Сатиралық ертегі: Көктелпек, Жамантелпек

Сатиралық ертегі: Көктелпек, Жамантелпек

Ол бір заманда Көктелпек, Жамантелпек дейтін ұрылар болыпты. Көктелпек – әкесі, оның баласы – Жамантелпек.
– Әке, сенің ұрлыққа шеберлігің қандай? – депті Жамантелпек.
– Не қандайын сұрайсың, балам, мен ұя басқан сауысқанның астынан жұмыртқасын сездірмей аламын, – депті Көктелпек.
Көктелпек тау басындағы ұя басып жатқан сауысқанның жұмыртқасын ұрлауға өрмелегенде, баласы әкесінің станын ұрлап алып қалады.
Қайтып келіп, Көктелпек баласына:
– Қалай, ұшырмастан сауысқанның астындағы жұмыртқасын ала алдым, – деп, мақтана сөйлейді. Баласы да:
– Я, сіз өте шебер екеніңіз рас, ал мен сіздің станыңызды қалай білдірмей алдым, – дегенде, Көктелпек өз бойына қарап, киімінің жоқ екенін көріп, ұялып:
– Я, балам, сенің ептілігің артық екеніне көзім жаңа жетті, – депті әкесі.
Ханның атақты арғымақ аты болады. Атты тас сарайға аузына кілт салып, бағады. Ұрылар ханның атын ұрлап әкетуге қанша аңдыса да, шығарып әкете алмайды.
Бір күні Көктелпек баласы Жамантелпекті қыр астына қалдырып, өзі ат тұрған сарайға келіп, қақпасын ашып, ішке кіре бергенде, қақпаның ішкі жағына ор қазып, ішіне желім құйып қойған екен. Көктелпек орға түсіп кеткенде, желімге тұтылып, шыға алмайды.
Әкесі кешіккесін Жамантелпек сарайға келсе, әкесі әбден желімге оралып, қалжаураған екен. Жамантелпек шығарып әкете алмайтынына көзі жеткесін, атты ордан секіртіп алып шығады да, әкесінің басын кесіп, алып кетеді. Жамантелпек қара торы түсті аттың бір жағын бормен бояп және өзінің де бір жағын басынан аяғына дейін ақ бормен ағартады да, күні-түні жүріп, бір шетке асып кетеді.
Ертемен ханға атының жоғалғаны хабар етіледі. Барса, басы жоқ адамның өлігі жатады. Бірақ оны ешкім тануға да болмайтын еді.
Елден ізшілерді жинап алып, жүз қаралы адам мен хан ұрыны ізімен қуып келеді. Алдарынан бір топ ел адамдары ұшырайды. Олардан сұрағанда:
– Көрдік, бірақ сіздердің жоқтарыңа ұқсамайды. Біз көрген ақмоншақ аты бар ақ киімді адам, – депті.
Екінші көрушілер:
– Қара торы атты, қара киімі бар, – дейді.
Үшінші көргендер:
– Ақ атты, ақ киімді, – дейді.
Төртіншісі де соны айтады.
– Сонымен біздің жоғымыз ол емес, бізге қара торы ат мінген адам керек, – дейді де, еліне кері қайтады.
Жамантелпек сол кеткеннен кетіп отырып, басқа ханның қол астына өтіп кетеді.
***
Ханның күйеуге берілмеген асқан сұлу қызы бар екен. Хан бір күні сауын айтып, үлкен той қылып, тойға жүйрік аты бар, күресетін палуаны бар, атқыш мергендер келсін деп, жарлық етеді хан. Жиынға Жамантелпек те келеді.
Кімде-кімнің бәйгеден аты келсе, күресте жықса, байланған алтын қабақтың ақшасын атып түсіргенге қызымды беремін, бәйге – сол, – депті хан. Хан ордасының маңында белгіленген орынға халық жиналады. Ханның сұлу қызын алуға кімнің көңілі аумас, талай ханның, байдың балалары да, басқа елдің саңлақтары жүйрік аттарын, палуан жігіттерін, атқыш мергендерін әкеледі. Алдымен ат бәйге болады. Жамантелпектің қара торы аты бірінші болып келеді.
Күресте бірінші болып, Жамантелпек жығады. Ақшаны да бірінші болып, Жамантелпек атып түсіреді.
Отырған топтың ішінен күңкіл көбейе бастайды.
– Сонда осы ханның қызын жалғыз атты жолаушы қаңғып, әкете ме? – дейді олар.
Хан да белгісіз атағы жоқ біреуге қыз беруді қош көрмейді. Хан ойлады ішінен «мен қызыма отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймын. Содан кейін ғана қыздың отауына кіруіне болады дейін, одан бұрын шыдамай барса, күйеуді дарға астырып, өлтірейік», – дейді де, қыз тұрған отауға ойын тойы бітпей, күйеуге кіруге болмайтынын, тәртіпті бұзса, ауыр жазаға бұйырылатынын жариялайды.
Хан шанымды келіндеріне:
– Егер, – дейді, – менің кесімді күнімнен бұрын қыздың отауына кірсе, білдірмей, Жамантелпектің айдарын кесіп алып, маған хабар беріңдер, – деп тапсырады.
Ханның қызына арнаған тойы болып жатты. Жамантелпектің срокті күнді күте-күте шыдамы таусылды.
Жамантелпек қыз жеңгесін шақыртып алып, былай деді:
– Мен қалыңдығыма көрініп, өз аузымнан тілдесуді арман етемін. Сондықтан саған көп алтын берейін, сен қыздың ризашылығын алып кел, – дейді.
– Мақұл, – дейді жеңгесі. Бірақ манағы ханның тапсырма беретін келіні де осы болатын.
Жеңгесі қызға барып, күйеудің сәлемін айтты. Қыз ризалық етті. Сол күні Жамантелпек қыздың отауына барып, хан қызымен бірге болды.
Жамантелпек отауда қалғып кеткенде оның айдарын кесіп те әкетті. Оны Жамантелпек те оянысымен-ақ сезді. Енді хан алдында жазаланатынына көзі жеткенсін Жамантелпек ханның өз үйіне ұрланып кіріп, ханның айдарын да кесіп алады. Хан оны білмейді.
Ертеңгісін бүтін елдің ер адамының бірін қалдырмастан хан ордасына жиналуға уәзірлеріне бұйрық етті. Халық жиналып болғаннан кейін хан сөз сөйлеп, былай деді:
– Осы тұрған ер азаматтар біреуі қалмай, түгел бас киімін алсын, кімнің айдары кесілген болса, сол адам дарға асылсын.
Түгел бас киімін алады. Айдары кесілген Жамантелпекті жендеттер дарға алып та келіпті.
– Дат, – депті Жамантелпек.
– Датың болса, айт, – депті хан.
– Тақсыр, айдары кесілген адам дарға асылатын болса, өзіңіз де асылуға тиісті екенсіз, – депті.
Хан қолымен басын сипап қалып, өз айдарының да кесік екенін біліп, «болмады, босатыңыз Жамантелпекті», – деп, жарлығын екі етіп, қызын Жамантелпекке қосыпты.
Жамантелпек ханның қызына үйленіп, қызын алған соң ханның елінен көшіп, басқа хандыққа барып, орын тебеді.
Күн өтеді, ай өтеді, жыл өтеді. Үйрене келе, сол ханның баласы Жамантелпектің әйелімен ашына болады. Оны Жамантелпек те сезеді де, әйеліне Жамантелпек:
– Мен сапар шығуға ойлап отырмын. Маған бір аптаға жеткендей азық пісіріп бер, – дейді.
Жалма-жан әйелі де азығын пісіріп беріп:
– Құдай сапарыңды оңдағай, аман барып, қайта гөр, – деп, жылап қала барады.
Сол күні ел тегіс жатқан мезгілде Жамантелпек айналып, үйіне келіп, білдірмей, кіріп қараса, әйелінің қасында ханның баласы, екеуі де ұйықтап қалған. Жігітті буындырып өлтіреді де, өзі шығып кетіп, терезе қағады. Әйелі оянып, қасындағы жігітті қолымен қозғап:

– Тез тұр да кет, біреу терезе қағады, – дейді.

Қозғалмайды.

– Саған не болды? Бол, тұрсайшы, – деп жұлқылайды, тұратын жігіт жоқ.

– Аш есікті, – деп ақырады Жамантелпек. Амалсыздан есік ашады әйелі.

Жамантелпек кіріп:

– Мынауың кім? – деп, шошыған пішінмен өліп жатқан жігітті нұсқайды. Үн жоқ әйелде, тек жылай береді.

– Мынаны жоймасаң, сені де, мені де хан құртады. Қалайда жой, – дейді.

– Енді не істеймін, ақылын сен айт, мен енді құрыдым, – [деп], еңірей береді әйел.

– Әй, сен босқа жылағаныңмен түк шықпайды. Одан да осынау арада ханның жылқы суаратын терең құдығы бар, арқалап алып бар да, салып жібер, – дейді Жамантелпек.

Әйел жігітті арқалап, құдыққа жөнелгенде, Жамантелпек атын мініп, құдық басында алдынан шығады.

Әйел өлікті арқалап, үйіне жүгіреді. Үйіне барса, Жамантелпек:

– Неге алып келдің, тез арада салып кел, – деп, қайта жұмсайды. Алдынан тағы шығады. Сонымен әйелі өлексені арқалап, он барып, он қайтып әкеледі. Әйелдің есі шығып, дымы құриды. Әйеліне:

– Осы құтылмас азапқа не үшін кез болғаныңды ұғамысың өзің? – деп сұрайды.

– Еріккендіктің ермегі, опасыздықтың оры болады. Жамантелпек, ұрпағың өссін, үмітің гүлдесін. Құтқар мені осыдан, – деп, өтініш етеді.

– Жарайды, ендігісін өзім реттеймін, – дейді Жамантелпек.
Өлген ханның баласын әбден киіндіреді де, басына ақ сәлдесін орап, таң алдында ханның үйінің сыртына жайнамаз жайып, асатаяғын қасына шаншып, құбылаға қаратып, сарта жүгіндіріп отырғызып кетеді Жамантелпек.
Ертемен тұрған хан үй сыртында отырған баласын көріп, намаз оқып, Құдайға құлшылық етіп отыр ғой дейді де, үйіне қайта кіріп кетеді.
Ертеңгі шай әзірленгеннен кейін бір баланы:
– Бар, ағаңды шайға шақыр, – дейді хан.
Бала:
– Ағам шайға шақырсам, үндемейді. Көзін жұмып отыр, – деп, қайтып келеді.
Екінші барған бала:
– Аға, жүр деп, иығынан ұстап, қозғап едім, жатып қалды, тіл қатпайды, – деп келеді.
– Осы оңбағандар не деп сандырақтайды, – деп, хан өзі барса, баласының өліп жатқан түрін көріп, шошып кеткен хан айқайлап жібереді.
Хан жалғыз ұлының қазаға ұшырағанына қатты қайғырады. Ат жетер жерге хабар салып, ел-жұртты жинап алып, бақсы, балгерлерді жинап, баласының қазасының неден болғанын біліп, айтып беріңдер, – деп, жарлық етеді.
Бірақ ешбіреуі де таба алмайды. Жиналған көп:
– Оны табатын көршілес елдің ханының шешесі табады, – дейді біреу.
Хан қос атпен кісі жіберіп, соны алдырады. Көпшілік арасында әңгіме бола бастады, «ол – көріпкел, табады», – дейді. Бұлардың ішінде Жамантелпек те болады.
Бақсы қобызын алып, сарнай бастайды. Сол мезетте сыртта «жау, жау» деген дауыстар, аттың шапқан дүбірі естіледі. Үйдегі отырған көп дүрліге шығады. Үйде жалғыз кемпір қалады. Жамантелпек кемпірді қымыз құйылған сабаға салады да жібереді, өзі сырттағы көпке араласып кетеді.
Сырттағы аттың дүбірі Жамантелпектің жолдастары екен, күні бұрын сөйлесіп қойған. Үйдің үстінен көп жылқыны қуып өткен жылқышылар болып шығады.
Хан үйге келсе, бақсы кемпір жоқ, одан-бұдан іздейді. Бірақ кемпір жоқ. Жау деген хабардан қорқып, үйіне қашқан болар деп жориды жұрт.
Хан әйелдеріне, қызметшілеріне, отырғандарға қымыз әкелуге қосады. Сабадағы қымызды құйып қалғанда, сабадан кемпірдің екі аяғы шығады. Суырып алса, бақсы кемпірдің өзі.
Хан сасады. Өзінен де күшті ханның шешесі, не істерін білмейді. Ақырында хан:
– Осы кемпірдің пәлесінен мені ақыл тауып, құтқарар болса, мен сол адамға не тілесе де, берер едім, – дейді.
– Олай болса, мен құтқарамын, – дейді Жамантелпек.
– Маған күймелі арба, екі асау ат алдырып бер, – дейді.
Бәрін де сұрағанының дайын етеді хан.
Жамантелпек күймеге екі асау атты жегеді де, қасына өлген кемпірді отырғызып, қолына ұшы біздей етіп, өткір темір үскі алады да, кемпірдің ауылына жүріп кетеді.
Ауылға жақындағанда ауылдың балалары, «әжем келеді» деп, жүгіреді. Оған қоса иттер де шабады. Жамантелпек те екі аттың санына үскіні қадап-қадап қояды. Асау аттар үркіп ала жөнеледі. Кемпір – бір жаққа, Жамантелпек екінші жаққа ұшып кетеді.
Ханның ауылының адамдары да жиналып, келіп үлгереді. Келсе, кемпір өліп қалған, Жамантелпек өлім халінде жатқанын көріп, алып барады.
Құдай қазасы, амалы қанша, хан шешесін жерлеуге бұйырады. Жамантелпек «жазылып», ауылға барады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру