Жамбыл Жабаев (Аттан батыр ұрпағым)

 Жамбыл Жабаев (Аттан батыр ұрпағым)

Екі он екі жыл өтті,
Жердің жүзін тебрентті;
Мұндай жылдар болмаған
Жаудырған жанға нәубетті.
Жер жүзіне еркіндік,
Сәулесін сеуіп көркемдік,
Октябрьдің шұғласы
Күркіреп күндей нұр төкті.
Жыйырма төрт жыл өмірдің,
Сәулетіне — көңілдің
Сезімін шертіп беремін,
Май айында быйылғы
Мұнан да өсіп мерейім,
Болып ед елім келбетті!
Жамбылдың да жүрегі
Өзгеше соғып, ойнақтап
Шығарған жырын өрнекті.
Жазғыдан өмір өзгерді,
Өзгергенін көз көрді,
Зеңбіректен оқ атып,
Оғын қардай боратып,
Жау қол салып өмірге,
Қырым мен шауып Карельге,
Денесіне елімнің,
Қанды сапты сапысын,
Жендетіне серметті.
Жау бізге атой салса да,
Оқ жаңбырдай жауса да,
Октябрьдің мейрамын,
Біз сұстана тойлаймыз,
Жаңғыртқандай жер, көкті,
Бұл соғыста қайратты,
Көрсетіп құрыш айбатты,
Тулап теңіз тасқандай,
Күшіміз жауды басқандай,
Күшейтеміз күн-түні
Майданды да, еңбекті!
Айтылған халық ішінде,
Аталы сөз есімде,
Әр жылға қазақ ат қойып
Қалдырған сөзін көрнекті.
Жылға кейбір мал атын,
Я болмаса — ақ атын,
Жылан жылы дейтұғын,
Кейбір жылды жыландай!
Ұлу деп те атайтын,
Кейбір жылды ылаңдай!
Бұл жыл быйыл қатты жыл,
Атақты майдан атты жыл,
Төбесінен фашистің,
Оқ жаудырып бар күшпен,
Дүбіріндей тұлпардың,
Бұл жыл жауды жұлқар күн,
Сорғалап ұшып қырандай!
Мұнан бұрын жыр айтқам,
Қаласына Лениннің,
Москва үшін жыр тапқам,
Жүрегі болған елімнің.
Домбырамды күндіз-түн,
Ыза кернеп шертіп мен,
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Жата алмаймын оянбай!
Халқым үшін жырымды,
Шығармасам үнімді,
Тұрады мейрім қана алмай,
Қаһар төгіп дұшпанға,
Шапқан ата-бабамыз,
Жаудың темір құрсауын
Қырқуға амал табамыз!
Өрлетер бахыт сәулесін,
Өркенді бала, шағамыз!
Сталин, күнім өзіңді,
Көргендей күнде көзіңді,
Игі өмірдің сәулесін,
Ойлайтын жалғыз мен емес,
Жалғыз болар сен емес!
Алайда, халқын, айбарлы,
Жеңіс туы өзінде,
Өмір нұры көзінде,
Тағдырдың соққан сағатын,
Бақылап, тілін табатын
Өзіне ғана сәулетім,
Жарқырап күндей жанатын.
Сен дегенде бар халық,
Қырандай қағар қанатын!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру