Баланы жасына қарай тәрбиелеу

Баланы жасына қарай тәрбиелеу

Баланы ұрып, жазалау – қазақ қоғамына тән «тәрбие амалы». Негізінде, баланы ұру әдеті олардың жауап қайтара алмауынан туған.

Алғашқы кезең – 5 жасқа дейін

Бұл шақта балаға патшадай қарау керек. Тыйым салу орнына, көңілін басқа нәрсеге аударуға тырысыңыз. Егер тәртіп бұзса, қабақ түйіп, қорқытқан түр жасап көріңіз. Мұндай «тілді» балалар жақсы түсінеді. Бес жасқа дейін баланың өмірге қызығушылығы артып, әр нәрсеге көңілі ауып, жаңа дүниені тануға құмар болады. Бұл шақта баланың логикалық ойлауы әлі толық жетілген жоқ. Мәселен, қымбат ыдысты сындырып алса, оны сатып алу үшін көп еңбектеніп, ақша табу керек екенін түсінбейді. Сондықтан, жазалауды әр істен тыю және күш көрсету деп қабылдайды. Демек, оған ыдыс сындырмауды емес, өзінен күшті адамнан қорқуды үйретесіз.

Екінші кезең – 5 пен 10 жас аралығы

Бұл кезеңде бала мойнына міндеттер жүктеп, орындауын қадағалау керек. Атқармаған міндеті үшін жазалауға болады, бірақ ұрып-соғудан аулақ болыңыз. 5 пен 10 жас аралығында ой-өрісі дами бастайды. Бала әрбір жасаған әрекетіне үлкендер реакциясын бақылауды үйренеді. Бұл оған дұрыс шешім қабылдауды үйретеді.

Үшінші кезең – 10 мен 15 жас аралығы

Бұл кезеңде оған өзіңізбен тең адамдай қарау керек. Маңызды шешім қабылдайтын кезде оның пікірін сұраңыз. Жауапкершілік қасиетін мадақтауыңыз керек. Өз пікіріңізді бұйрық ретінде емес, білдіртпей, яғни кеңес ретінде айтуға тырысыңыз. Балаңыздың шешімі ұнамаса, қатаң тыйым салу орнына, негативті нәтижесін болжап, түсіндіруге тырысыңыз. Бұл уақытта баланың тұлғалық қасиеттері, өзіне деген сенімі қалыптаса бастайды.

Соңғы кезең – 15 жастан кейін

Оны сыйлап, үлкен адам ретінде құрметтей біліңіз. Ендігі уақытты баланы тәрбиелеп, өгерте алмайсыз. Осыған дейін берген тәрбиеңіздің жемісін ғана көре аласыз.

Аталған қағидаларды ұстанбаған жағдайда не болмақ?

Баланы бес жасқа дейін ұрып, жазалайтын болсаңыз, белсенділігін басып, өмірге деген қызығушылығын «сөндіріп», ой-өрісінің дамуына кедергі етесіз. Қара күшке бағынуға дағдыландырасыз.

Бес жастан кейін еркелетіп, дегенін істеп жүретін болсаңыз, бала өспей қалуы мүмкін. Еңбектенгісі келмей, рухани дамудан бас тартады.

10 жастан кейін баланы еркелетіп, жаныңыздан шығармайтын болсаңыз, өзіне сенімсіз, біреуге тәуелді болып өседі. Жалғыз қалуға қорқатын болады.

15 жастан кейін балаңызға жеке тұлға ретінде қарамайтын болсаңыз, сіздің мұндай қарым-қатынасыңызға ренжіп, іргесін аулақ салуға ұмтылады.



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру