Қиял-ғажайып ертегі: Алтын жүзік

Қиял-ғажайып ертегі: Алтын жүзік

Баяғыда Мұрат деген кісі жол жүріп келе жатып қатты шаршайды, шөлдейді. Бір уақытта жалғыз үйге кез келеді. Үйге келсе, бір әйел отыр, әйелдің қасында екі күшік жүгіріп жүр. Мұрат бүгін осында қонайын деп үйге түседі. Өзінің қатты шаршап келе жатқанын Мұрат жаңағы үй иесі әйелге айтады: «Нансаңыз, мен бір жолаушымын, жол үстінде дәм айдап осы үйге келіп отырмын, бар тамағыңды пісір, бізге ақың кетпес, пұлын берем»,—дейді ол. Жаңағы әйел етке, қымызға Мұратты тойғызады, тамақ ішіп болғаннан кейін бір-бірінен жөн сұрасады. Әуелі Мұрат келе жатқан жағын айтады.

Жаңағы бейтаныс әйел осы иен далада неғып отырғанын айтады.

—Менің күйеуімнің бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс. Ол қазір адам іздеп, әрі малын бағып далада жүр, кешке қарай келеді. Ал маған көрсеткен қорлығы ұшан-теңіз. Мен адам атаулыны көрмегелі бірталай жылдар болды. Енді адам атаулыдан сізді көріп отырмын. Мені осы пәледен құтқара көріңіз,—дейді. Мұрат бұған ықылас білдіреді. Әйел: «Енді оның келуі алыс емес, біз енді кететін болсақ, тез кеткеніміз жөн, өйткені ол сондай жүйрік, біздің бір күнде жүрген жерімізге ол көзді ашып-жұмғанша жетіп келеді. Ал енді біз осы үйді жығып тастап, әр затын әр жерге қояйық, сосын балаларының бәрін үйден алыстатып біреуін батысқа, біреуін шығысқа, енді біреуін темірқазық жұлдызының бағытына қарай апарып тастайық. Содан кейін тез кетейік. Ол балаларын жинап, заттарын түгендеп жүргенде біз біраз жерге барып қалармыз»,—дейді. Мұрат пен әйел осының бәрін істейді де, кетіп қалады. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс үйге келіп заттарын түгендеп болып, енді әйелін іздеуге кіріседі.

Бұл кезде Мұрат әйелмен екеуі біраз жерге жүргеннен кейін аттарын сұрасады. Жаңағы әйелдің аты Ханым болып шығады. Мұрат: «Қалай мұның қолына түсіп жүрсің?»—деп сұрады.

—Біздің үйдің бір қолға тұрмайтын асау аты болатын, соны іздеймін деп елден алысқа шығып кетіппін. Бір мезгілде қарасам, атым бір бұтада байлаулы тұр екен. Бұл бұта болмай, сақалы қырық қарыс, сиқыр болып шықты. Атымды сұрайын деп жақындап келгенімде, ол мені шап беріп, ұстай алып аяқ-қолымды буды да үйіне алып келді. Атымды ертеңіне сойып жеді. Күніне бір қара жейді. Сізге жолыққанға дейін маған көрсетпеген қорлығы жоқ, жүрісті тездете түсейік, манағы енді ауылға келді, қаттырақ жүру керек,—дейді Ханым.—Егер бізге жететін болса, онда сіз биік талдың басына шығып кетіңіз. Талға шығам десе, оның сақалы талдың бұтағына оралып қалады. Сіз сол кезде оны бар күшіңізбен ұрыңыз, сонда ол өледі, ал бұдан басқа жаққа барсаң құрыдың,—дейді.

Олар бір жерге келіп жатады. Таңертең тұрса, қасындағы Ханым жоқ болып шығады. Бір уақытта бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс келеді. Мұрат қаша жөнеледі. Қашып келе жатып, бір теректің басына шығып кетеді. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс терекке қарғиды. Қарғығанда бұтаққа сақалы ілініп, сақалынан тартып теректің басына шығады. Мұрат енді теректен түсе қашып, бір тауға келеді. Таудың басына шығып бойы бір қарысты таспен атқылайды. Бойы бір қарыс лақтырған тасты қағып алып, өзіне қайта лақтырады. Сөйтіп, екеуі көп атқыласады. Ақыры бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс теректен түсіп, енді таудың басына шығып келе жатқанда, аяғы тайып кетіп, сайға құлап өледі.

Мұрат баяғы бағытымен жүре береді. Мұрат бейқам келе жатса, алдынан төбелесіп жатқан бір ақ жылан, бір қара жылан кездеседі. Мұрат тұра қалып төбелеске қарап тұрады. Қара жылан ақ жыланға едәуір қысым көрсетіп, тықсырып бара жатады. Мұрат «осы ақ қой» деп, ақ жыланға болысып, қара жыланды жығып береді. Қара жылан өлгеннен кейін ақ жылан бір сілкініп сұлу жігіт болып шыға келеді. «Осы көмегің үшін мен сізге не сыйласам екен? Біз екеуіміз де патша едік, қара жыланның ақ жыланға бір жыланы қосылып кеткен еді, сол үшін төбелесіп жатқан едік, менің халімді өзің көрдің, енді болмағанда өлер едім, мені сен арашаладың, саған мен үйдегі алтын жүзігімді берейін. Ол жүзік қолда тұрса, бай да боласың, патша да боласың. Болмайтын затың жоқ. Енді мен соны саған берейін, ренжімей ал»,—дейді ақ жігіт.—Қазір менің арқама мін де, көзіңді жұмып отыр. «Аш» деген уақытта көзінді ашарсың,—дейді жігіт одан әрі.

Мұрат жігіттің арқасына мініп, көзін жұмып отырады. Бір уақытта «аш» дейді. Көзін ашса, қасында ақ боз ат байлаулы бір үй тұр. Ішінде бір кемпір-шал отыр, бұлар жаңағы жігіттің әке шешесі екен. Жігіт шешесінен жүзігін сұрайды. Шешесі бергісі келмейді, бірақ баласының көңілін қимай жүзікті алып береді. Мұрат жүзікті алғаннан кейін бұрынғы бағытымен жүре береді. Ақыры бір елге келіп, сол елде тұрақтайды. Мұрат жүзікті алғаннан кейін бай бола бастайды. Бұның қалай байып жүргенін жұрт біліп қалады. Бір күні Мұрат шарап ішіп мас болып отырып бар сырын қасындағы жолдастарына айтып қояды. Бұны жолдастары халыққа жайып: «Мұраттың үйінде керемет бар екен?»—деседі. Бір күні осы үйге кемпір келіп қызметші болады. Ол осы үйге сіңіп алып, шаруашылығына да араласа бастайды. Ол текеметтің арасындағы жасырып қойған жүзікті ұрлап алып, кетіп қалады. Мұрат сөйтіп, жүзіктен айрылып қалады. Бірақ жүзікті осы үйдегі мысық пен тазы іздеп шығады. Кемпірдің үйі көп үйдің ішінде екен дейді. Мысық пен тазы жолға шыққан соң «кемпірдің үйін қалай табамыз» деп ақылдасады. Тазы айтады: «Ол үйге мен барайын»,—дейді. Сонда мысық тұрып: «Қайта мен баруым керек, сені ол ауылдың иттері жарып тастайды, ал мен болсам иттер келіп қалғанда, секіріп талдың басына шығып кетемін. Сен жұрт ұйықтағанда кел»,—дейді. Сөйтіп, кемпірдікіне әуелі мысық кетеді. Мысық үйге бара бергенде бес-алты ит көріп қалып, қуып береді. Мысық үйдің үстіне шығып кетеді. Үйдің үстіне шыққан мысық жарықтан сығалап, үйдің ішіндегінің бәрін көреді. Төрде бұрынғы кемпір отыр, қасында екі-үш баласы бар. Бұл күндері байи бастаған кемпірдің есігінің алдында екі жүздей қой жайылып жүр.

Жұрт жатып көзі ұйқыға кеткенде, мысық тазыны үйге шақырады. Кемпір қолына жүзік түскесін мас болып «жүзік түгіл Мұраттың үйінің құты мына мысық пен тазы да маған келіп отыр» деп күпінеді. Мысық пен тазы осы үйге сіңіп алады. Бір күні кемпірдің үйінде адам қалмайды, бәрі шаруашылығына кетеді. Үйде қалған мысық пен тазы жүзікті іздей бастайды. Жүзікті кемпір сандыққа салып қойған екен. Бұлар оны тауып алып қашып кетеді.

Жүзікті Мұратқа әкеліп береді. Мұрат мысық пен тазыға разы болып күтіп, тамағын тойғызып бағады, асырайды. Жүзікті күндіз мысық, түнде тазы күзетеді. Сөйтіп, жүзік ешкімнің қолына түспей, Мұратты байлыққа, бақытқа жеткізеді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру