Шариғат бойынша кімдермен некелесуге болмайды

Шариғат бойынша кімдермен некелесуге болмайды

1. Өмір бойы бір-бірімен үйленуге болмайтындар:

Жақын туған-туыстары. Олар: аналары мен әжелері; бірге туған әпке-қарындастары және олардың қыздары мен немерелері; Сонымен қатар, әкесі не шешесі бөлек әпке-қарындастары және олардың қыздары мен немерелері де үйленуге болмайтын кісілер қатарында; бірге туған немесе әкесі бір, шешесі бөлек, не шешесі бір әкесі бөлек аға-інілерінің де қыздарымен және немерелерімен некелесе алмайды[1]. Сондай-ақ, әке жағынан ағайын әпке-қарындастарымен және нағашы әпке-қарындастарымен[2] де үйленуге болмайды.

Сүт бауырлары: Әйелдің туған баласы туысқандарынан кімге үйлене алмаса, сол секілді сүт емген бала да олармен некелесе алмайды[3]. Айта кететін маңызды нәрсе, «сүт бауырлыққа» байланысты үкімдер тек сол емшек емген балаға ғана қатысты. Оның (әлгі сүт анадан ембеген) аға-інілеріне және әпке-қарындастарына қатысы жоқ[4].

Құдандалы туыстар[مُصَاهَرَة) [5): Қайын аналары мен әжелері; өгей қыздары мен олардың қыздары және немерелері; өгей ұлдарының қыздары мен немерелері[6]; өз ұлдарының әйелдері мен немерелерінің әйелдері (келіндері); өгей аналары[7].

2. Уақытша үйленуге болмайтындар: Бұл категориядағы кісілермен некелеспеу – уақытша кедергілерге сүйенеді. Кедергілер жойылысымен, некелесу құқы туындайды. Олар:

Өзгенің некесіндегі әйелдер. Бір әйел ерімен ажыраспайынша немесе одан жесір қалмайынша, өзге еркекпен некелесе алмайды[8].

Иддәт мерзіміндегі әйелдер. Күйеуінен жесір қалған әйел[9] немесе ажырасқан әйел[10] өзге ерге тұрмысқа шықпай тұрып, белгілі бір мерзім күтеді. Бұны шариғатта «иддәт мерзімі» дейді[11]. Аталмыш мерзімі бітпей, тұрмысқа шығуына тыйым салынады.

Апалы-сіңлілі екеуін бір некеде ұстау. Ағайындас апалы-сіңлілерді бірге бір некеде ұстау –харам[12]. Ағайындас апалы-сіңлілер деп мыналарды атауға болады: бірге туған әпке-сіңлілері; әке жақтан әпке-сіңлілері; нағашы әпке-сіңлілері; аға-әпкелерінің қыздары [13].

Төрт әйелі бар кісі – бесінші әйелді ала алмайды. Оны алу үшін, некесіндегі біреуін талақ етуі шарт. Себебі, шариғатта ең көбі - төрт әйел ғана алуға рұқсат берілген.

Үш талақпен ажырасқан әйел[14].

Өзге діндегі қыз[15]. Бір мұсылман жігіттің өзіне жар еткісі келген қызы – мұсылман немесе христиан не яһуди дініндегі қыз болуы тиіс[16]. Бұлардан өзге діндегілерді алуына рұқсат жоқ.

Ал, мұсылман қыз тек мұсылман жігітке тұрмысқа шыға алады. Өзге діндегілерге күйеуге шығуына тыйым салынады[17]. Өйткені, әйел өз еріне тәуелді. Мұсылман емес ері, әйелдің әлсіздігін пайдаланып, оның наным-сеніміне кері әсерін тигізіп, намаз, ораза сияқты діни амалдарын орындауға кедергі жасайды. Оның үстіне дүниеге келген ұрпақтары өзге діндегі әкесінің дініне өтетіні мәлім. Бұл – Исламның мұсылман ұрпағын көбейту түсінігіне теріс. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у):«Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деген.

Қорыта келе айтарымыз, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» - демекші өркениетті қоғамды құрайтын басты фактор - баянды отбасы. Оның баяндылығы мен беріктігі кейбір мәселелерге мән берудің арқасында туындайды. Соның бастапқы қадамы – пәк неке, таза ұрпақ алып келу. Оған қол жеткізу үшін Ұлы жаратушы Иеміздің пенделеріне міндеттеген үкімдеріне аса мән беруіміз керек.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру