Ертегілер

Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза.

Қиял-ғажайып ертегі: Алтын жүзік

Баяғыда Мұрат деген кісі жол жүріп келе жатып қатты шаршайды, шөлдейді. Бір уақытта жалғыз үйге кез келеді. Үйге келсе, бір әйел отыр, әйелдің қасында екі күшік жүгіріп жүр. Мұрат бүгін осында қонайын деп үйге түседі. Өзінің қатты шаршап келе жатқанын Мұрат жаңағы үй иесі әйелге айтады: «Нансаңыз, мен бір жолаушымын, жол үстінде дәм айдап осы үйге келіп отырмын, бар тамағыңды пісір, бізге ақың кетпес, пұлын берем»,—дейді ол. Жаңағы әйел етке, қымызға Мұратты тойғызады, тамақ ішіп болғаннан кейін бір-бірінен жөн сұрасады. Әуелі Мұрат келе жатқан жағын айтады.

Жаңағы бейтаныс әйел осы иен далада неғып отырғанын айтады.

—Менің күйеуімнің бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс. Ол қазір адам іздеп, әрі малын бағып далада жүр, кешке қарай келеді. Ал маған көрсеткен қорлығы ұшан-теңіз. Мен адам атаулыны көрмегелі бірталай жылдар болды. Енді адам атаулыдан сізді көріп отырмын. Мені осы пәледен құтқара көріңіз,—дейді. Мұрат бұған ықылас білдіреді. Әйел: «Енді оның келуі алыс емес, біз енді кететін болсақ, тез кеткеніміз жөн, өйткені ол сондай жүйрік, біздің бір күнде жүрген жерімізге ол көзді ашып-жұмғанша жетіп келеді. Ал енді біз осы үйді жығып тастап, әр затын әр жерге қояйық, сосын балаларының бәрін үйден алыстатып біреуін батысқа, біреуін шығысқа, енді біреуін темірқазық жұлдызының бағытына қарай апарып тастайық. Содан кейін тез кетейік.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Кедейдің үш баласы

Ертеде бір кедей болыпты. Үлкен баласының аты Әшкен, ортаншы баласының аты Мүшкен, кіші баласының аты Жұмакелді екен. Үйінде отырып, күнелте алмайтын болған соң, үш бала әкесінен рұқсат алып, алыс жерден кәсіп іздеуге шықпақшы болыпты. Сонымен, кедейдің үш баласы кірлерін жуғызып, бір қоржын малта алып, жүріп кетеді. Бұлар ұзын жолға түскен кезде артынан әкесі айқай салып, шақырады.

—Тоқтаңдар, әкеміз шақырады, тосайық,—дейді Әшкен. Балалары тоқтап тұрып, әкесін тосып алады.

—Қарақтарым, жолдарың болсын! Осы кетіп бара жатқан жақтан қопа кездессе қонбаңдар, түстенбеңдер. Онан әрі өте бергенде, жалғыз мола кездеседі, оған қонбаңдар да, түстенбеңдер де. Онан өтсеңдер, бір көп мола кездеседі, оған да қонбаңдар да, түстенбеңдер де... Ал енді, қош, аман болыңдар!—деп, шал қайтып кетті.

Балалар жүріп келеді. Айлардан ай өтіп, күндерден күн өтті. Тек мойындары ырғайдай, биттері торғайдай болғанда, кіші бесін кезінде бір қалың қопа қамысқа жетті. «Әкеміздің айтқаны бар, қонбайық, қопадан шыға қонайық»,—десті де жүріп кетті. Әлі жүріп келеді, әлі жүріп келеді, қопа бітетін емес, күн батып, қас қарайып, түн болды.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Елеместің көргендері

Ертеде бір кедейдің үш баласы болыпты. Әкесі өлгесін жетім қалған балалары азып-тозып кетеді. Жетім балалар күн көру тәсілін іздейді. Сонымен балалар бір күні жолға шығады. Жолда келе жатқанда олардың алдынан екі жол кездеседі: біреуі—барса келмес, екіншісі—барса келер. Жетім балалардың ең кішісінің аты Елемес екен. Ағалары Елеместі барса келмеске жібереді де, өздері болса барса келермен кетеді.

Келе жатқан Елеместің алдынан бір көкжал қасқыр кездеседі де Елемеске тап береді. Сонда Елемес қасқырға: «Жегенің ас болсын!»—дейді. Касқыр: «О, достым, бұл менің құлағыма бірінші тиген жылы сөз, бұдан бұрын кез келгендер маған жегенің ас болмасын дейтін еді де, мен оларға ерегесіп тезірек өлтіретін едім. Сондықтан бұл жол барса келмес атанған. Енді мен сенімен дос боламын да, өле-өлгенше саған көмектесемін»,—дейді. Сүйдеп қасқыр кетіп калады. Елемес одан ары жүре береді. Елемес келе жатса, алдынан үлкен бір қала көрінеді. Сол қалаға келіп Елемес ас ішіп, тойынып, адам болады.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Тас болған шаһар

Әуелгі заманда бір шаһарда бір қарт пен кемпір болған бір нысапты тауфиқты ұлы. Күндерде бір күн бұл жігіт сапар шығуға ойлап атасынан, анасынан рұқсат сұраған. Рұқсат алып кетіп бара жатып, бұл жігіт бір шаһарға барып кірген. Ол шаһар тас болған. Әрбір үйлері һәм нәрселері, кісілері кейбіреуі отын кескен жерінде балтасымен тас болған, қайсыбір адам отын көтерген бойынша тас болған. Қайбіреуі көшеде жүрген кісі сияқты тас болған. Бұл шаһардың не себептен тас болғанын білмей, бұл жігіт шаһар бойынша жүрген. Жүре-жүре патшаның үйіне келіп кірген. Патшаның үйінде бір тірі адам көрмеген. Болса да патшаның үйінде екі-үш сағат күтіп отырған, бір адам көрінер ме екен деп. Сол арада патша үйіне патшаның қызы келген. Ол қыз бұл жігітті көріп амандасқан, әрі сұраған «қайдан келдің, қайда барасың», – деп. Бұл жігіт бәрін бастан-аяқ айтып берген. Сонан соң қыз айтқан: «Бізге бір жақсы таза кісі керек еді, үш түн патша үйінде дұға қылып отыруға, осындай үш күн дұға қылып отырушы болса, бұл шаһардың халықтары жаңадан тіріліп өз түріне қайтатын еді»,—деген. Бұл жігіт қыздың сөзін қабыл етіп ырза болған. Қыз бен жігіт уағда қылған, егер жігіт үш түн дұға қылып шаһар халқы тіріліп өз суретіне қайтса, қыз жігітке тимек болған. Қыз жігітке үш шам берген де өзі кеткен.
Бұл жігіт шамды жандырып дұға оқуға кіріскен. Түн ортасы болған соң, бұл жігіт жанына сонша көп жындар келген. Жындар келіп бұл жігітке дұға қыла бастаған. Кейбіреуі отпен өртемекші болып, кейбіреуі ұрмақшы болып, кейбіреуі қорқатын нәрсемен қорқытпақшы болып, қорқытып қараған. Бұл жігіт тіпті қорықпаған.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Зайыт пен мысық

Бұрынғы заманда бір кедей қарт диірменші болған. Бұл диірменшінің қатыны жоқ екен. Үш қызметкері бар екен. Көп заман өткен соң бұл қарт өзінің қызметкерлеріне айтты:

—Мен сіздерді енді шығарамын, қартайдым. Қазір тыныш өз күнімді өзім көргім келеді. Солай болса да мен біріңді алып қаламын. Маған қайсыңыз жақсы ат келтірсеңіз, міне, сол өлгенімше туысқандай мені күтеді. Диірмен сол ат келтіргеніңізге қалады,—деген соң бұлар шығып кеткен. Біреуінің аты Зайыт екен, екіншісі—Рафик, үшіншісі—Ғаббас. Зайыт—есалаңдау жынды екен. Бұлар қарттан кетіп бір ауылға жеткенде жолдастары Зайытқа:

—Сен нағып ат табасың, жынды. Бізбен бірге бармай-ақ осы ауылда қал,—дейді. Зайыт бұлардың сөзін қабыл алмай «мен де сіздермен барамын» деп ілесіп қалмаған. Бұлар кеш болған соң далада бір шұқырға кіріп жатқан. Зайыттың екі жолдасы оянған соң, Зайытты оятпай қашып кетеді. Зайыт күн шыққан соң оянып қараса, жолдасы оятпай қашып кеткен. Зайыт қорқа-қорқа шұқырдан шығып тоғаймен бара жатып ауыр ойланып өз-өзіне: «Мен бір өзім қалдым, жақсы атты қайдан табамын»,—дейді. Сол арада Зайытқа тоғайдан шығып, бір ала мысық келіп жолықты. Зайытқа айтты:....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Майлықарашаның ертегісі

Ертеде бір бай бар екен. Ол байдың үш баласы бар екен. Үлкенінің аты Жандос, ортаншысының аты Табанақ екен. Ең кішісінің аты Майлықараша екен. Майлықараша үш жасар екен. Бір күні екі ағасы мал табамыз деп жолға шықты. Майлықараша айтты: «Ай, ағалар, мен бірге барамын». Ағалары айтты: «Жарайды, жүрсең жүр»,—деді. Үшеуі ата-шешесіменен амандасып кетті. Келе жатып бір үлкен тасқа келді. Сол тастың түбінде қонды. Үшеуі жатты. Майлықараша айтты: «Ай, ағаларым ортадарыңа жатқыз,—деді,—Мен қорқамын»,—деді. Екі ағасы жатқызады. Майлықараша үш күн, үш түн ұйықтайды екен. Екі ағасы қастық қылып бір үйдей тасқа байлап кетті. Ұйқысы қанды. Майлықараша оянды. Білді, екі ағасының қастық қылып байлап кеткенін. Біліп, тасты көтеріп, екі ағасына алып келді. Екі ағасы айтты: «Мұны не қыласың?»—деді. Майлықараша айтты: «Шешемнің ұршығының басы жоқ еді, соған бас қыламын»,—деді. Екі ағасы шешіп тастады. Тағы да келе-келе жатып бір терек түбіне келді. Үшеуі сол жерге қонды. Майлықараша айтты: «Ай, ағаларым, қорқамын,—деді,—Ортадарыңа жатқыз»,—деді. Екі ағасы жатқызды. Тағы да ол терекке байлап кетті. Үш күннен соң ұйқысы қанып оянды.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Адам болған жылан

Баяғы өткен заманда Құрман қойшы деген бір байдың қойшысы болыпты. Құрман сол байда он сегіз-жиырма жыл қойын бағыпты. Алатын ақысы бір жылға екі тоқтылы қой екен. Егер қой жоғалтса, ақысын бермей соның есебіне алады екен. Құрман қойшының тапқаны киіміне жарамай сол байдың қойын бағып жүре беріпті. Құрман қойшы бір күні қойын бағып тұрғанда төрт-бес шақырым жерден жанған от көреді. От жанған қалпында тура қойшыға қарай тартады. Құрман қойшы ойлайды, «апырмай, мынау от қалай жүреді. От болса жан-жағына тарап жанар еді және қара түтін шығар еді. Ал мына от жайылып жанбай, тура тартып келе жатыр» деп тұрғанда, от та, Құрман қойшыға жақындап келеді. Анықтап қараса, оттың алдында ұзындығы бір құлаштай ақ жылан қашып келеді екен. От қайтсем де сені күйдірем деп келеді екен, ал жылан қа­шып келеді екен. Жылан қашқан қалпында Құрман қойшының шалбарының балағынан кіреді. Ол жыланды балағынан кіргізбеуге үлгіре алмайды. От та кіруге ыңғайланғанда сабап сөндіреді. Жылан жорғалай омырауынан шығып, оттың өшкенін көріп, жерге түседі.

Жерге түскеннен кейін адам тілімен сөйлей бастайды: «Сен мені өлімнен құтқардың, мен сенің жақсылығыңды өмірі ұмытпаймын, сен мына қойды таста да менің соңымнан ер, мен саған өзімнің қызымды беремін»,—дейді. Қойшы байғұс қуанады, бірақ «қойды тастап кете алмаймын» дейді. «Сен қойға қам жеме, қойдың өздері кешке аман-есен үйлеріне барады»,—дейді. Қойшы амалсыздан жыланға ілесіп кете барады, бір жерге барғанда бір тесікке түсіріп алады, сонан екеуі жер астымен кете барады, бір жерге келгенде төбедей үйілген көп жыланға кез келеді. Құрман қойшы «осынша жыланға жем қылуға алып келе жатыр екен» деп, зәресі зәр түбіне кетіп, өңі қашып тұра қалады. Жылан оның қорқып тұрып қалғанын біліп, «жүр саған олар тимейді» деді, ол амалсыз ере берді, жылан үйілген жыланға келгенде қатты ысқырып еді, жыландар екі жаққа айырылып ортасынан қақ бөлініп жол берді.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Достық

Бұрынғы өткен заманда бір жігіт аңға шығып құс салып жүрсе, бір тасқа қонып отырған бір көк құсты көреді. Кұстың қасына жақындап барса ұшпайды. «Бұл не қылған кұс» деп ұстап алып қараса, қанат, құйрығы жұлынып, жұрдай болып қалған екен.

Көк құстың мұндай ахуалда болғанына рақымы келіп, жігіт құсты үйге алып келіп, атасына көрсетіпті. Атасы құсқа қарап отырыпты да:

—Балам, бұл құсты он бес күн бақ, сонан соң тілеген жағына ұшырып жібер,—депті. Жігіт атасының, айтқанын істеп, құсты он бес күн бақты. Құсқа жаңадан қанат, құйрық шықты.

—Тілеген жағыңа ұшып кете бер,—деді жігіт.
—Басыңа қандай болса да бір қиыншылық туса, мені тауып ал, мен пәлендей жерде тұрамын,—деді көк құс.

—Жақсы, керек уақытта тауып алармын,—деп қалды жігіт.

—Қош, жігіт!—деп пыр етіп көк құс ұшып кетті. Күндерден күн өткенде жігіттің атасы да, қатыны да өлді. Малдан, бақтан айрылды. Киюге көйлек те, ішуге тамақ та таппады. Сондықтан ол баяғы көк құсты іздеуге мәжбүр болып жолға шықты.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Көк сиыр

Баяғыда Әлболсын деген бір қоңырқай шаруа болыпты. Оның әйелі және бір қызы болыпты. Күндердің бірінде Әлболсын тоқал алуды арман етіпті. Әлболсын тоқал алуды, бір жақтан, жұрт көзіне түсу, екінші жақтан, үй тіршілігінде қол ұзарту деп түсінетін болса керек. Күндердің бірінде Әлболсын арманына жетіп тоқал алады. Ол да қыз табады. Өзі ұл таппаған бәйбіше тоқалдың да ұл таппауын тілейді екен. Іштей қуана отырып, ұл таппады деп жазғырып, «әдіре қалсын, күң неме» деп, тоқалды басынып алыпты, оған күн көрсетпепті. Тоқал байғұс арқалап отын, шелектеп су тасыпты, сиырды сауатын да, атты ерттейтін де, жүн түтіп, жіп иіріп, қап тоқитын да сол болыпты. Қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа қарылып, аш-жалаңаш жүріпті. Жаман сырма киіз етігін үсті-үстіне жамап киіп, бақытсыз қызын баспақ теріге орап өсіріпті.

Бәйбішенің қызы Әлболсынның тапқанын киіп, тоқалдың қызы ысытып берген сумен басын жуып, шашын тарап білгенін істепті. Еркелікпен аузына келген сөзді сөйлеп, бәдік және дөрекі болып өсіпті.

Әлболсын осы екі қыздан кейін перзент көрмепті. Күндер өтіп, ай толыпты, айлар өтіп жыл толыпты, жылдан жыл өтіп, екі қыз ержетіпті.

Тоқалдың қызы күң атаныпты. Анасының толып жатқан қиыншылықтарын өз үстіне алып, отын тасып, су әкелетін, ыдыс-аяқ жуатын, сиыр бағатын болыпты.....
Ертегілер
Толық

Қиял-ғажайып ертегі: Тұз басты жыланның хикаясы

Бұрынғы заманда бір қатынның бір қызы бар еді. Ол қыздың аты Маржан еді. Бір уақытта Маржан көршілерінің қыздары мен суға түсуге кеткен, барлық қыздар киімдерін, көйлектерін шешіп суға түседі, бұл қыздар судың ішінде тұрғанда бір тұз басты жылан шығып, Маржанның көйлегіне кіріп жатқан. Қыздар суға шомылып болған соң, судан шығып, киімдерін киіп, үйге қайтып кетті. Маржан судан шығып, киімін киемін деп келсе, көйлегі ішінде бір өлген тұз басты жылан көрді. Жаман қорыққан Маржан бір үлкен таяқ алып, жыланды қуалап жіберем деп, таяқпен ұрам дегенде, жылан басын көтеріп, адам секілді Маржанға айтқан: «Әгар маған тием деп уағда қылсаң, киіміңді беремін, әгар маған тимесең, киіміңді де бермеймін, өзіңді өлтіремін», – деген. Маржан тіпті жаман сасып, уағда берген болады. «Тиемін»,—дейді. Мұнан соң жылан киімнің үстінен түсіп, суға түсіп кеткен. Маржан киімін киіп, үйіне қайтып кеткен. Қайтқан соң анасына барын қалдырмастан сөйлеген, қандай болған істерін һәм өзінің уағда қылғанын. Қыздың анасы қызына көп қарап айтты: «Бала, жаным, бұл сенің түсіңде көрген түсің шығар»,—деген......
Ертегілер
Толық