.

Жасату керек пе, әлде күте тұрамыз ба? 

Екпе жасайтын кезде баланың дені сау болуы аса маңызды. Бұл уақытта бала түрлі жұқпалы аурулардың салдарынан туындайтын іш өту, дененің бөртуі, тұмау, дене қызуының көтерілуі сынды келеңсіздіктерден ада болуы тиіс. Ол неге соншалықты маңызды десеңіз, екпеден кейін ағза барлық күшін белгілі бір инфекцияға қарсы иммунитет тудыруға жұмсайды. Сондықтан, оған артық «салмақ» жүктеудің қажеті жоқ. Егер бала қандай да бір аурумен ауыратын болса, оған екпені белгілі бір тәртіппен енгізеді.

Аллергиясы бар балаларға екпе жасардың алдында 2-3 күн бұрын және екпеден соң 3-5 күн арнайы гистаминге қарсы тамшыларды береді.

Демікпемен ауыратын балаларға екпе кезінде негізгі емнің мөлшерін жоғарылату ұсынылады.

3 айдан 5 жасқа дейін болатын құрысуға шалдыққан балаларға АДС-М (дифтерия мен сіреспеге қарсы екпе) енгізгеннен кейін 1-2 күн және тірі вакцинаны енгізгеннен кейін 5-інші күннен бастап парацетамол береді.

Иммунитеті төмен балаларға белсенді емес вакциналар қауіпсіз болғанымен қажетті нәтиже бермеуі мүмкін, ал тірі вакцинаны оларға енгізбейді.

Жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға вакцина енгізетін болса, үш күннен соң кері әсері байқалуы мүмкін. Сондықтан, оларға тек невропатолог рұқсат берген кезде ғана екпе жасайды.

Ал уақытша екпені тоқтатуға безгек немесе созылмалы аурулар түрткі болады. Мұндайда екпе бала толықтай жазылған соң енгізіледі.

Вакцинаны жасауға тыйым салынатын жағдайлар:

  • аталмыш препаратты алғашқы енгізген кезде кері әсері болған жағдайда;
  • қатерлі аурулар;
  • СПИД.

Қалыпты жағдай ма, кері әсер ме?

Әр адамның ағзасы енгізілген вакцинаны түрліше қабылдайды. Баланың ағзасы екпеге қалай жауап беретіні түрлі жайттарға тікелей байланысты. Олар:

  • дәрігер сол сәттегі баланың жағдайын қаншалықты дұрыс анықтай білді;
  • вакцинаның сапасы мен құрамы. Негізінен кері әсер құрамында тірі, бірақ әлсіз микроағзалары бар вакциналарға жиі туындайды. Олардың қатарына көкжөтелге қарсы екпені (АКДС) жатқызуға болады.
  • вакцинаның қалай жасалғаны: негізгі техникалық талаптар орындалды ма, қажетті жағдай жасалынған ба, анаға екпеге дейін және екпеден кейін не істеуі керектігі жайлы кеңес берілген бе, олар қажетті препараттармен қамтамасыз етілді ме?

Вакцинаға ағзаның жауабы – қалыпты жағдай. Ол ағзаның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын, өз жұмысын тыңғылықты атқарып жатқанын білдіреді. Екпенің ағзаға әсерін ортақ және жергілікті белгілерден байқауға болады. Ортақ белгілер – дене қызуының көтерілуі (қалыпты жағдайда 37,50С-ден аспауы тиіс), баланың сүлесоқтанып, тәбетінің төмендеуі. Ортақ белгілерге сонымен қатар жергілікті ерекшеліктерді де жатқызуға болады. Мұндайда екпенің орны қызарып, ісініп тұрады және бала ауырсынуды сезінеді. Сондықтан, баланың жағдайын үнемі қадағалап отыру керек.

  • Балаға қызуды басатын және гистаминге қарсы препараттары беріледі. Оларды алдын ала дәрігер тағайындауы тиіс.
  • Дене қызуын үнемі қадағалап, баланың психологиялық және физиологиялық өзгерістеріне ден қою керек. Сәбидің температурасы 380С-ден жоғары көтерілмеуі қажет. Сондықтан, қызуды түсіретін дәріні келесі қызу көтерілгенше күтпей, анықтамада көрсетілген жиілікке сай беріп отыру керек.
  • Балаға жиі- жиі су беріледі. Тек судың аса салқын емес, жылы болуын қадағалау қажет.
  • Қатты қызу болған жағдайда баланың денесін жылы сумен сүртіп, жеңіл киіндіріп қою керек.
  • Егер жергілікті реакция байқалса, сол жерге дымқыл, салқын шүберек басу қажет.
  • Ине енгізілген жерге бұлау жасауға, жақпа май жағуға болмайды. Егер бір тәуліктен кейін баланың жағдайы жақсармаса, міндетті түрде дәрігерге көрсету керек.
  • Дене қызуы қалыпты болса, баланы серуенге алып шығуға, шомылдыруға болады.
  • Тірі вакциналарды енгізіп екпе жасағаннан кейін балаға 7 күн бойы антибиотик беруге болмайды.

Екпеден кейін болатын жергілікті және ортақ белгілер ары кетсе 3 күнге созылады. Тірі вакцина енгізілген соң 5-12 күннен кейін де әсер байқалуы мүмкін. Егер осындай әсер байқалып, бірақ енгізілген вакцина тірі болмаса, бұл жағдайға екпенің еш қатысы болмауы мүмкін.

Екпеге кері әсердің болғанын  дене қызуы 400С-ден асып, өзі есінен танып, денесі құрысып, екпенің орнын бөртпелер басып кеткен жағдайда байқауға болады.

Екпеден кейін болатын кері әсердің басталу уақыты мен қиындықтары:

  • Екпеден кейін болатын тырысулар, дене қызуының көтерілуі көбіне АКДС, АДС және АДС-М вакциналары енгізілгеннен кейін 48 сағаттан соң байқалады.
  • Ал делбенің (менингит) белгілері эпидемиялық паротитке қарсы вакцина жасалған соң 3-4 апта ішінде байқалуы мүмкін.
  • Аллергиялық реакция екпе жасалғаннан кейін 24 сағат ішінде пайда болады.
  • Жоғарғы тыныс жолының талаурап ауыруы қызылшаға қарсы екпе жасалғаннан кейін 2 аптадан соң байқалуы мүмкін.
  • Ине салған орынның қызарып, ісінуі 4 күннен асып кетсе, бұл да кері әсердің алғашқы белгісіне жатады.

Есіңізде болсын, тұншығу, құрысу, есінен тану сынды белгілер байқалған сәтте-ақ жедел жәрдем шақыру керек.

3- қосымша

Вакцинаның әсер ету механизмінің дұрыс ретін анықтаңыз.

  • Вакцина ағзаға еніп, иммундық жүйенің жауап беруіне себепші болады.
  • Ағзада микробтарға қарсы қорғаныш механизмі түзіледі
  • Лейкоциттер микробты өлтіретін антидене түзеді
  • Микроб тез арада залалсыздандырылды, енді ол ағзаға қауіпті емес
  • Микроб ағзаға қайтадан түсетін болса, олар иммундық есте сақтау қабілетіне ие лейкоциттер антиденелер түзу арқылы қорғанышқа тап болады
  • Антиденелер мен иммундық есте сақтау қабілетіне ие лейкоциттерден құралған, ағзада қорғаныш кешені түзіледі


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Информация
Посетители, находящиеся в группе Читатель, не могут оставлять комментарии к данной публикации.