Халқымыздың асыл мұрасы

Халқымыздың асыл мұрасы

Киіз үй - халқымыздың атамзаманнан бергі ең жақын серігі, асыл белгісі болып саналады. Киіз үй ауа райының қандай жағдайында да пайдалануға ыңғайлы. Ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел, дауылға шыдамды. Төбесі күмбез тәрізді болып келгендіктен жаңбыр өтпейді, жинап тігуге оңай. Киіз үйдің негізгі қаңқасын (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық) сүйегі деп атайды. Киіз үйдің сүйегі жасалатын «Үй ағашты» алты ай немесе бір жылда даярлайды. Үй ағашты жасайтын шеберді әдетте «Үйағашшы» деп атаған. Үй ағашы негізінен тал мен қайыңнан дайындалады.

Ең әуелгі сөзімізді сықырлауықтан бастағанымыз жөн болар.

Сықырлауық - (жарма есік) кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп - шығатын есік қызметін атқарады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттерден құралады. Сықырлауық киіз үйдің басқа материялдары сияқты жиналмалы болады.

Кереге - киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын желі, ал керегелік желінің ең ұзынын - ерісін, қысқалауын - балашық, ең қысқасын - сағанақ деп атайды.

Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны (3 қанаттан бастап 12 қанатқа дейін) үй көлеміне қарай көбейе береді. Керегенің бас санына қарай уық саны азайып, көбейіп отырады.

Уық - кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың иіні деп атайды.

Уықтың жоғары түзу жағын қары, шаңырақ көзіне сұғынатын төрт қырлы ұшын қаламы дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау дейді.

Шаңырақ - киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жылтырауық металмен, күміспен құрсайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді.

Оған уық сұғынатын төрт қырлы көз - қаламдықтар теседі. Түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын - шашын іркілмеуі үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш деп атайды.

Киіз үйдің макеті

Киіз үйді тігу үшін ең алдымен ауыл азаматы сықырлауықты құрып ұстап тұрады. Одан соң оң босаға жақтан бастап кереге керіліп байланады. Кереге құрып болған соң ауыл азаматының бірі (ер адам болу керек) бақанмен шаңырақты ортаға көтеріп ұстайды. Осы кезде қыз, келіншектер уық шаншып байлай бастайды. Киіз үйді тігуге ауылдағы бар жастар ұйымдасқан түрде қатысады.

Киіз үйдің ішкі баулары

Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар қолданылады.

Таңғыш - екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр.

Бас арқан - керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл - арқан.

Шалма - уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр.

Желбау - өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді. Оның негізгі міндеті - дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру.

Басқұр - киіз үйдің ішін безендіру үшін, әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр.

Үзік бау - үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау.

Белбау - туырлықтың керегеге тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан.

Киіз үйдің шилері

Кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылатын шилер туырлықты кереге көгінің жылуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі. Қой жүнін бояп, әшекейлеп орау арқылы тоқылған шиді шым ши деп атайды. Ши кейде тамақ қоятын сол жақ босағаға да тұтылады.

Киіз үйдің сыртқы жабдықтары - күн сәулесін және тамшы өткізбеу, жылу сақтау қызметін атқарады. Оларды пісірген ақ шаңқан киізден пішіп, ою - өрнектермен безендіреді.

Туырлық - керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұрады.

Киіз есік - сықырлауықты жауып, шаңырақ арқылы өткізіп байланады. Киіз есіктің сыртқы киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады.

Түндік - шаңырақты, киіз есікті туырлық шетін бастыра жабылады. Түндіктің төрт бұрышына түндік бау байланады. Түндікті ық жақтан қайырып ашады, әйтпесе жел көтеріп, желпіп кетуі мүмкін.

Қазақтың киiз бұйымдары

Киiз басып, одан алуан түрлi дүние-бұйымдар жасау қазақтың ең ежелден келе жатқан қолөнерi. Киiзбен үйдi жапқан, жерге төсеген, керегеге керген. Сол киiзден кебеже, сандық қаптайтын әбдiреқаптар, ыдыс-аяқ салатын аяқ-қаптар жасаған. Одан кебенек, киiз қалпақтар мен киiз байпақ тiккен. Ер тұрманның терлiгi мен тоқымы, тебiнгiсi киiзден болған. Тағы басқа да тұрмысқа қажеттi бұйымдарының көбiне киiздi мал жүнінен өңдеу арқылы қолданған.

Киiзден жасалған дүниелердiң көбi негiзiнен киiз үйдiң iшi сыртын безендiруге арналған. Қазақтың қолданбалы әсемдiк қолөнерiнiң үлгiсi болатыны да осы заттар.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру