Міржақып Дулатұлы (Мәсжід медресе хақында)

 Міржақып Дулатұлы (Мәсжід медресе хақында)

Қазақ жүр мұсылмандық жаласында,
Сайрандап сахараның даласында.
Файда деп күндіз, түні дамылы жоқ
Ғибадат* қылмай хаққа шамасында.
Дегенмен «мен мұсылман» іс бітпейді,
Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді.
Қазақша киім киіп сөйлегенмен,
Мойныңнан фарыз уәжіп* бір түспейді.
Ортаға жарар еді мешіт салсаң,
Намазды қаза қылмай барып тұрсаң,
Бір ғалым фазыл* заттан иман сайлап,
Байларың жәрдем беріп уақыф* қылсаң.
Дау десе ұмтылатын сорлы қазақ,
Дін десе шалқаятын болды қазақ.
«Мынауын, өтірік» деп бетке түкір,
Жоқ болса бұл сөзімнің орны, қазақ.
Қазақтың көп жерінде мешіті жоқ,
Жоғына себеп болған миссионер поп.
Екінші, халықтың өзі ықылассыз,
He ғылып исламға ашылсын ход?
Бір адам хуфияттан* ашса мектеп
Хакімге көрсетеді біреу қастап.
Кебінің ниет-фиғлы жаман еді,
Әйтеуір келе жатыр кұдай сақтап,
Күн болды енді көзің ашарыңа
Байларың жәрдем беріп нашарыңа.
Жасың да жиһан кезіп ғылым іздеп
Надандық қармағынан қашарыңа.
Оңбассың бойда жүрсе бұл мінезің,
Теріс пе насихатым бұл біл өзің.
«Әйтеуір ата-бабам мұсылман» деп,
Дүрмекті қоятұғын келді кезің.
Тәртіпті медресе жоқ бұл қазақта,
Салады сәбилерді тек азапқа.
Молдекем шарт жүгініп қаһар етіп,
Босатар күн батқанда әрең шаққа.
Бір бала езу тартып күлер болса,
Қытайша дүре салар сол сағатта,
Үш-төрт жыл оқып шыққан болса мәгәр,
Сонда да ұстармайды жазар хатқа.
Білмейді уазифасын* кейбір молда
«Еліріп тақсыр» деген құр атаққа.
Кім өледі, кім қояды - тілегі сол
Көбінің байқасаңыз бұл уақытта.
Тәқдим*, тәфһин*, тәхрисдә* жұмысы жоқ,
Күштейді әліф-би мен әбжәдқа*.
Халыққа қайтіп үлгі шаша аласың,
Мінезі хилаф* болса шариғатқа?
Сыйыныфтап* жылға бөлген нәмунә* жоқ
өнерлі болсын қайдан біздің халық.
Бұ айтқан барлық ғәйіп* моллаларда,
Хәлі емес істеушіде хақиқатта.
«Жылына пәлен сомға жалдадым» деп,
Күні-түні балаларын оқытмақта.
Отырса молда сордың қолы босап,
Бір іске ептеп қана жұмсамақта.
Ғылымды ғалымменен хұрметтемей,
Әлбетте, мұның бәрі надандық та.
Орыны бала оқытқан таза емес,
Дәріс тыңдар қотыр бұзау, ешкі, лақ та.
Келер ме өздігінен бізді іздеп,
Қол созып ұмтылмаймыз мағрифатқа*
өнерлі халықтардан өрнек алып,
Кел енді, бұл ғадетті тасталық та!

*илтифат -құлақасу, көңіл аудару
*мәсжід - мешіт
*ғибадат – дін жоралғыларын өтеу
*фарыз уәжіп -міндет, борыш (діни)
*фазыл-мейір
*уақыф – діни мекемеге тарту
*хуфияттан - рұхсатсыз,жасырын
*уазифа -міндет, борыш
*тәкдим -ұсыну, арнау
*тәфһин - өзаратүсінісу
*тәхрис - ойшатабысу
*әліф-би әбжәд- әріп атаулары, ескіше
*хилаф -қиғаш, теріс
*сыйыныф -класс
*нәмунә -үлгі, өнеге
*ғәйіп-айып
*мағрифат -оқу-білім, ағарту

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру