Ақерке Асан (Күндерімді түн етті күдік деген...)

 Ақерке Асан (Күндерімді түн етті күдік деген...)

Тағдырымның көшесінде жалғыз келем,
Шамдар сөнген,
бар есіктер құлыптаулы...
Сіз де енді сағынтып кеттіңіз бе,
Сансыз себеп жанымды жылытпады.

Күндерімді түн етті күдік деген,
Жанарымнан жырымды үзіп келем.
Құлатуға үйретті, жылатуға –
Саусағыңа оралған жүзік деген.

Менен артық сүйер жанды кем дер ем,
Ай мен күнді аспандағы сен дегем.
Шығыс түні жұпар иісін шашқанда,
Құлазитын көңіліңді емдер ем...

Ақ жауын бар – көңілімнің көз жасы,
Жалғыздық бар – мәңгілікте жолдасым.
Сен де барсың сезімдердің экспромты,
Мен де бармын – махаббаттың одасы.

Сарқылмап ед ешқашан бұлай күшім,
Салынуға бола ма бір қайғы үшін?!
Тағдыры өзге...
Ұмытуға сөз берейін!
Есігімді қақпашы, Құдай үшін!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру