Жамбыл Жабаев (Жеңіс жырын сайраңдар!)

 Жамбыл Жабаев (Жеңіс жырын сайраңдар!)

О балалар, балалар,
Қарашығы көзімнің,
Қуанышы сөзімнің;
Кеудемдегі жүрегім,
Таянышым — тірегім;
Ардақтысы елімнің,
Гүл шешегі жерімнің;
Алдыңа келді қарияң,
Өлең боп аққан дарияң
Домбырасын басуға,
Жырынан шашу шашуға,
Кездесіп көзбен көруге
Халық сәлемін беруге,
Қуанбасқа бола ма,
Жырламасқа бола ма,
Осы отырған тойымда?
Қуаныш сыймай қойынға,
Сталиндік ту етіп,
Жеңістің қақтық дабылын,
Ойдан келді батырым,
Қырдан келді батырым,
Қаладан келді батырым,
Колхоздан келді батырым,
Сол батырлар ортаға ап
Өзінің сүйген ақынын
Шешіп жатыр жаңадан
Жеңістердің ақылын.
Біз Алатаудай ел едік,
Теңемек болды ойға жау,
Біз тасыған теңіз сел едік,
Теңемек болды шөлге жау;
Біз атып болған тақ едік,
Түн етпекші болды жау.
Біз әлемге жарық күн едік,
Өшірмекші болды жау!
Батыр болған ұлымды
Құл етпекші болды жау,
Күндей күлген қызымды
Күң етпекші болды жау!
Жау ма бізді бөгейтін,
Жау ма бізді жеңетін?
Қозғалып еді Алатау
Табанында қалды жау,
Долданып еді океан
Толқыны жауға салды ойран;
Қаһарланды отты күн,
Оқ боп жауға өтті күн,
Қуырдақтай қуырды,
Күлін құмдай суырды.
Шындықтың шаптық семсерін
Дұшпандардан ақты қан,
Шүберектей жыртылды,
Өз ұлдарым игеріп
Тізгінді қолға алғанда,
Қыран құстай қомданып
Қыяға көзін салғанда
Қараңдаршы не көрем?
Қуана түскен ел көрем,
Көгере түскен жер көрем,
Атып жатқан мұнайды
Таусылмастай сел көрем.
Ағып жатқан алтынды
Тұтасқан бейне сең көрем,
Үйіліп жатқан көмірді
Асусыз белге тең көрем.
Сталиншіл ұрпағым,
Тағы да құлақ салыңдар!
Болаттайын берік топ
Деген атақ алыңдар!
Дұшпанға азу басыңдар,
Қанын судай шашыңдар!
Дұшпанға семсер қайраңдар,
Оттай ойнап жайнаңдар!
Бас көтерсе кімде-кім
Күрмеп тілін байлаңдар!
Бақыты үшін Отанның,
Бақыты үшін елімнің
Ұлы Сталин атымен
Жеңіс жырын сайраңдар!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру