Балалардың арман - тілегі көк аспанда қалықтаған күн


Балалардың арман - тілегі көк аспанда қалықтаған күн
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күнді бүкіл әлем балалары жыл бойы асыға күтеді. Себебі мерекемен қатар балалардың жазғы демалысы да өз бастауын алады. Дәл осы күн әлемнің түкпір - түкпіріндегі балаларға қуаныш пен күлкі сыйлайтын мереке ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, көңіл бөлуге, қаталдық танытып, әлімжеттік пен қысым жасамауға үндейтін сәт. Еліміздегі биылғы мерекенің ерекшелігі оның қашықтан әрі онлайн атап өтілуінде болып отыр.
Бақыт деген – сенің бала күндерің, бақытсыз - ақ бақытты боп жүргенің, - деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, балалық шақтың балалардың жадында өз қызықтарымен, шат - шадыман ойындармен, риясыз күлкімен есте қалғанын кім қаламайды?! Бүгін Халықаралық балалар күні қарсаңында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы «Нұр - Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің» 7 «С» сынып оқушылары бұл мерекені өзгеше атап өтуді ұйғарды. Оқушылар отбасымен бірге ақ қағазға арман - тілектерін жазып, әуе шарымен бірге көк аспанға ұшырды. Балалардың бұл ойына қолдау білдірген ата - аналар да қиялдарына ерік беріп, балалық шаққа саяхат жасады. Бұған дейін түрлі науқандар мен ойындар әлденеше рет ұйымдастырылғанымен, бұл жолғы шараның мәні бөлек. Осылайша, балалардың арман - тілектерін арқалаған жүздеген әуе шары көкке көтеріліп, аспанда қалықтады.
- Биыл бүкіл әлемді шарпыған қауіпті індет өмірімізге көп өзгеріс әкелді. Мектепті қашықтан оқу форматында аяқтап, соңғы қоңырау шарасына онлайн қатыстық. Бірақ бүгін асыға күткен мерекеміз балалар күнін осындай сипатта атап өтуді дұрыс деп шештік. Ең бастысы, отбасымызбен, жақындарымызбен бірге болу емес пе?! Қаз қатар отырып, тілектерімізді қағазға түсірдік. Еліміздің қарқынды дамып, қанат жаюын бейнелейтін әуе шарларына армандарымызды байлап, аспанға ұшырдық. Карантин шын бақытты ата - аналарымыз бен бауырларымыз, ең жақын адамдарымыз құрайтынын ұғындырды. Осы идеямызды жүзеге асыруға жетекшілік еткен ұстазымыз Индира Ахметоваға алғыс білдіреміз», - дейді балалар.
Отбасымен дөңгелене сап түзескен оқушылардың көңіл - күйінен өзгеше мерекелік леп ескендей болды. Қолдарына ұстаған түрлі - түсті шарды қалықтатып аспанға қоя бергенде, елорда аспанында ұшқан шарлар көз ұшынан бұлдырап барып, сағымға айналды.
- Бұл күнді осындай сипатта атап өтуді балалардың өздері қалады. Олар шарлары неғұрлым биікке көтерілсе, армандары соғұрлым тезірек орындалатынына кәміл сенеді. Бала арманына қанат бітіріп, өмірдің ең бақытты кезеңін естерінде қалдыру – біздің парызымыз, - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Ахметова.
Аспан төрінде қалықтаған түрлі - түсті әуе шарлары балалардың асқақ армандарын ғана емес, үміттерін де көк жүзіне алып ұшқандай. Біз де өз тарапымыздан ойы ұшқыр, қиялы жүйрік оқушыларымыздың армандарына қол жеткізулерін тілейміз!
Сандуғаш Кожина,
"Нұр - Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп" "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы


Источник: bilimdiler.kz
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу