Арамыздағы танго...

 Арамыздағы танго...

Жылаған скрипканың дауысы -
Жүрегім дәл солай егілді.
Тағдырдың қолында қауырсын,
Нотамен жазылған әуені.

Жалғанның жанды сахнасы,
(Онсыз да жүрміз ғой күнде ойнап).
Жылаған жүректің жалғасы –
Тангоға шақырдың бір тойда.

Жол бермей жүріп ек сәл күдікке,
Сезімнің алды жалын, арты – ызғар.
Екі жолға бөлінген мәңгілікке,
Бір билеуге біздің де қақымыз бар.

Әр қадам от үсті өртеніп,
Деміңмен еріттің ернімді.
Бұрала билеп, мың өлдік
Қолыңмен ұстап белімді.

Жүректер дүрсілі ырғақ боп,
Ал скрипка – жанымның жылауы.
Танго мен үйретті тағдырым -
Тәнменен сезімді жырлауды.

Түйіскен көздер – өкініш,
Сүйіскен кездер – өткен шақ.
Бозарып кеткен боз өңді,
Жарыңыз неткен қызғаншақ!

Тангоның есімі – сұлулық,
Суынып әуен, тоқтадық...
Сен кеттің, жарыңа бұрылып,
Мен кеттім көзімнен жас тамып.

Жалғыздық жолдасым сүйеумен,
Сол кештен қайтсам да бағытсыз.
Билемей кеткен күйеуімен –
Жарыңыз неткен бақытсыз!

Ақерке Ақжауын

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру