Педагогика | Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігінің алдын алу

 Педагогика | Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігінің алдын алу

Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігінің алдын алу және жеңудің жолдары
Отандық білім беру жүйесін реформалаудың заңнамалық тұжырымдамалық негіздері болатын Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы; Қазақстан Республикасының білім беруді 2010 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасында, Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасында; Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасында; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында оқу-тәрбие процесінің сапасына, оның соңғы нәтижелеріне жаңа, күрделі талаптар қойылған. Өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүруге дайын ғана емес, айналасындағы шынайы өмірге белсенді қатысатының байқатып, оны жақсартуға ықпал ете алатын, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру». Қазақстан қоғамының өзекті мәселелерінің бірі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты жеке тұлғаға қойылатын мынадай талаптар алдыңғы қатарға шығады: креативтілік, белсенділік, төзімділік, әлеуметтілік, жауапкершілік, ой-өрісінің кеңдігі, жоғары кәсіби деңгейлі сауаттылық, танымдық әрекетке қызығушылығының басымдылығы.
Бастауыш мектеп-бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды қайталанбас кезең. Сондықтан да, бастауыш білім -үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да, қадірлі жұмыс.
Бастауыш мектеп балаға белгілі бір білім ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған ортаға дұрыс көзқараста болу, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.
Қазіргі психология және педагогика ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілетсіз адам болмайды деп дәлелдейді.
Барлық бастауыш сынып мұғалімдері үлгермеушілік мәселесімен кездеседі.
Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін алдын алу және жеңу мәселесі әр қашанда оқыту әдістемелерінің өзекті проблемасы ретінде құрастырылған.
Біздің зерттеу жұмысымыз үшін оқушылар үлгермеушілігін алдын алу және жеңудің теориялық және әдіснамалық негіздерін қалаған ғалымдар Б.Г.Ананьев, Ю.К.Бабанский, Д.Н.Богоявленский, Н.А.Менчинская, А.А.Бодаев, Л.И.Божович, В.В.Давыдов, Д.Б,Эльконин, Л.В.Занков, А.Н.Леонтьев, А.А.Люблинская, И.А.Зимняя, Ш.А.Амонашвили, В.Ф.Шаталов, Б.Б.Коссов, В.С.Мухина, Г.Г.Кравцов, Е.Е.Кравцова, Л.Ф.Обухова және т.б. еңбектері ерекше маңызға ие.
Республикамыздың педагог-ғалымдары Р.Г.Ламберг, Н.Д.Хмель, Қараев, Ш.Т.Таубаев, Б.Т.Барсай, А.А.Бейсенбаева, Б.А.Тұрғынбаева, М.Мұхамедин, Д.Ж.Кішібаева, Ж.Т.Билялова, М.З.Жанбөбекова, Ф.Саметова т.б. еңбектерінде бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін жеңудің кейбір мәселелері құрастырылған.
Бастауыш сыныптарда мұғалімдердің іс-тәжірибесі оқушылардың үлгермеушілігін алдын алу және жеңуде халық педагогикасы құралдарынан пайдаланудың мүмкіндіктері зор екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары оқу тәрбие процесінде халық педагогикасы элементтерінен пайдалану мәселелері бойынша жүргізілу мен бірқатар зерттеу жұмыстары да бұл тұжырымды дәлелдейді. Олардың ішінде Р.К.Дюсембинова, Т.Б.Бөлеев, Т.Ә.Қоныратбаева, К.Ж.Қожахметова, Н.Ш.Алметов, А.С.Магауова т.б. еңбектерін атап өтуге болады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:
- «үлгермеушілік» ұғымының мазмұны нақтыланып, үлгермеушіліктің алдын алу және жеңудің білім беру жүйесі дамуының қазіргі кезеңдегі педагогикалық маңызы ашылды;
- бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігінің психологиялық-педагогикалық себептерін анықтау және есепке алу негізінде оның алдын алу және жеңудің бағыттары мен әдіс-тәсілдері айқындалды;
- халық дидактикасы құралдарының бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін алдын алу және жеңу мүмкіндіктері анықталды;
- этнопедагогика элементтері негізінде бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін алдын алу және жеңудің технологиясы жасалынды және эксперименттік-тәжірибе жүзінде тексерілді;
- бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін алдын алу және жеңу бағытындағы педагогикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік туғызады. Мектептің бастауыш сатысы мұғалімдер үшін «Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін алдын алу және жеңудің этнопедагогикалық технологиясы» атты арнайы семинар бағдарламасы жасалынды және тәжірибеге енгізілді.
Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін алдын
алу және жеңу жолдары
Қазіргі кезеңдегі жалпы білім беретін мектептердегі оқыту процесінің сапасы және деңгейінің айқын көрсеткіштерінің бірі - оқушылардың үлгерімі. Бірақ үлгермеушілік мәселесін «мәңгі проблема» деп атауға болады. Мектептегі әрбір педагог оқушылардың үлгерімінің әр түрлілігі, кейбір оқушылардың үлгермеушілігімен сөзсіз кездеседі.
Психология және педагогика ғылымы осы уақытқа дейін оқушылар үлгермеушілігі, оның алдын алу және жеңу мәселелері бойынша үлкен теориялық және практикалық материалдар жинақтағанымен, өкінішке орай үлгермеушілік проблемасы өз шешімін толық тапқан деуге болмайды.
Зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерді, бастауыш сынып мұғалімдерінің өзіндік тәжірибесін талдау «үлгермеушілік» ұғымына мынадай анықтама беруге мүмкіндік береді:
Үлгермеушілік - бұл оқушының оқуда жоғары дәрежеде артта қалуы, оқуға ажыратылған уақыт ағымында мектептік оқу бағдарламаларында көзделген білімдер, дағдылар мен іскерліктерді қанағаттанарлы деңгейде меңгере алмауы.
Оқушылардың үлгермеушілігі оқу пәндері бойынша білімдер, дағдылар мен іскерліктерді меңгерудегі үлкен олқылықтар, өз оқу еңбегін ұйымдастыру дағдыларының әлсіздігі, оқу жұмысы қарқынының төмендігі, ақыл-ой операцияларының жеткіліксіз дамуымен сипатталады.
Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігін үш категорияға бөлуге болады:
- жалпы және терең үлгермеушілік (және оқушы ұзақ уақыт ағымда көп немесе барлық пәндерден үлгермейді);
- оқу пәндері бойынша бірен-сарандап, бірақ біршама тұрақты үлгермеушілік;
- эпизодтық үлгермеушілік.
Ресейдің ұлы педагогтары Л.Н.Толстой және К.Д.Ушинский оқушылардың үлгермеушілігін алдын алу және жеңу мәселелерін жан-жақты қарастырған. Мысалы, Л.Н.Толстойдың Ясная поляна мектебіндегі тәжірибесі бастауыш мектеп оқушылары үлгермеушілігін алдын алу және жеңудің тиімді әдістемесінің үлгісі болып табылады. Сонымен қатар К.Д.Ушинскийдің дидактикалық еңбектерінде бұл мәселеге ерекше назар аударылған.
В.А.Сухомлинскийдің «Жас мектеп директорымен сырласу» еңбегінде балалар өздерінің дене сипаттары бойынша айырмашылықтарға ие болу сияқты, ақыл-ой еңбегі үшін қажетті күштерге қарай да бір-бірінен өзгешеліктерге ие екендігін атап өтеді. Әрбір оқушының есі, зейіні, қиялы, ой-өрісі тек қана тереңдігімен, тұрақтылығымен, қарқынымен ғана емес сапа тарапынан да айрықша екендігін атап өтеді.
Әлсіз үлгеретін балаларға В.А.Сухомлинский ерекше көңіл бөледі. Ол үлгермеушіліктің басты себептерін мыналар деп есептейді:
- ақыл-ой қабілеттерінің дамымағандығы;
- зейін мен естің тұрақсыздығы;
- ойлаудың селқостығы;
- сөйлеудің сұйықтығы;
- білім құмарлықтың болмауы;
- көңіл-күй саласының дамымағандығы.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсарин шығармаларында педагогикалық, гуманистік көзқарас, яғни шәкіртке мейірімді болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақты көрініс тапқаны байқалады.
Қазақ ұлттық мектебінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан ағартушы-педагогтар бастауыш мектепте үлгерім мәселелеріне де ерекше мән берген. А.Байтұрсыновтың «Бастауыш мектеп» мақаласында, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» оқу құралында, Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» еңбегінде оқушылардың үлгермеушілігін алдын алу және жеңудің кейбір аспектілері қарастырылған.
Біздің зерттеу жұмысымыз үшін жоғарыда аталған кеңестік және ресей психолог ғалымдары, сонымен қатар отандық белгілі ғалымдар Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Бап-Баба, М.М.Мұқанов т.б. еңбектерінде қарастырылған оқушылардың үлгерімі проблемасының психологиялық негіздері ерекше маңызға ие.
Бастауыш сынып оқушыларының үлгермеушілігінде темперамент маңызды рөл атқарады.
Жүйке жүйесінің қасиеттері мен темперамент тұрақты, оларды қайта жасау мүмкін емес. Ұстаздың әрекетті балаға темпераменттің кері көріністерін жоққа шығару тәсілдерін, аталмыш қызмет үшін оңтайлы тұлғалық қасиеттердің тірегін табуға көмектесуі керек. Мәселен, мотивацияның жоғары деңгейі, қызығушылық баяу қозғалатын балаларға қызмет қарқынын арттыруға жәрдем береді, сабақта балаға өз қарқынымен жұмыс істеуге мүмкіндік бере отырып, оның шаршауын басады. Тежелуге бейім балаларға мұғалім тарапынан қамқорлық көрсетілуі балалардың өз қалпын сақтауға, ұстамдылықты, айналадағыларға төзімділік танытуды дамытуға мүмкіндік береді. Бала сабақ үстінде жауап беру кезінде және басқа да жағдайларда сасқалақтап қалуды қояды. Мұғалімнің мұндай оқушыларға қазір сұрайтыны жайында ескертіп отырғаны дұрыс. Сонда балалар ойларын жинақтап, дегбірін басады да, табысты жауап береді.
Тұтастай алғанда, бастауыш сынып оқушыларының қалыпты даму шарттарының бірі үлкендермен жылы қарым-қатынас орнату болып табылады. Мұндай қатынастың нәтижелері балаға өздігіне - өзі позитивті түрде қарауға, өзіндік қайталанбастығын және әркімнің жеке дара құқығы бар екенін сезінуге жәрдем береді.
Жұмыс істеу қабілетінің тұрақтылығына жоғары жүйке қызметінің ерекшеліктері белгілі үлес қосады.
Жүйке жүйесі күшті, сабырлы, белсенді балалар (сангвиниктер) әдетте жоғары белсенді болады. Олар шапшаң және жұмысқа тез кіріседі, сабаққа белсенді қатысады, сұрақ қойғанда жауап беру үшін қолын созады, қызметтің жаңа түріне жеңіл ауысып, көп уақыт шаршамай жұмыс істей алады.
Жүйке жүйесінің күшті, мазасыз, инертті түріне ие балалар (холериктер) белсенділігінен гөрі реакцияшылдығы (тез ашулану, ызалану т.с.с.) басым болуымен ерекшеленеді. Олар сабырсыз, күйгелек, өзін-өзі ұстай алмайтын тынымсыз болып, қызметтің жаңа түріне оңайлықпен ауыса алмайды. Алайда, мұндай бала қызықса, жеңіл және ынтызарлықпен жұмыс істейді, ал егер оған бірдеңе ұнамаса, ол бірден «өшеді». Бұл балалардың жұмыс істеу қабілеті тұрақсыз.
Жүйке жүйесінің күшті, сабырлы, инертті түріне ие балалар (флегматиктер) көңілін баяу аударып, жұмысқа қиын және ұзақ кіріседі. Көңіл бөлсе, олар ұзақ және тынымсыз жұмыс істейді, бірақ бірден дағдылана алмайды.
Жүйке жүйесі әлсіз балалардың (меланхоликтер) белсенділігі төмен, олардың үні сабақта да, қоңырауда да естілмейді. Олар қол созып жауап бермейді, өте ұялшақ болады, баяу қозғалады, кішкене қиыншылық олардың көңілін бөледі, елеңдемей жұмыс істей алмайды, тез шаршайды. Демек, жұмыс істеу қабілетінің динамикасы бұл балаларда нашар.
Балаға үздіксіз талаптар қоя отырып, мұғалімдер оны тығырыққа тіреп қойғандай болады. Сол тығырықтан шығар жолды балалар жаман мінез-құлықтан табады, ал бұл өз кезегінде үлкендерге деген сенімділік пен өзіне деген сенімнің жоғалуына, мектептік невроздардың пайда болуына және мектепке кері қатынастың қалыптасуына ұласады.
Оқушылардың оқуға қызығушылығын қалыптастырмаған жағдайда бірінші жарты жылдықтың соңына таман оқуға деген ынта, тіпті мектепке баруға құлшыныс күрт төмендейді. Әсіресе, бұл жүйке жүйесі әлсіз балаларда қатты байқалады. Олар сыныптағы жалпы жұмыс қарқынына ілесе алмай, қызығушылықты тез жоғалтады, қатты шаршайды. Бұл жағдай әлсіреген, жиі ауыратын балаларда да көрініс табадьі.
Мұғалімдер жұмыс істеу қабілеті төмен, аз қабілетті, тез шаршайтын және оқуда қиыншылықтар кешеніне ие балаға айрықша көңіл бөлген жөн. Өкінішке қарай, көптеген мектептерде мұндай оқушыларға көңіл бөлмеудің кері салдары тым күшті. Әрине, әрбір сыныпта ойлау қабілеті жоғары балалардың кейбірі қараусыз қалады. Оқушылардың түрлі үлгерім бойынша жіктелуі бірінші сыныптан бастау алады.
Күн тәртібінің маңызды элементі үй тапсырмаларын әзірлеу болып табылады. Олардың орындалуы бір не екі сағатқа созылуы мүмкін. Бұл өзіндік жұмыстың қалыптаспауының, ал ата-аналардың жұмыстарды «жаман парақтан» (черновик) жақсысына (чистовик) көп рет қайталап көшіруін, оны бір отырғанда істеуге мәжбүрлеуінің салдарынан болады. Осы орайда олар бастауыш сынып оқушылары атқаратын жұмыстың ең көп ұзақтығы шамамен 30 минут, кейбіреулерінде одан да аз болатынын ескермейді. Балаға көңіл бөліп, сергуі, жұмыс істеу қабілетін сақтап қалуы үшін 15 минуттық үзіліс қажет.
Бала үшін түнгі ұйқы да маңызды. Баланың жасы неғұрлым кіші болған сайын соғұрлым ол көбірек ұйықтауы керек. Бірінші сынып оқушысы 1,5 сағаттық демалысты қосқанда тәулігіне 11,5 сағат ұйықтауы қажет. Баланың ұйықтауға кіріскен уақыты қандай да бір сыртқы себептерге, баланың еркі мен қарсылығына байланысты емес, ұдайы бірдей болуы керек.
Осылайша бастауыш сынып оқушылары үлгермеушілігінің себептері денсаулыққа, жоғары жүйке қызметінің ерекшеліктері, көңіл, жады, елестету, ойлау ерекшеліктеріне, күн тәртібін рационалды ұйымдастыру мен тұлғаның мотивациялық - ерікті шеңберіне байланысты деп тұжырым жасауға болады. Жекеленген әрбір баланың әртүрлі дәрежеде біліну арқылы бұл қабілеттер оқу деп аталатын ерекше қасиетті құрайды. Оқу - үлгерімнің табысты болуына септігін тигізетін интеллектуалды қасиеттердің жиынтығы.
Айтып өткен факторлардың үйлесімділігі бастауыш сыныптарда ғана емес, мектепте өткізген бүкіл оқу жылдарында баланың үлгерімін жоғарылатуға негіз қалайды. Осы себептен, мектептерде психологтың болу қажеттігі туындайды. Психолог қиын балалармен қалай жұмыс жүргізу керектігі жөнінде кеңес беріп, кәсіби түзету жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда халыққа білім беру бөлімдерінде психологиялық-педагогикалық қызметтер құрылған. Оларда қиын оқушылар тәрбиеленеді. Ал көпшілік мектептерде түзету сыныптары ашылуда. Баланы түзету сыныбына немесе психиатрға жіберіп жатқанда, ата-аналарға сенімді әңгімелесу арқылы, куәгерлерсіз келешекте қиыншылықтармен күресуде бала үшін мұндай кеңестердің қаншалықты қажеттігін түсіндіру керек. Баланы психолог не дәрігерге жіберіп жатқанда, баланың толыққанды сипаттамасын даярлау керек. Онда баланы не толғандыратыны, не мазалайтыны, оқу процесінде қандай қиындықтар байқалатыны анық көрсетілуі қажет.
Бастауыш сынып оқушылар үлгермеушілігінің жеңудің себептері
және оларға сипаттама
Алты-жеті жасар бала мектеп табалдырығын аттасымен-ақ оқушы болады. Оның өмірінде ойын әлі маңызды орын алғанымен осы уақыттан бастап, ол біртіндеп басымдылығын жоғалта бастайды. Бастауыш сынып оқушысының жетекші іс-әрекеті оның мінез-құлық түрткілерін елеулі түрде өзгертетін, оның танымдық және адамгершілік күштерін дамытудың жаңа көздерін ашатын оқу болып табылады.
Бірінші сынып оқушылары бастан кешіретін негізгі үш түрлі қиындық жиі байқалады:
Олардың біріншісі жаңа мектеп тәртібіне байланысты (дер кезінде ояну және тұру керек, сабақты жіберуге болмайды, барлық сабақтарда тыныш отыру талап етіледі, үй тапсырмаларын орындау қажет және т.б.) тиісті дағдылар болмаса, балада әдеттен тыс шаршау, оқу жұмысын бұзу т.б. сәттерді жіберіп қою пайда болады. Жеті жастағы балалардың көпшілігі психологиялық-физиологиялық жағынан қажетті дағдыларды қалыптастыруға даяр. Бала бұл жаста өзінің жаңа әлеуметтік рөлін қабылдауға дайын, тіпті оны асыға күтеді. Мұғалімдер ата-аналармен балалардың қабілетін дамыту мақсатында балалардың оқуына белсенді араласуына жағдай туғызу қажет. Балалардың жетістікке жетуі үшін ата-аналар мен мұғалімдер әрқашан қарым-қатынаста болуы қажет. Тек қана мұғалім мен ата-аналар бала өміріне қойылатын жаңа талаптарды түсінікті де айқын жеткізуі, олардың орындалуын әрдайым тексеріп, балалардың жеке-дара ерекшеліктерін есепке ала отырып, шаралар қолдануы қажет. Жеке дара ерекшеліктерді бөліп көрсетуіміздің себебі, әрбір баланың өзіне тән темпераменті, қайталанбас ерекшеліктерін міндетті түрде ескеріп, соған сәйкес қарым-қатынас орнатса, бала да жаңа рөлге неғұрлым тез икемделеді.
Бірінші сынып оқушылары бастан кешіретін қиындықтардың екінші түрі мұғаліммен, сыныптағы жолдастарымен, отбасында болатын қарым-қатынастардың сипатынан туындайды. Балаларға мүмкіндігінше жылы шырай таныта және мейірбан бола отырып, мұғалім қайткенмен де беделді де қатал тәлімгер болып табылады. Белгілі бір мінез-құлық ережелерін ұсынып, одан ауытқудың қандайьш болса да тоқтатып отырады. Ол үнемі балалардың еңбегіне баға береді.
Бала өзінен өзі дамымайды, ол белгілі бір микроортада дамып жетіледі. Ал оның ең алғашқы қоршаған ортасы - отбасы. Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, ата-аналардың балаларға деген қарым-қатынасы үш түрлі болады: махаббат (еркелету, жақсы көру); үстемдік (өздерін жоғары қойып, балаларына үнемі бұйырып, айтқанын жасатқысы келу); уайымшылдық (балаларын уайымдап, әрдайым аңдып отыру). Мұғалімнің ұстанымы мынадай: бала оның алдында қандай да бір именшектік жасамай тұра алмайды. Осының салдарынан мектепте балалардың біреулері тым тұйық, ал екіншілері босаңдау бола бастайды (олар үйінде тіпті басқаша болуы мүмкін). Бірінші сынып оқушысы көбінесе жаңа ортаға үйренісе алмай, балалармен бірден таныса алмай, өзін жалғыз сезінеді.
Тәжірибелі ұстаз барлық балаға бірдей талап қояды, бірақ әр баланың бұл талаптарды орындауының өзіндік жеке-дара ерекшеліктерін мұқият бақылайды. Бұл олардың мінез-құлықтарының «астарына» көз жүгіртіп, олардың шын мәніндегі психологиялық қасиеттерін түсінуге көмектеседі, Балаларды тек осылай зерттеудің негізінде ғана оларға әсер етудің белгілі бір нақтылы әдісін таңдап алуға болады. Бұл әдістің мақсаты барлық бірінші сынып оқушыларын сабақ үстінде тыныш, ұстамды болу мінез-құлық әдетіне, сабақтардың жалпы қарқынын сақтауға, мүғалімнің ескертулерін орындауға тәрбиелеу болып табылады.
Мұғалім барлық балаларға бірдей қарап, бәріне бірдей талап қоятын болғанда, нашар оқитындарды еңбексүйгіштіктері үшін мадақтап, жақсы оқитындарға өзіне тым көп сеніп кеткені үшін басу айтып отырғанда ғана сыныптағы оқушылардың өзара қарым-қатынасы ойдағыдай болады. Бұл сыныптың ұжымдық жұмысына психологиялық жағынан жақсы жағдай жасайды.
Қиындықтардың үшінші түрін бірінші сыныптағы көптеген оқушылар оқу жылының ортасына таман сезіне бастайды. Алғашқыда олар сабақ басталардан көп бұрын мектепке қуана барды, кез келген жаттығуларға ықыласпен кірісті. Мұғалімнің берген бағасына мақтанды: олардың білімді игеруге жалпы даярлықтары сезіліп тұрды. Бірақ, бірінші сыныпта оқу үрдісі әдетте балалар белгілі бір даяр білім мен анықтамалар алып, оларды есте сақтап, қажетті жағдайларда қолданатындай етіп жасалған. Әдетте, бұл білімге деген қажеттілік арнайы қарастырылмаған. Әрине, мұндай жағдайларда баланың ақыл-ой ізденісінің өрісі тар, таным дербестігі айтарлықтай шектеулі болады.
Осыған ұқсас сабақтарда оқу материалдарының өзіне ықыласы нашар қалыптасады. Мектептің сыртқы атрибуттарына үйрену дәрежесіне қарай балада оқуға деген алғашқы құштарлық өше бастайды да осының нәтижесінде селқостық пен немқұрайлылыққа салынады.
Балалар алдына шешілу жолдары мен құралдарын белсенді анықтауды талап ететін тапсырмалар жүйесін беру бірінші сынып оқушыларын әуел бастан - ақ ақыл-ой ізденісі саласына жетелейді. Олардың алдына жан-жақты пікірлер мен тұжырымдар негізінде іс-әрекеттің табылған әдістерін негіздеу қажеттігін ашады. Осындай белсенді ойлау іс-әрекеттің арқасында балалар қажетті білім мен іскерлікті саналы түрде меңгереді.
Қазіргі заман мектебі тұлғаның жеке дара психофизиологиялық және интеллектуалдық мүмкіндіктерін ескере отырып, жан-жақты дамытуды қамтамасыз ететін оқу үлгісін іздеу үстінде....
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру