Пандемия сабақтары: мектеп енді бұрынғыдай болмайды

Пандемия сабақтары: мектеп енді бұрынғыдай болмайды

Білім беру тарихындағы ерекше оқу жылы мәресіне жетуге жақын. Бүкіл әлемде бір жарым миллиард, Қазақстанда үш миллионнан астам оқушы бұл оқу жылы негізінен қашықтан білім алды.


Қазақстандық мұғалімдер мен оқушылар пайдаланған негізгі онлайн оқыту жүйесі – OnlineMektep платформасы. Платформа мен оның мазмұнын әзірлеген BilimLand компаниясы мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұлттық цифрлы мектепке айналған OnlineMektep жұмысы туралы мәліметтерді жариялады.


Жобаға қатысқан 500-ден аса «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ұстаздары мен 400-ден аса BilimLand маманы қазақ және орыс тілдерінде барлық 11 сынып пен 37 пәнді қамтитын 24 240 цифрлық сабақ және 550 000 интерактивті жаттығу жасап шыққан. Әр сабақ оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйенің әр оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімделуіне ықпал ететін тақырыпты түсіндіру бөлімі мен 9 деңгейлі жаттығулар жиынтығынан тұрады. Осылайша, пандемиялық шектеуге жауап ретінде құрастырылған жүйенің арқасында Қазақстандық жаңартылған мектеп мазмұны сандық форматқа толықтай көшіріліп, әр оқушыға жеткізілді. Мамандардың пікірінше, OnlineMektep – ең шалғай ауыл оқушыларын елдегі ең үздік педагогикалық тәжірибемен байланыстырған ерекше жобаға айналды.


Zero.kz қазақстандық интернет-статистика рейтингіне сәйкес OnlineMektep тоғыз ай бойы еліміздегі ең көп қаралатын веб-ресурс болды. Оқу жылының басынан бері платформада күн сайын 2 миллионға жуық оқушы білім алды. Трафиктің 80 пайызы OnlineMektep мобильді қосымшасына тиесілі.



Платформаға 2 875 697 белсенді оқушы мен 284 033 мұғалім тіркелген. Оқу жылында OnlineMektep-те 315 миллион онлайн сабақ өткен, 101 627 825 үй жұмысы беріліп, тексерілді, 2 504 166 189 тапсырма мен жаттығу орындалды.


Пандемия әсіресе ұстаздар қауымына салмақ салды. Технологиялармен байланысты жаңа дағдыларды тез игеруге тура келді. Оқушылар мен ата-аналар да тосын жағдайға шұғыл бейімделуге мәжбүр болды. Қысылтаяң жағдайда ұстаздарды қолдап, оларға әдістемелік көмек көрсету үшін платформа негізінде мұғалімдердің ауқымды кәсіби қауымдастығы құрылды, ұстаздарды қолдау қызметінің YouTube арнасына 370 мыңнан аса мұғалім жазылған.


OnlineMektep функционалы кесте құру, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы коммуникация, синхронды (бейнеконференциялық байланыс арқылы) және асинхронды (ыңғайлы уақытта) оқыту мүмкіндігі, үй жұмысы, үлгерім мониторингі, сабақ, бөлім және тоқсан үшін бағалауды үйлестіру секілді негізгі қызметтерді толық қамтыды.


Платформа функционалы Елбасы Академиясының Қазақстандағы алғашқы «Birge oqý»  онлайн-мектебінің негізін қалады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды пилоттық жоба шалғайдағы ауыл мектептерінің мыңнан астам дарынды оқушыларын қамтыды. Олар еліміздің жетекші мұғалімдерінен тегін білім алуда. Онлайн-мектепке оқушыларды іріктеу ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиадасы арқылы өтті.


Оқушылар оқу жылының басынан бастап еліміздің озық мұғалімдерінен тегін білім алуда. Математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша білім беріледі. Жақын арада 10-11 сынып оқушыларын оқыту мақсатында контентті кеңейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауыл ғана емес, сонымен қатар қала мектептерінің де оқуда қиындықтарға тап болған оқушыларының көп бөлігін тарту жоспарда бар. Жалпы, жаңа оқу жылынан бастап 10 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарлануда.


Осы және өзге де мәліметтер пандемия жағдайында өткен оқу жылының қорытындыларына арналған «Пандемия сабақтары: білім берудегі цифрлық трансформацияның бүгіні мен болашағы» конференциясында жарияланды.


Конференцияға қатысушылар дағдарыс кезіндегі білім сапасына келген нұқсан онлайн оқытудың емес, пандемияның әсері дегенге келісті. Бұл жағдайда қашықтан оқыту мен онлайн платформалар оқу процесін қамтамасыз етудің негізгі құралына айналды. Пандемия білім берудегі цифрлық трансформацияны жеделдетіп, соның негізінде мұғалімдер баға жетпес тәжірибе жинады, жаңа дағдылар қалыптастырып, цифрлық біліктілігін арттырды. Ал оқушылар  платформа мен контентке қол жеткізе отырып, ілгері білім алуға шексіз мүмкіндік алды. OnlineMektep контенті мен платформасы пандемиядан кейінгі кезеңде де мұғалімдер мен оқушылардың сенімді цифрлық көмекшісіне, қазақстандық электронды оқыту жүйесінің тірегіне айналып отыр.


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу