Қиял-ғажайып ертегі: Кедейдің үш баласы

Қиял-ғажайып ертегі: Кедейдің үш баласы

Ертеде бір кедей болыпты. Үлкен баласының аты Әшкен, ортаншы баласының аты Мүшкен, кіші баласының аты Жұмакелді екен. Үйінде отырып, күнелте алмайтын болған соң, үш бала әкесінен рұқсат алып, алыс жерден кәсіп іздеуге шықпақшы болыпты. Сонымен, кедейдің үш баласы кірлерін жуғызып, бір қоржын малта алып, жүріп кетеді. Бұлар ұзын жолға түскен кезде артынан әкесі айқай салып, шақырады.

—Тоқтаңдар, әкеміз шақырады, тосайық,—дейді Әшкен. Балалары тоқтап тұрып, әкесін тосып алады.

—Қарақтарым, жолдарың болсын! Осы кетіп бара жатқан жақтан қопа кездессе қонбаңдар, түстенбеңдер. Онан әрі өте бергенде, жалғыз мола кездеседі, оған қонбаңдар да, түстенбеңдер де. Онан өтсеңдер, бір көп мола кездеседі, оған да қонбаңдар да, түстенбеңдер де... Ал енді, қош, аман болыңдар!—деп, шал қайтып кетті.

Балалар жүріп келеді. Айлардан ай өтіп, күндерден күн өтті. Тек мойындары ырғайдай, биттері торғайдай болғанда, кіші бесін кезінде бір қалың қопа қамысқа жетті. «Әкеміздің айтқаны бар, қонбайық, қопадан шыға қонайық»,—десті де жүріп кетті. Әлі жүріп келеді, әлі жүріп келеді, қопа бітетін емес, күн батып, қас қарайып, түн болды.

—Қой, не де болса Құдайдың әмірімен болар. Қонайық, әйтпесе адасамыз,—деді біреуі.

Қалғандары мұны мақұлдап, қонады. Әшкен күзетте тұрады. Қалғандары ыстықтарын ішіп, ұйықтап қалады.

Әшкен күзетте әлі тұр. Әлдене уақытта айды бұлт жапты. Бұлт түйілген бетімен жатқан адамдарға қарай дауылдатып, бет алды. Бұлт жер бауырлап төмендей бастағанда қолына қанжарын алып Әшкен де бұлтпен араласа кетті. Не екенін өзі де білмеді, қап-қараңғы, әйтеуір, қолына жанды нәрсе сияқты бірдемені ұстағандай болды, алысып-алысып әлдене уақытта жерге ұрды. Маңдайының терін бір сыпырып, жан-жағына қараса, таң да сарғайып атып қалыпты. Астында жатқан жеті басы бар сары құс екен, бастарын кесіп-кесіп алып тастап, жонынан қайыс тіліп алды. Алған қайыстың ұзындығын өлшеп жібергенде, ұзындығы төрт жүз қарыс болыпты. Бүктеп қалтасына салып алып, таң атқан соң інілерінің қасына келіп жатып қалады.

Таңертең үшеуі тұрады да, ыстықтарын ішіп, жүріп кетеді. «Сен не көрдің?»—деп інілері сұраған жоқ, бұл: «Мен мынаны көрдім»,—деп айтқан жоқ, жүріп келеді. Бұларға істейтін кәсіптің жөні түзуі кездеспейді, анау-мынау іске шатылмайды.
Жүріп отырып, бір жалғыз молаға кездеседі. Олар алдағыдан аман өткен соң, әкелерінің айтқанын есіне алған жоқ, қона кетті. Енді бүгін күзету кезегі Мүшкенге келді. Қалғандары ыстықтарын ішіп, жатып қалады. Мүшкен күзетте тұрады да: «Осы әкеміз не себептен осыған қонбаңдар деді, білейінші»,—деп молаға жақын келді. Ай қараңғы түн, моланың жан-жағынан айналып жүріп ішіне кірсе, бір тас жатыр, ол моланың ішін жарық қылып тұр. Тасты көтеріп жіберіп еді, астынан бір есік шықты, кіріп келсе, үй-іші толған алтын, ауыз жағында тағы бір есік тұр. Ашып келсе, жеті басты бір дәу жатыр екен, оны барып оятып еді, тұра Мүшкенмен алыса кетті. Алысып-алысып, әлдене уақытта алыпты алып ұрып алты басын кесіп алып, бір басын қалдырады. Сонда алып:

—Енді мені өлтірме, дос болайық,—деп бір топ кілтті суырып берді. Өзі ертіп жүріп үй үшін аралатса, үй толған алтын, қазына екен. Мұның бәрін көрді де, кілтті қалтасына салып алды, дәудің қалған басын тағы қағып алып, өлтіріп, көме салып шықса, таң атқан екен. Туысқандарының жанына келіп жатып қалды. Ертеңіне тұрып, ыстықтарын ішіп, жүріп кетті. Ол: «Мен осыны көрдім»,—деп айтпады, туысқандары сұрамады.

Сол жүргеннен жүріп келеді, күндерден күн өткенде, күн бата көп мола кездеседі. «Бұл да бір белгілі жер екен»,—деп қонады. Ендігі күзеттің кезегі Жұмакелдіге келеді. Екі ағасы ыстықтарын ішіп, жатып қалады. Жұмакелді күзетте тұрады. Әлдене уақытта Жұмакелдіге ой түседі де, көп моланың ішіне кіреді. Аралап келе жатыр еді, жердің астынан у-шу дауыс шығады. Тыңдап тұрса, дауыс:

—Алпысымызға алпыс табақ жаса!—дейді. Бұл тыңдап тұр.

—Маған да бір табақ жаса!—деп бұ да айқай салады.

Сөйткенше болмай, аяғының астынан біреу шыға келеді. Шығып Жұмакелдіні жетектеп бір тесіктен алып түседі. Жердің астына бір тесіктен сатымен түсіп келеді, бір үлкен үйге кіріп келеді. Толып отырған дәулер бар. Сөйтсе, олар алпыс дәу екен. Олардың патшасының сұлу қызы бар екен, соны ханнан зорлап, алпысының қай мықтысы алмақ екен, сөйтіп, күресуге дайындалып жатыр екен. Бұлар қашан бірін-бірі жеңіп, ең мықтысы жыққанша, осылай тұрмақ екен. Хан күн сайын бұлардың кештегі қонақасыларына алпыс түйе, түстіктеріне алпыс ту қойдан сойып беріп, күтіп тұрады екен. Мұны хан ықтиярымен емес, қорқып істеп тұрады екен. Мұны естіп Жұмакелді де бір жерден отырады. Бір табақты қайқайта бес кісі әрең көтеріп келіп, Жұмакелдінің алдына қойды. Жігіттер былай кеткенше бұл етті жеп, сүйегін мұрнынан шығарып қайтарып беріпті. Осылай қып кайтып берген соң, дәулер қорқып, тағы бір табақ ет апарып берді. Оны да қағып салады. Осымен Жұмакелді алпыс бір табақты түгел жеп қояды. Енді қалған дәулерге тамақ қалмады. Дәулер патшаға кісі жіберіп:

—Қазір алпыс бір ту бие жеткізсін!—деп бұйырады. Жұмакелді бір оңаша үйге барады да дәулерге:

—Мен шақырғанда бір-бірлеп келіп тұрыңдар!—дейді.

—Жарайды, тақсыр! Барайық,—десті дәулер.

—Алпыс бір табақты Жұмакелдінің бір өзі жеген соң, бұның күші алпысымыздай болды,—деп дәулер қайғырып, үрпиісіп отыр еді. Олар бір-бірлеп келіп тұрды. Бұл бастарын ала берді. Сөйтіп, алпыс дәуді түгел өлтіріп, алпысының алпыс құлақтарын кесіп алып, орамалға түйіп, қалтасына салып алады. Кірген тесігінен жердің үстіне шығып, ағаларының жанына келіп жатып қалады. Таң атқан соң тұрып, ағаларын оятып алады да, ыстықтарын ішіп, жүріп кетеді. «Түнде не көрдің?»—деп ағалары сұрамады. «Мен мынаны көрдім»,—деп ол да айтпайды.

Бір үлкен шаһарға келеді, у-шу айқай, жиын, топыр.

—Бұл не?—деп сұрайды үш жолаушы.

—Бұл біздің ханның қызына таласып, күш сынасып жатқан дәулер бар еді, хан қорыққанынан оларға күніне алпыс түйе, алпыс ту қой қонағасы мен түстік беретін. Ол үшін хан елге салық салып, елдің әбден мазасы кетіп тұр еді... Сол дәулерді бір Тәңір жарылқағыр өлтіріп, алпысының құлағын кесіп әкетіпті. Енді ханымыз: «Сол дәулерді өлтірген кісіге қызым мен тағымды берем»,—деп той қылып жатыр. Бірақ ол адам табылмай жатыр,—дейді.
Бұлардың онымен жұмысы болған жоқ, оңаша бір кемпірдің үйіне барып жата берді. Жұрт әбден сергелдеңге түсті. Алпыс дәуді өлтірген адам табылмайды. Анау да келді «мен өлтірдім» деп, шамасы келген біреулердің құлағын кесіп алып, мынау да келді «мен өлтірдім» деп, бір топ құлақты тізіп алып. Бірақ дәудің құлағына салыстырып қараса, дәудің құлағының орны пілдің құлағындай болса, табылған құлақтың үлкендігі кішкене мысықтың құлағындай-ақ. Сөйтіп, дәулерді өлтірген кісі табылмады. Жұрттың бәрін шақыртып болды. «Елде енді кім қалды?»—дегенде:

—Пәлен кемпірдің үйінде бір үш жолаушы қалды,—деседі.

—Шақырыңдар!—деп бұйрық қылды хан.

Шақырушы келіп, қонақтарға:

—Сіздерді хан шақырады,—дейді.

—Қалжырап жатырмыз, бара алмаймыз,—деді жолаушылар.

Ханға «келмейді» деп, хабар сап ете қалды.

—Шақырып кел!—деп уәзірін жұмсады.

Бас уәзірі келіп:

—Сіздерді хан шақырады,—дейді.

—Біз әлгіде «бара алмаймыз» дегенбіз, бара алмаймыз. Жұмысы болса, хан өзі келсін!—деп ақырысады. Уәзір сасқанынан ханға барып:

—Бара алмаймыз! Жұмысы болса өзі келсін дейді,—деді.

Хан аз ойланып: «Осылар болмаса игі еді»,—деп сескеніп, өзі келеді. Үш жігітті үйіне ертіп әкеліп, жақсылап қонақ қылады.

—Жігіттер, қайдан келе жатқан адамсыңдар, қандай ерліктеріңіз бар? Мына өлген дәуден не хабарыңыз бар?—деп сұрайды.

Ханның алдына Әшкен тіліп алған теріні тастайды. Мүшкен бір қалта кілтті тастайды. Жұмакелді алпыс құлақты тастайды. Барлығын хан қолына салып отырып, басын шайқайды.
—Мынау жеті басты дәу мен сары құс, жалғыз моладағы алтынға таласқалы үш жыл болды. Ақыры екеуі де өлген екен,—дейді. Ертеңіне хан ат шаптырып, той қылады. Алпыс ала ат, жетпіс желбас ат сойып, жұртын түгел жиды. Сөйтіп, қызы мен тағын Жұмакелдіге бермекші болады. Жұмакелді:

—Қызыңды берсең, үлкен ағама бересің, бермесең, мен алмаймын, жол соныкі,—деді.

Ханның бермейтін әлі қайсы! Тағын да, қызын да Әшкенге берді. Әшкен хан болып тұрады. Біраз жатып, екі інісі тағы жол жүрмекші болды. Азық-түлігін дайындап, ертеңіне жүруге бет алды. Қош айтысып, екі інісі кетіп бара жатыр еді, Әшкен қайта шақырып алып:

—Сендердің қандай ерліктерің бар?—деп сұрайды.

—Жай батырлығымнан басқа, қысылғанда бір теңіздің суын бір-ақ, ұрттап аламын,—дейді Мүшкен.

—Батырлығымнан басқа мынандай қасиетім бар: жаным өзімде емес, денемде қырық құлаш бүктемелі семсерім бар, сол кетсе, өлем, ол кетпесе, атса да өлмеймін, суға батпаймын, отқа күймеймін,—дейді Жұмакелді.

Енді бұлар тұрып:

—Өзіңнің хабарыңды қалай біліп тұрамыз?—деп еді, сонда Әшкен:

—Сендер жүре беріңдер, сендердің аман-жамандарыңды аспандағы жұлдыздан білемін,—дейді.

Қош айтысып екі бала жүріп кетті.

Айлардан ай, жылдардан жыл өткенде бір шаһарға келіп жетті. Қаланың бір шетіне бір үйге түсе қалса, бір кемпір отыр.

—Е, шеше, не болды? Неге жылайсың?—дейді бұлар.

—Ой, қарақтарым-ай, мен жыламай, кім жыласын? Бүгін жалғыз қызымнан айрылып отырмын,—дейді,
—Е, неге айрылдыңыз?

—Қарақтарым-ау, не қып дерің бар ма? Елімізге бір айдаһар душар болғалы биыл екінші жыл. Содан бері күніне бір қыз, бір ту қойдан жеп тұрады, ертең кезек ханның қызынікі,—дейді.

—Шеше, жылама! Балаңның орнына бала боламыз,—дейді екі жолаушы.

Кемпір сорлы қуанып қабыл алып, оларды күтіп, кірлерін жуып, жақсылап тәрбиелеп жатты.

Ертеңіне қонақтары тұрып, айдаһардың келетін жағын кемпірден сұрап еді:

—Қаланың мына жағында үш шақырым жерде жалғыз киіз үй бар, бесін кезінде айдаһар соған келеді,—деді.

Екі жігіт өзара кеңесіп, Жұмакелді бармақ болады. Жұмакелді жүгіріп отырып, қаланың шетіндегі бір жалғыз ақ үйге кіріп келеді. Ай десе аузы, күн десе көзі бар, бір сұлу қыз отыр. Жігітті көрген соң қыз күліп жібереді.

—Неге күлдіңіз?—дейді жігіт.

—Жас жігіт, ажалға кіріптар болдың ғой деп күлдім,—дейді.

—Айдауыңызға кіріптар болмасақ, ажалға кіріптар болмаспыз,—дейді де, Жұмакелді табалдырықты бір кісі сиятындай етіп қазып, өзі сонда жатады. «Ұйықтап қалсам, ояту үшін «менің қолым емес, пайғамбардың қолы» деп, бір уыс топырақ тастай бер»,—дейді де ұйықтап жата береді.

Әлдене уақытта жауындатып, дауылдатып айдаһар келе жатады. Қыз састы, олай жүгіреді, бұлай жүгірді, жігіттің тірсегіне пышақ салды, былғалап қарап еді, оянбады.

Жігіттің айтқаны есіне түсе қалып: «Менің қолым емес, пайғамбардың қолы»,—деп бір уыс топырақты тастай бергенде жігіт ұшып тұра келді. Қараса, айдаһар келіп қалған екен, далаға шығып еді, тартып безектетіп жігітті алып барады, жігіт қырық құлаш семсерді жазып беліне көлденең ұстай алғанда, айдаһар жұтып жібереді. Семсер айдаһарды екі айырып тастайды, жігіт айдаһардың құйрығынан сыпырылып қалады. Мұны көре сала қыз да жігітке қарай жүгіреді. Жігіт семсерді жинап алғанда, қыз да келіп етегінен: «Мен сендік»,—деп ұстай алады. Жігіт тұра жөнелгенде, қыз артқы етегін кесіп алып қалады. Жігіт кете береді. Қыз белдеудегі боз қасқа ту қойдың жібін мойнына байлап қоя беріп, өзі етегін түріп алып, үйге қарай тартады. Қойшы қой бағып жүрсе, боз қасқа қой қойға келіп қосылады, көре сала қойды тастап сүйінші сұрап, елге қарай шабады. Хан бесін намазын оқиын деп дәрет алып жатқанда қойшы келіп, ханнан сүйінші сұрайды.

—Қызың жүгіріп келеді, боз қасқа қой қойға келіп косылды. Қызың тірі қалды,—дейді.

Хан нанбайды. «Осы антұрған сандырақтап, баяғы желініп қалғанды айтып тұр ма?»—деп ойлайды. Сөйткенше болмай, қыз да келеді. Хан жылап көрісіп:

—Е, неғып босадың?—дейді.

—Бір жігіт келіп айдаһарды өлтіріп, мені тірі алып қалды,—дейді.

—Ол жігіт қайда?

—Қашып кетті.

—Қайда қашып кетті? Неге айрылдың?—дейді хан.

—Мені жұлып тастап, қалаға қарай қашып кетті, ұстай алмай қалдым,—дейді қыз.

—Белгіге еш нәрсе алып қалдың ба?

—Артқы етегінен кесіп алып қалдым,—дейді қыз.

Хан ертеңіне ел-жұртын жиып, той қылып, жұрттың бәрін шақырады.

—Айдаһарды өлтірген адамға қызым мен тағымды берем,—дейді.
Жұрттың бәрі киімінің артқы етегін кесіп әкеледі, бірақ қолдағы кесінді оған ұқсамайды және қыз да: «Бұл емес»,—деп азар да безер болады. «Елде енді кім қалды?»—дегенде: «Пәленнің үйіндегі қонақтар келген жоқ»,—дейді біреулер.

Шақыруға хан бұйрық береді. Шақырған соң қонақтар да келеді. Келуі-ақ мұң екен, қыз:

—Мына жігіт!—деп Жұмакелдіні құшақтай алады.

Етекті салыстырса, дәл шығады.

—Мен қызымды, тағымды беремін,—дейді хан.

—Берсең, мынау бірге туған ағама бересің, бермесең, мен алмаймын,—дейді Жұмакелді. Хан қайқалаққа салып:

—Ойланайық,—дейді, ақырында: «Айдаһарды өлтірген батыр өзің, ағаң батыр емес»,—деген сөзге келеді.

Жұмакелді:

—Ендеше, мынау ағам тұрғанда, мен алмаймын,—дейді.

Батырдың тіресіне шыдасын ба? Ертеңіне «береміз» деп ат шаптырып некесін қиып, тағын беріп, тойын қылады.

Мұнан кейін Жұмакелді демалып, жайланып болған соң, тағы да жүрмек болады. Азық-түлігін дайындап алып жүріп кетеді.

Күндерден күн өтеді. Жұмакелді бір шаһарға жетті. Шаһардың екі жағы ат шаптырым, оның жанында шамасы бес-алты шақырымдай жерде басы аспанмен тірескен ақ күмбез үй тұр. Оған қарамай, Жұмакелді қаланың жанындағы бір кішірек қараша үйге кіреді. Тағы кемпір жылап отыр, жігіт ойға қалды: «Ойпырымай! Осы мен жүрген жерде өңкей жылап отырған кемпір! Кайыры болса игі еді?».

—Шеше, неге жылайсың?—дейді.

—Ой, шырағым, мен жыламай, кім жыласын! Жан дегенде жалғыз ұлым бар еді, бір үш ағайынды алып болатын, анау тұрған ақ күмбез үйде тұрады. Олардың сұлу қарындасы бар еді, соны осы шаһардың ханы алмақ болып, күллі елдің жастарын әскерге жиып, сол ағайынды алыпқа әскерін қырғызып, өзі қашып келді. Кешегі күні сол әскердің ішінде балам кетіп өлді, соны ойлап, жылап отырмын,—дейді.

Жұмакелді ол ақ күмбез үйге қалай баратын жолын сұрады. Кемпір айтты. Мұның бәрін ұғынып алып, жігіт жатып қалды. Ертеңіне тұрып, кешегі айтқан жолға түсіп, теңізбен айналып жүріп отырып, ақ күмбез үйге келді. Даладан келіп:

—Үйде кім бар? Шық!—дейді.

Үйде отырған алыптың ең үлкені ең кішкенесін жұмсады.

—Бар, бар, азамат шақырады. Бар да өлтір, денесін мында алып кел!—деді.

Шыға келіп еді, Жұмакелді оның басын кесіп алып, мына жақ жанына қойды. Үйде отырған екі дәудің үлкені ортаншысын жұмсады.

—Бар! Әлгі антұрған бізге бір жапырақ бермей, жеп қояйын деп жатыр ма?—деді.

Шыға келгенде, Жұмакелді оның да басын кесіп, екіншісінің үстіне қалады. Қалған үшінші алып: «Әлгілер маған еттен бір жапырақ бермей, жеп қояйын деп жатыр ма?»—деп өзі жүгіріп шығады.

Оның басын және қағып, екі інісінің үстіне қалап, үйге кіріп келсе, бір айдай сұлу қыз отыр, көре салып, Жұмакелді шалқасынан түсіп талып қалады. Мұны көрген соң қыз жүгіріп далаға шыға келсе, үш ағасы өліп жатыр, жүгіріп келіп, қанжарды ала сала жігіттің мойнына таяп келді де, ойға түсіп: «Қой, менің ағаларым да талайдың басын кескен еді, бұ да соның бірі шығар, өлтірмейін»,—деп көңілі түсіп, жігітке ғашық болып қалады. Бетіне су бүркіп алып, сөзге келіп, жігітке:

—Сен мына туысқандарымды жөндеп, таза арулап көм, сонан кейін саған некеленіп тиемін,—дейді.

Қыздың үш ағасын таза арулап қояды, мұнан кейін Жұмакелді некесін қиып қызды алады, осымен бірнеше жыл уақыт өтеді. Сол шаһардың патшасы бұл қыздан хабар әкелуге елшілікке кісі іздейді. Сонда жасы жүз жасқа келген, бір қу аяқ мыстан кемпір:

—Мен барып қызды әкеліп беремін, өзімнің тік тұрған бойымдай алтын бер,—дейді. Хан сұрағанын бермек болады.

Кемпір алтыннан қайық жасайды, ішіне алтыннан үлкен сандық жасап салады, оның ішіне жақсы қып мамықтан құс төсек, жастық салып, ішін де алтындап, қайықпен суға түсіп, ақ күмбезден алыс жерге қайығын қойып, Жұмакелді аң аулап жүргенде жолына келіп жатады. Бұл күні Жұмакелді аңнан келе жатса, жолында әлгі кемпір жатыр.

—Е, шеше, не қылған адамсың, қайдан келесің, қайдан жүрсің?—деп сұрайды.

—Ой, қарағым-ай, сұрап не қыласың! Мен сорлы елімді жау шауып, сонан қашып шығып, өлер болып жатырмын,—деді.

—Ендеше, маған шеше бол!—дейді.

Кемпір қуанып кетеді. Кемпірді артына мінгізіп алып келіп:

—Қатын, шық, шешемді түсіріп ал!—дейді.

—Бұл не қылған кемпір? Мұндай кемпір айлакер келетін, алып барып таста, керегі жоқ,—дейді келіншегі.

Жұмакелді кемпірді қайтадан бұрынғы орнына апарып салады, онымен олардың жұмысы болмайды. Кемпір әр жерден бір-бір етектен тезек теріп, үйіп отырып әлгі үйге жетеді, сөйте-сөйте үйге келіп, тезек әкеп беріп, онан отын жағып беріп, онан шайын қайнатып беріп, бірте-бірте сіңіп кетеді. Сөйтіп, жүріп, бір күні келіншекті азғыра бастайды.

—Сен үйде жалғыз отырасың, ойын жоқ, күлкі жоқ... Тым болмаса күйеуіңнің жанын сұрап алып, ермек қылып отырсашы,—дейді,

—Шеше-ау, ол не? Қалай болады?—дейді келіншек.

—Ойбай, қарағым, білмейді екенсің ғой! Батырлардың жаны бөлек болады. Сен бүгін шай ішпей қой, жылап отырып ал, «Неге шай ішпейсің?»—десе, «Жаныңды тастап кет, мен ойнап отырайын»,—де, сонан кейін өзі айтады,—дейді.

—Жарайды,—деп, күйеуі қайтқанда шай ішпей отырып алады.
—Е, не болды? Кел, шайыңды іш!—дейді күйеуі әйеліне.

—Ішпеймін! Далада қызықтың бәрін сен көресің, үйде менде ойын жоқ, күлкі жоқ, жалғыз отырамын. Тым болмаса, маған жаныңды тастап кет, ойнап отырайын,—дейді.

—Жарайды, тамағыңды іш, жатқан соң айтайын,—дейді. Кемпір өтірік ұйықтаған болып, тыңдап жатады. Келіншек жатысымен-ақ байының тынышын алады. Қоймаған соң Жұмакелді өзінің жаны есіктің маңдайшасында екенін айтады. Кемпір естіп алып, ертемен тұрып, есіктің маңдайшасын шапқылап тастайды. Таңертең Жұмакелді тұрып тамағын ішіп аңға шығып кете барады.

—Сұрадың ба?—дейді кемпір.

—Сұрадым, айтты,—дейді.

—Жоқ, ол өтірік, сені алдаған екен, сен кешке жылап тағы отырып ал,—дейді кемпір.

Кешке Жұмакелді аңнан келсе, әйелі жылап отыр.

—Е, не болды?

—Сен жаныңды бермейсің, айтпайсың, алдадың?—деп өксіп-өксіп қояды.

—Жат, жатқан соң айтайын,—дейді.

Жатқан соң әйелі тағы сұрап, Жұмакелдінің тынышын алады.

—Менің жаным түндіктің бауында,—дейді.

Мұны кемпір естіп алып, түнде тұрып түндіктің бауын кескілеп тастайды. Таңертең тұрса, жігіті өлген жоқ, тұра келіп аңға кетіп қалады. Кемпір тағы сұрайды. Келіншек есіткенін тағы айтады.

—Онысы қате, сені алдаған ғой. Енді айтар,—дейді кемпір. Кешке Жұмакелді аңнан келсе, әйелі жылап отыр.

—Е, не болды?

—Сен жанынды айтпайсың?—деп еңірейді әйелі.
—Жарайды, енді айтайын, менің қырық құлаш қанжарым бар, менің жаным сонда. Егер ол қанжарым кетсе, мен өлемін. Қалайша жанымды саған берейін?—дейді батыр.

Кемпір өтірік ұйықтап жатып бәрін естіп алады. Ертеңіне Жұмакелді тұрып аңға кетеді.

Кемпір жүгіріп барып шарап әкеліп, бір құлынның етін жақсылап асып, шарапқа салды. Әйел еттен біраз жеді де құлап қалды. Жұмакелді де білмеді, жеп отыр. Бір уақытта о да жығылды. Кемпір ыдыстарын жинап болып, Жұмакелдіні шешіндірсе, кісі көтере алар емес, қырық құлаш семсерді қолтығының астына байлап алған екен, кемпір семсерді көтере алмады. Болмаған соң сүйретіп апарып дарияға тастап жіберді. Сөйтті де кемпір түк көрмеген адамға ұқсап, келіп жатып қалады. Ертеңіне кемпір тамақ дайындап, әйелді оятады, әйел әрең тұрады.

—Тамақ пісті, Жұмакелдіні оятшы, қарағым!—дейді. Келіншек барып оятайын десе, Жұмакелдінің денесі былқ-сылқ етеді, жүгіріп кемпірге келеді.

—Әже-ау, балаң өліп қалыпты,—дейді.

—Қойшы, жағыңнан алғыр! Мынау не дейді?—деп, кемпір жүгіріп келіп, қараған болып жатыр. Олай-бұлай қозғап көрді. Өлген адам тіріле ме? Көп жыла, аз жыла, ештеңе өнбейді. Келіншек талып қалады. Жеті күн, жеті түн тамақ татпай шала өлік жатады. Бір күні басын көтеріп:

—Әже, балаңды енді таза арулап, жуып көм,—дейді.

Кемпір де жылаған болып жүр. Бір құлаған молаларда кұламаған бір бүтін қабырға тұр екен, өлген адамды кемпір соның іргесіне сүйреп әкеліп, киімімен тастайды да, үстіне моланың қабырғасын құлата салады.

Бірнеше заман өтті, әйел азды. Қуарған қу шүберектей болды. Бір күні кемпір ақыл айтады:

—Қалқам, жылағанмен өлген адам келмейді. Маған да оңай тиіп отырған жоқ. Қайтейін амал бар ма? Тумаса да туғандай еді. Енді жылама, басыңды көтер, тамақ іш,—деп тамақ ішкізеді.

Мұнан кейін кемпір тағы да: «Киіміңді ки, бойыңды көтер, су жиегіне барайық»,—дейді.

Шешесі қастық істейді деген ойында да жоқ, киімін киіп алып, су жиегіне шықты. Жағалап қыдырып жүр еді, күннің астында көз көрім жерде жалтыраған бір нәрсе көрінеді.

—Шеше, әне бір жалтыраған не нәрсе?—дейді.

—Жүр, барайық!—дейді кемпір.

Екеуі жағалап келсе, бір алтыннан жасалған қайық. Кемпір екеуі қайыққа мініп алып, суды қыдырады. Келіншек судың ар жағынан қараса, үлкен сандық тұр, ішін ашып қараса, құс төсек салулы, жұп-жұмсақ бір кісілік төсекті көреді. Кемпір оның көргенін байқайды да:

—Қарағым, ішіне жатып көрші, сияр ма екенсің?—дейді.

Келіншек ішіне кіріп жата бергенде, кемпір сандықтың аузын жаба қойып, сумен жүзіп отырып, ханның үйіне келеді.

... Күйеуі өзі өлмей тұрғанда қызға ағаларының барлығын айтқан, оларды қыз жақсы біледі, кемпірге тісін басып жүр, байын да сол өлтіргені енді сезіле бастады. Қызды әкелген соң хан ат шаптырып, той қылып, мәз-мәйрам болып жатыр. Қызда ойын да жоқ, күлкі де жоқ, тек отыру. Хан қызға сөз салдырады.

—Мен қазір ханға тимеймін, мен қайғылы болып отырмын, отыз күн ойнымды, қырық күн тойымды істесін, оған дейін ханның сол салтанаты арқасында қайғымды ұмытайын, онан кейін ханға тиейін,—деді қыз.—Және маған күтуші етіп, өзімнің үйренген шешемді берсін, өзіме жеке үй тігіп қойсын, басқа жан онда аяғын басушы болмасын.

Сұлудың сөзі екі бола ма?! Бәрі орындалып жатыр. Бұлар осымен жата берсін.

Енді Әшкенге келейік. Әшкен бір күні далаға шығып, уәзірлерімен тұрса, аспанда бір жұлдыздан қан тамып тұр екен. Көре салып Әшкен:
«Уф, менің інілерімнің бірі өлген екен!»—деп үйге кіріп, уәзірлеріне жылдам ат, әскер, азық дайындап, ертең бір жерге жүретінін айтып, жатып қалады. Таңертең уәзірлері келіп:

—Хан тақсыр! Кешегі айтқаныңыз даяр болды,—дейді. Хан барып киімі мен сауыттарын киіп, садақтарын алып, жүз әскер мен алты айлық азық алады, тұлпардан жүз атты мініп, жүзін жетекке алып, інілерінің кеткен бетімен бұ да жүреді. Жүріп келеді. Тұлпарға жол алыс па? Әлдене бір уақытта шаһарға жетеді. Қаланың шетіндегі бір лашық үйге тоқтап, ханның ордасын сұрайды. Біреу орданы көрсетеді. Келіп қонақтар түсіп жатыр, ханның даяшылары жалақтап қонақтарды қонақ үйге әкеліп, күтіп жүр. Ханның бас уәзірі келіп жүріп Әшкенге көзі түсіп: «Мынау біздің ханымыз емес пе?»—деп бетіне қарап, киімі басқа болған соң, ханның ордасына кіріп келсе, хан үйінде отыр.

—Хан тақсыр!—деді уәзір.

—Не арызың бар? Айт!—деді хан.

—Қонақтардың ішінде бір адам бар екен, сізден ешбір аумаған. Жаңа сіз екен деп, сөйлесе жаздадым,—деді.

—Жансыз болып білші. Менің туғаным болатын, бірақ ол кісі хан болатын. Егер сол болса, мұнда келсін,—деді.

Уәзір жүгіріп шығып қонақтардың бірінен жөн сұрады. Уәзір жүгіріп келіп өз ханынан сүйінші сұрады. Хан өзі келіп, Әшкенге сәлем беріп, амандасып, жай-күйін айтты.

—Мүшкен, енді сен тірі екенсің, өлген Жұмакелді болды. Қару, күш жина, ертең іздейік,—деді Әшкен.

Таң атқанша барлық қару-жарақ, ат, көлік, әскер даяр болды. Жұмакелдінің кеткен бетіне қарап, екі хан жүріп кетті. Тұлпарға жер алыс па? Ә дегенше, бір шаһарға жетіп келді. Бұлардың шаһары бұл шаһарға қарағанда шаһар емес, бұлар шаһарға қарап, таң қалды. Жөн сұрауға қаланың шетіндегі бір лашық үйге кісі жіберді. Бұл үй Жұмакелдінің алғашқы түскен үйі екен. Кіріп келсе, бір кемпір жылап отыр.
—Е, шеше, неге жылайсың?

—Ой, қарағым, мен жыламай кім жыласын? Тірі баладан тірі айрылып, өлі баладан өлі айрылып отырмын,—деп өз баласының өлгенін, онан кейін Жұмакелдінің ақ күмбезге кеткенін, онан хабарының жоғын айтты. Ол бала іздеп кеткен қызды хан алып келіп, отыз күн ойыны болып, қырық күн тойы болып жатқанын айтты.


Әшкен тұрып:

—Кәне, баяғы өнерің қайда?—деген соң Мүшкен ішін босатып алып, ышқынып суды бір ұрттап алғанда, құп-құрғақ болып, жол ашылып қалды, әскерлері бері өтіп алды. Ақ күмбез үйге жақын келсе, жерді сызып бір із жатыр. Әшкен көрген заманда-ақ:

—Мынау, Жұмакелдінің семсерінің ізі екен,—деп, ізге түсіп отырса, үйден шығып, суға келіп тіреледі.

—Кәне, тағы ұрттап көр!—деді Әшкен Мүшкенге.

Мүшкен суды ұрттап алып еді, ештеңе де көрінбеді. Суды қайта құйып жіберді. Әлдене уақытта күшін жинап, қайта тартқанда жердің бір қабат қыртысы ұртталды, сосын жылтыраған бірдеме көрінді, қазып жіберіп қараса, семсер бүктелген қалпында құмға кіріп жатыр екен, ала сала мола біткенді әскерлерге ақтартса, Жұмакелдінің тәні сары тат болып киімімен жатыр екен, алып жуындырып жіберіп, Әшкеннің өзі: «Менің қолым емес, пайғамбардың қолы»,—деп семсерді бұрынғы орнына байлап жібергенде, бала көзін ашып тұра келді.

—Өте қатты ұйықтап кеткенмін,—деді.

—Ұйықтаған жоқсың, өліп тірілдің,—деп еді, нанбады. Үйіне келсе әйелі де, шешесі де жоқ, кемпірдің түбіне жеткенін сонда ғана білді. Жұмакелді барды да тоғай толған жылқыдан екі жүз ту биені айдап келіп:

—Мынаны тамақ қыла беріңдер! Мен хан жаққа барып келейін,—деп жанына бір батырды алып кетіп қалды.
Келсе, ел жиналған той, ханды сол табанда ұстатып алып, өз уәзірлеріне бұйрық беріп, дарға тартқызды. Ханның көмекші уәзірлерінің бәрін адамына өлтіртіп, үйге келсе, келіншек аппақ қудай болып жүдеген, құр сүйек, тек ілініп отыр екен. Жігіт кіріп келгенде келіншегі талып қалды. Жылауға да шамасы келмеді. Оны жұбатып, қуантып алып, кемпірді ұстатып, тірілей сойып өлтіреді. Өзі ханның тағына мінеді. Сөйтіп, туғандарын қайта қайырды.

Әке-шешесін, баяғы моладағы алтынды алдырып, үшеуі үш жерге патша болып, барша мұратына жетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру