Cәбит Мұқанов (Пай - пай, шіркін күлуін)

 Cәбит Мұқанов (Пай - пай, шіркін күлуін)

Сіркеге толып тұлымы
Қырық жамау боп жұлығы,
Жалтыраған башпайы,
«Іріңді кез, боқ мұрын»,
«Ел жеркенген жексұрын» -
Еді мынау Батсайы.
Жырым етек түйіліп,
Карақұрым киініп,
Дамыл көрмей атса таң
Былш-былш соғып тезекті,
Жұмыс қып аш өзекте
Көрмейтін тыйыш шыбын жан
Жіп есу, құрт қайнату,
Жүн түту, бала ойнату
Еді оның кәсібі.
Өмірі өтіп күңдікте,
Қолы жетпей теңдікке,
Жүргені кісі есігі,-
Сол Батсайы бұл күнде,
Қараңдаршы, не түрде?
Әне, қара күлуін!
Қызыл көйлек қызарып,
Бәйбішені ыза ғып,
Шалқаң-шалқаң жүруін!..
Сіркелі шаш еріліп,
Жібектей боп көрініп,
Жалтырауын күмістей!..
Сүзілген көзі жанданып,
Сұп-сұр беті қанданып,
Құбылуын бүлістей!..
Суыққа беті нұрланып,
Бүрсеңдемей буланып,
Қызара бөртіп терлеуін!..
«Есі жоқ, жынды есалаң»,
«Битті күң, шайтан, перістан»-
Гүлдей жайнап жануын!..
«Ақылы жоқ ақымақ»,
«Мисыз, ойсыз, сөзге олақ»
Ақыл да, сөз де даруын!..
Алшаң басып аяқты,
Ашып тастап қабақты, »
Қолына ту ұстауын!..
Өзі жетіп болғандай,
Ел тізгінін алғандай,
Басқаға жол нұсқауын!..
Таңданатын түгі жоқ,
Көп азаттың бірі боп,
Шынында ол жетілді.
Жеткізген оны Октябрь,
Октябрь оған жазбен бір,
Ызғарлы күнін кетірді.
Ұлы тойда он жылдық,
Батсайы жүр сайран ғып,
Қарашы, ту тігуін!..
Жетілгенін білдіріп,
Өңіне күндей нұр кіріп,
Пай-пай-пай, шіркін күлуін!!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру