Уәзір мен шал

 Уәзір мен шал

Сейпін деген хан болыпты. Ханның Мүбәрак дейтін уәзірі болыпты. Ханның уәзірі ханға айтыпты:

— Ханда 40 кісінің ақылы бар дейді, егерде сізде 40 кісінің ақылы бола тұрып, дау болса, жаңжал болса бізге неге жолдайсыз, өз бетіңізбен неге бітіріп жібермейсіз? Бізбен неге ақылдасасыз? – депті. Сонда хан айтыпты:

— Ханда 40 кісінің ақылы бар екендігі рас. Бірақ бір жерде Самыр деген шал бар, сол шалда 40 ханның ақылы бар. Сол шалды мұнда қонаққа шақырып кел, – депті хан уәзірге. Мүбәрак Самыр шалды қонаққа шақырып әкеліпті.

Хан шалдың тамағын беріп сыйлап отырады. Уәзір отырып: «Бұл жаман шалдың қандай қасиеті бар, мынау жеті руды билеген хан, ал анау шал – кедей», – деп ішінен ойлап отырыпты. Хан шалға айтады: «Мен сізге таңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып, тазалап жібергейсіз», – депті. Уәзір не деген сөз екендігіне түсінбей қалыпты. Шал ханға айтыпты: «Хан, мен беске бірді қосып алтау қылып таңертеңнен кешке шейін алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау!» – депті. Уәзір тағы не деген сөз екендігіне түсінбей қалады. Шал кетеді. Үш күннен соң хан уәзіріне: «Шалға қонаққа барып кел», – депті. Уәзір келсе жаман үйі бар, үсті-басы күйе-күйе шал барын береді, кеңесіп отырады. Самыр шалға уәзір айтады: «Сізге менің бір сұрауым бар», – дейді. Шал «сұраңыз» дейді.

— Кеше сізге хан: «Таңертең бір құс жіберем, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер», – деп еді, сол не сөз?» – дейді. Шалдың сөзі: «Балам, мен кедей адаммын ғой, сонымен күн көріп отырайын, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой!» – депті. Уәзір бір қалта алтын беріпті. Уәзір «Тағы бір сұрауым бар» депті. Шал: «Сұра, балам», депті. «Сіз кеше ханға беске бірді қосып алтау қылып таңертеңнен кешке шейін алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау» деген сөзіңізге түсінбей қалдым-ау», – депті. Шал: «Балам, мен кедей адаммын ғой, ақылыммен күн көріп отырған, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой!», – депті. Тағы бір қалта алтын беріпті. Сонда 40 ханның ақылы бар деген шалдың шешкені: «Балам, осы саусағым нешеу?» депті. Бесеу ғой! Соған бірді қосшы, нешеу болады?»

— Алты болады.

— Ендеше, таңертеңнен кешке шейін жұмыс істегенде тапқан-таянғаным ішіп-жеуіме жетпейді деген сөзім еді. Ал ханның «Таңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер» дегені ол мынау: — құс сен, екі қалтаңды тазалап сыпырдым ба? Енді жүре бер, – депті шал ханның уәзіріне. Сонда барып уәзір шалда 40 ханның ақылы бар екендігіне сенген екен.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру