Қазақ әдебиеті | Құлыншақ ақынның әдеби мұрасы

 Қазақ әдебиеті | Құлыншақ ақынның әдеби мұрасы

Мазмұны

Кіріспе
1 - ТАРАУ. ҚҰЛЫНШАҚ АҚЫННЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1.1. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер.
1.2. Құлыншақтың ақындық өнері жөніндегі көрнекті ақындардың ой-пікірлері.
1.3. Құлыншақ ақын шығармаларының жариялануы, зерттелуі.

2- ТАРАУ. ҚҰЛЫНШАҚ АҚЫННЫҢ ТОЛҒАУ, АРНАУЛАРЫНЫҢ ЖӘНЕ ТЕРМЕЛЕРІНІҢ ТАНЫМДЫҚ, ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
2.1. Толғаулары
2.2. Арнаулары.
2.3. Термелері мен өсиет, насихат, төрелік айту мәндегі өлеңдері.

3-ТАРАУ. ҚҰЛЫНШАҚТЫҢ АЙТЫСТАРЫ МЕН САЛТ ӨЛЕҢДЕРІ ҮЛГІСІНДЕГІ ШЫҒАРМАЛАРЫ
3.1. Айтыстары.
3.2. Сөз қағысулары.
3.3. Жоқтау, көңіл айту, бата түріндегі өлеңдері.

ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Кіріспе
Халқымыздың өткен замандардағы тарихын, рухани тыныс-тіршілігін танып-білуде көркем сөз шеберлерінің қалдырған әдеби мұраларының маңызды орын алатындығы белгілі.
Дүние танымы, ақыл-парасаты өзге ұлттар мен халықтардан бір де кем түспейтін дана халқымыз өмір сүру, шаруашылық кәсібі салтына орай өзінің арманы мен мұңын, ой-толғаныстарын шешендікпен ауызша түрде айтумен қатар, жазып та тәлім-тәрбиелік ойларын әр түрлі тәсілдермен ұрпақтарына насихат, өсиет етіп қалдырып отырған екен. Зерделі ұрпақ ата-бабаларының өнегелі ойлы сөздері мен өлең-жырларын бірінен-біріне жеткізіп мұра етіп отырған. Ауызша айту дәстүрінің әсерінен және тарихи жағдайларға байланысты көптеген әдеби мұралардың біздің дәуірімізге түгелдей сол күйінде жетпегені де белгілі.
Хандық дәуірдегі жыраулар мен ақындардың телегей теңіздей жырларының аздаған үлгілерінің ғана жетуі бұл ойымызға дәлел болады. Әрісін айтпағанның өзінде уақыт жағынан дәуірімізге жақынырақ болып келетін XIX ғасырда өмір сүрген сөз шеберлері шығармаларының өзі де толық жетіп таныла қойған жоқ.
Заман шындығын әрқайсысы өз танымдары тұрғысынан қарап оны өз шығармаларында көркем бейнелей білген ақындардың шығармаларына кеңес дәуірінде әр түрлі пікірлер айтылып, әрқилы бағаланып, көптеген сөз зергерлерінің шығармашылықтары жете зерттелмей, көпшілік қауымға біржақты ғана айтылып, шығармаларының жариялануының өзіндік қиыншылықтары болып келгендігі еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, қазіргі кезде ашық айтыла бастады.
Елбасымыз Нұрсүлтан Назарбаевтың басшылығымен арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалынып, оны іске асыруға бағытталған іс-шаралар атқарылып жатыр. Кеңес дәуірінде зерттелмей, халқымызға толық танылмай келген рухани, әдеби мұралардың қатарында кезінде өз бағасын ала алмай келген зар заман әдебиетінің XIX ғасырдағы көрнекті өкілдері болып саналатын Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір сияқты ақындардың қатарында өз шығармаларына заман шындығын арқау етіп, оны көркем бейнелей білген көптеген ақындардың шығармашылықтарының әлі де халыққа жан-жақты танылмай келген жақтары бар. Солардың бірегейлері - Оңтүстік өңірінде XIX ғасырда өмір сүрген Майлықожа, Құлыншақ сияқты ақындар. Біз бұл дипломдық жұмысымызға осы мәселеге қатысы бар деп санап Құлыншақ Кемелұлының шығармашылығын арқау еттік.
Дипломдық жұмыстың тақырыбы: «Құлыншақ ақынның әдеби мұрасы».
Өзектілігі: Құлыншақ ақын - ақындық өнерпаздығы кезінде өзі өмір сүрген өңірге ғана белгілі болып қоймай, Сыр бойы, Арқа, Оңтүстік, Жетісу өлкелеріне танымал болған сөз зергерлерінің бірі. Ол жөнінде Жамбыл, Бұдабай, Майлықожа сияқты белгілі ақындарымыздың берген бағалы ой-пікірлері олардың өлең-жырларында айтылған.
Құлыншақ ақынның қазаққа кең танымал болғандығы оның өз өлең-жырларынан да, кейінгі ақын шәкірттерінің шығармаларынан да айқын көрініс тауып отырады. Кезінде көбісі жазылып хатқа түспегендіктен ақынның шығармалары ауызша айтылумен үзік-үзік болып, толық күйінде жетпей, жете танылмай келді. Оның үстіне иманына ислам дінін негіз етіп «Әр сөздің басы бісімілла», «Құдая иманымы саламат қыл» деп сөз толғаған ақын шығармашылығы зерттелуінің кенжелеп қолға алынуына кеңестік идеологияның ықпалы да аз әсер етпегені анық.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі рухани мұраларымызға деген жаңа көзқарастың қалыптасуы, сонымен бірге Құлыншақ ақынның бұрын белгісіз болып келген, жарияланбаған шығармаларының табылып жарық көруі ақынның әдеби мұрасын, шығармашылық өмірбаянын, арман-мұраттарын айқындап, қайта қарауды, жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері:
Белгілі сөз шебері Құлыншақ Кемелұлы шығармашылығының басты ерекшеліктеріне, оның шығармашылық өмірбаянына, шығармаларының идеялық, танымдық, тәрбиелік мәніне, өзіндік сыр-сипатына талдау жасау, сондай-ақ көркем туындыларының бізге жету жолын, жариялануын, танылуын, әр кезеңдердегі зерттелу ерекшеліктерін айқындау мақсат етілді. Осы мақсатты орындау үшін мынадай міндеттер іске асырылды:
- Құлыншақ ақынның өмірі, шығармашылығы туралы айтылған
ой-пікірлерді жинақтап, талдау жасау;
- Ақынның әр кездерде жарық көрген шығармаларын түгелге
жуық қарастырып, әр түрлі жанрларда көрініс тапқан шығармаларын
жинақтап, жүйелей отырып талдаулар жүргізу;

- Туындыларының идеялық мәнін, мазмұнын айқындау;
- Ақын шығармаларының бізге жету жолы, жариялануының
ерекшеліктерін көрсету;
- Зерттелуінің әр кезеңдердегі ерекшелектерін нақты деректерге,
ғылыми зерттеу еңбектерге сүйене отырып көрсету;
Дипломдық жұмысты жазу барысында. жинақтау, жүйелеу, салыстыру, талдау сияқты зерттеу әдістері қолданылды.
Дипломдық жұмыстың теориялық мәселелерін тұжырымдауда З.Қабдоловтың «Сөз өнері», З.Ахметовтің «Өлең сөздің теориясы», Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы», Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақ фольклорының тарихы», М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы», М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы», М.Мағауиннің «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет», Р.Бердібаевтың «Гүлстан бұлбұлдары», Ә.Оспанұлының «Қаратау шайырлары», Р.Сыздықованың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», Б.Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері» еңбектері, сондай-ақ Ә.Әбдікәрімұлының «Қазақстан тарихы», «Қазақстан тарихы. Очерктер», т.б. еңбектер пайдаланылды.
Диплом жұмысының жаңалығы - Құлыншақ ақын шығармашылығының бұрын айтылмай келген қырларының айқындалуы, кейіннен табылып, соңғы жылдары жарық көрген шығармаларымен толықтырыла отырып ақын шығармашылығына жасалған тұжырымдар мен талдаулар деп білеміз.
Құлыншақ ақынның әдеби туындыларын талдауда арнайы жазылған Ә.Оспанұлының, Р.Бердібаевтың, Х.Сүйіншәлиевтің т.б. әдебиет зерттеушілердің талдау жасаған еңбектерін басшылыққа ала отырып, өзіміздің жеке талдау білігімізге сүйендік.
1 - ТАРАУ. ҚҰЛЫНШАҚ АҚЫННЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

1.1. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректер.

Еліміздің Оңтүстік өлкесі тарихының қатпар-қатпар тереңдігімен де, өлең-жыр мен күйге, қазыналы кенге байлығымен де шежірелі.
Шежірелі Қаратау Әулиенің кені еді, -
деп Құлыншақ Кемелұлы жырлағандай бұл өлке көптеген ауыз әдебиеті үлгілеріне де арқау болып жырланған, бір кездерде қазақ хандығының ордасы болған, ертеден келе жатқан қазақтың мәдениеті берік орныққан киелі жерлерінің бірі деп саналады.
М.Әуезовтің "Созаққа барсаң күйшімін деме" дейтін сөзі де терең мәнді аңғартады. Қаратаудың теріскей өңірі Сүгір, Ықыластай, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаровтай бүкіл қазаққа танымал болған дәулескер күйшілерді, Тәкен Әлімқұлов пен Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов сияқты т.б. көптеген сөз шеберлері мен өнер қайраткерлерін дүниеге әкелген өлке.
Қарт Қаратаудың теріскей өңірінен шыққан сөз шеберлерінің бірі, кезінде Сыр бойы, Қаратау өңірінен Жетісуға, Арқаға дейін танымал болған ақын - Құлыншақ Кемелұлы.
Акынның өмірі жөнінде тоқтала кететін болсақ, Құлыншақтың кенже ұлы Исаханның айтуынша, Құлыншақ ақын 1831 жылы туылып, Меккеге қажылыққа барып, сол сапардан келе жатқан жолда 1901 жылы ауырып қайтыс болған делінсе де, көптеген әдебиеттерде әртүрлі жазылып, айтылып келеді.
Мысалы, "Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері" деген кітапта [28], Х.Сүйіншәлиевтің "Қазақ әдебиетінің тарихы" оқулығында [30.634] ақынның өмір сүрген жылдары 1831 - 1892 жылдар деп, "Бес ғасыр жырлайдының" 1989 жылы шыққан екі томдығының 2-томында [10.75] 1840 - 1911 жылдар, қайтыс болған жері Созақ ауданындағы Жартытөбе деген жер деп көрсетеді.
Ғалым Р.Бердібаев Созақ өңірінің шежіресіне қанық Әлішер Қосбармақов, Қызылқұм өңірінде өмір сүрген, ақынның біраз өлеңін жатқа білген Омар Байымбетовтердің Құлыншақ ақын 1840 жылы туылған деген деректерін сенімдірек деп есептейді.
Ақынның ұзақ сапардан келе жатып елге жете алмай жолда қайтыс болғанын ақынның бізге жеткен мына өлең жолдары дәлелдей түседі. Ақын ауырып жатқан кезінде:
Адамзат келер, келер жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.
Құдая иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер, -
деп өлең шығарған екен. Жолда ауырып, жүруге шамасы келмей жатып қасындағы жолдасы Шорнақбай дегенге "маған қалам, дәптер тауып әкел, елге хат жазайын" дегенде, ол тауып әкеле алмаған екен деген деректер бар [24. 23].
Бұл өлең сол Шорнақбай арқылы елге жеткен ақынның соңғы сәлем өлеңі болуы мүмкін.
Ғалым Ә.Оспанұлы соңғы еңбектерінде Құлыншақ ақын 1832 жылы туып 1901 жылы қайтыс болған деп көрсетеді [14].
Құлыншақ ақын қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Жартытөбе деген жерде туып өскен. Деректерге қарағанда әкесі кедейлеу шаруа адамы болған сияқты. Зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда Құлыншақ та отыз жасқа келіп елге талантын танытқанға дейін кедейшіліктің зардабын тартып, тек өмірінің соңғы кезеңінде ғана орташа дәулет жиып ел қатарына қосылады. Он бес жасқа келген кезінде-ақ сөз өнеріне бейімділігімен жұрт назарын өзіне аудара бастайды. XIX ғасырдағы көптеген ақындар сияқты ақындық өнерді халық әдебиеті үлгілерін жаттап, ойын-сауықтарға араласып, оларды айтып жүреді. Сауатын өз бетінше ізденіп жүріп ашады да шығыс қиссаларын оқып үйренеді. Негізінде Құлыншақ ақын ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, өз өлеңдерін көбіне ауызша айтып таратумен бірге, жазбаша да шығарып отырған.
Қазіргі кезде ақынның қырықтан (40) астам әртүрлі арнау, толғау, насихат, терме, бата, жоқтау, сыншыл, әлеуметтік сипаттағы өлеңдері мен Шөже, Майлықожа, Бұдабай, Шәді т.б. ақындармен сөз қағысулары мен айтыстары белгілі болып отыр. Ақын өлеңінде:
Алдын ала сұрама бермейтінді,
Алла өзі жаратқан өлмейтінді.
Халқым үшін шарқ ұрып алаңдаймын,
Бұл дүниеден өткен соң келмейтінді, -
деп өзі айтқанындай ақындық өнерімен халқына қызмет етуді мақсат етті.
Өзінің бойындағы бар өнерін халқына арнаған ақынның шығармаларында өзіне қояр талабы да байқалады.
Менің атым Құлыншақ,
Ал сөйлем бер тіл мен жақ,
Дауысым байғұс шығып бақ,
Саулы інгендей ыңқылдап.
Домбырам, байғұс сен сөйле,
Екі шегің тыңқылдап,
Он саусағым, қимылда,
Жорға тайдай бұлтылдап.
Ақыр бір күн сынарсың
Буыныңнан сыртылдап.
Сынарсың да тынарсың,
Сөйлемек түгіл далада
Қу кесек болып тұрарсың, -деп жырлайды ақын.
Құлыншақ ақын өлеңдерінің тақырып аясы өте кең, алуан қырлы. Жеке адамдарға арналған арнау, мадақ, сыни сипаттағы, сондай-ақ мысқыл өлеңдер, өмірдің мәні, әртүрлі құбылыстары туралы толғаулар, дәуірдің әлеуметтік мәселелері, ғибрат, өсиет өлеңдер, сөз қағысулары мен айтыстары ақын шығармашылығының негізін құрайды . Құлыншақ ақынның өмірі туралы біршама деректерді атақты жыршы, "Алпамыс" эпосының көркем де толық нұсқасын айтқан, Құлыншақ ақынның шәкірті болған Сұлтанбек Аққожаев өзінің естелік өлеңдерінде береді. Ол өлеңінде Құлыншақ ақынның Кемелдің кенже ұлы екендігі, алты ұл, немере, шөбере сүйіп өсіп - өнгені жөнінде айтакеліп:
... Дарыған он бірінде өлең еді.
Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,
Үш тоғыз түйеменен жібереді.
Шөженің ақ батасын алып қайтты,
Адамзат дауаменен көгереді.
Келген соң киіндіріп, ат мінгізіп,
Баланы еркіменен қоя берді, -
деп оның ақындық өнерге келу жолын да көрсетеді. Одан әрі қарай ақынның осы жолдағы ізденісі, шығармашылығы туралы:
Күнде той, күнде жиын, күнде өлең ғып,
Күңірентіп жібереді жүрген жерді.
Сылдырлап қоңыраудай тіл, көмейі,
Жаңғыртқан керегенің көгінде енді.
Ән қандай, өлең мұндай күніндегі
"Шырын - Шекер" сөз бопты тіліндегі.
Еш ақын Құлыншақтай болмайды деп,
Адамдар аңыз ғыпты сол күндегі.
Жеткенше жиырмаға тоқтай алмай
Сейіл ғып аралады төменгі елді.
Арғын, Найман, Қыпшақ, Таспа, Табын,
Сарыарқа, сары дала, сары белді.
Көріпті сол уақытта болған елді,
Ұзын өріс, кен жайлау жүрген жерді, -
деп С.Аққожаев ақын Құлыншақтың шығармашылық өнерінің бірталай қырларын да ашыпбереді. С.Аққожаевтың бұл өлеңдері Р.Бердібаевтың "Жұлдыздар жарығы" зерттеу еңбегінде берілген [8. 193-194].Сыр бойы, сондай-ақ Қаратау өңірі ақындарының ақындық жолға түсуі жөніндегі жиірек кездесіп отыратын аңыз - әңгіме халық арасында кең тараған. Бұл аңыз әңгіме Құлыншақ ақынның ақындық өнерге түсуіне байланысты да (мысалы, Майлықожа, Бұдабай т.б. туралы да) айтылады. Ондай аңыздарда түсінде қыдыр аян беріп "көген аласың ба, өлең аласың ба" деп сұрағанда өлеңді қалап, содан бастап ақындыққа талаптанған екен делінеді.
Ақындық өнерді ұстануды, үйренуді мұрат тұтқан талапкер жас ақындардың кезінде ел аралап, елдің белгілі сөз шеберлерінің өлең-жырларын тыңдап үйрену, батасын алу дәстүрлі болған. Осы дәстүрмен Құлыншақ ақын да Шөже ақынды арнайы іздеп барып батасын алған делінеді деректерде.
Құлыншақ ақын Арқа елін, Сыр өңірлерін, Жетісу өлкесін аралап сол кездегі белгілі ақындар Майлықожа, Мәделіқожа, Бұдабай, Молда Мұса, Шәді Жәңгірұлы, Майкөт ақындармен танысып-білісіп біразынан өлең-жыр үйреніп, ақындық өнердің қыр-сырымен танысып, енді біразымен айтысқа түсіп өнерін шыңдап отырған.
Құлыншақтың ақындық өнерге түсудегі жолы туралы белгілі ғалым Р.Бердібай: "Құлыншақтың тәлім алған мектебі - халық ауыз әдебиеті, аты, сөзі белгілі ақындар. Сондықтан да ол өзінің ғибрат өлеңдерін сол үлгіде жасайды: өмірдің күңгені мен теріскейін, жақсылық пен жамандықты, барлық пен жоқтықты, бақи мен пәниді салыстырып, кең пайымдап сөйлейді...", - деп көрсетеді [22.316].
Құлыншақ ақын турашылдығымен, өжеттілігімен де ерекшеленеді. Өз кезіндегі би, болыс, датқалардың жағымсыз озбырлық іс-әрекеттерін, адамдар бойында кездесіп отыратын сараңдық, екіжүзділік, зорлықшылдық, қиянатшылдық, арсыздық, т.б. сол сияқты жат-мінез қылықтарды өткір тілмен сынға алып отырған.
Құлыншақ ақын әртүрлі тақырыптарда өлеңдер шығарумен қатар, мықты айтыскер ақын да болған. Молда Мұсаның айтуынша Құлыншақ айтыста ешбір ақыннан жеңілмеген ақын.
Құлыншақтың өз заманындағы белгілі айтыскер ақындардың бірі болғандығына оның Майлықожа, Бұдабай, Молда Мұса, Шөже, Барақат сияқты т.б. ақындармен айтысқандығы дәлел болады [22. 315].
Ғалым Ә.Оспанұлы Құлыншақтың ақындық өнері туралы айтқанда үш қыры туралы: "Олардың ең бастысы - терең ойшылдығының белгісіндей филоеофиялық пайымдаулар болғанда, екіншісі - өткір әзіл-оспаққа, әжуа- мысқыл, сын-сықаққа құрылған әлеуметтік мазмұндағы ықшам өлендерге ұсталығы да, үшіншісі -шебер айтыскерлігі дер едік" деп көрсетеді [24. 23].
Құлыншақ ақындық өнерпаздығымен қатар домбыраға, сырнайға, қобызға қосылып ежелден келе жатқан батырлық, ғашықтық жыр-дастандарды, шығыстық сюжетке құрылған қиссаларды да жыр етіп жырлаған эпик ақын. Құлыншақтың жыр айту достүрін жалғастырушы сөз шеберлерінің бірі болғандығы жөнінде белгілі фольклор зерттеуші Н.Төреқұлов "Алатау асқарынан жыр асырған" деген еңбегінде қызықты деректер келтірген болатын [32. 60-62].
Шығыс әдебиетінің бірталай нұсқаларын жатқа біліп айтып жүргендігі жөнінде белгілі ғалымдар Ә.Оспанұлы, Р.Бердібайдың зерттеу еңбектерінде деректер беріледі.

1.2. Құлыншақтың ақындық өнері жөніндегі көрнекті ақындардың ой-пікірлері.

Құлыншақ ақынның ақындық өнері туралы ой-пікірлердің біразын өзінің замандас ақындарының, сонымен қатар кейінгі ақындар шығармаларынан да кездестіруге болады. Құлыншақтың замандасы Майлықожа ақын Құлыншақпен айтысқанда оны "бағы қалың, аузының қыдыры бар, аты озған ақын, елдегі құдай берген екі жүйріктің бірі, өлеңнің дүрі" деп жоғары бағалаған. Ал өзін Құлыншақ ақынның шәкірті санаған белгілі ақын Молда Мұса:
Көтеншіде Құльшшақ өлеңші еді, Шүу дегенде суырылыл кетуші еді, Қарсыласып бетпе-бет айтысқанда, Еш адамнан жеңілдім демеуші еді, -деп ақынның айтыскерлік өнерін жоғары бағалайды.
Құлыншақ ақынды өзінің замандас ақындары, кейінгі сөз зергерлері де мадақтай өздерінің жырларына қосып отырған екен. Олардың Құлыншақты өздеріне ұстаз тұтып отыруы да оның ақындық өнерпаздығының жоғары болғанын дәлелдейді.
Жыр алыбы атанған Жамбылдың өзі де өзіне ұстаз тұтқан ақындар туралы айтқанда:
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан. Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрған, -
деп өлеңіне қосқан болатын. Молда Мұса (Мұсабек Байзақов) ақын сияқты өзін Құлыншақтың шәкірті санаған ақын Сұлтанбек Аққожаев та жоғарыда айтылған өзінің естелік өлеңінде ақынның өмірі мен шығармашылығынан көптеген деректер бере келіп:
Ұстазым - Орта жүздің Құлыншағы, Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы. Қосылып құнанында ат бәйгеге, Тынбай шауып кеп жүрді сынбай бағы, -деп оның ақындығын дәріптей бағалайды.Құлыншақтың Ысқақ деген баласы әкесіне тартып ақындық жолды ұстанып айтысқа да түсіп жүргені туралы деректерде айтылады. Сол Ысқақ қазіргі Тараз (бұрынғы Әулиеата) қаласында Қадиша деген қызбен айтысқанда ақын қыз:
Әзірше жоғары боп сөйлер сөзге,
Әкеңнің сыйланып тұр әруағы.
... Әкеңнің өлең жазған өкпесіне,
Кәсібін құдай берген етпесін бе,
-деген екен [24. 341, 343].
Көрнекті ақын, жазушы Асқар Тоқмағамбетов те бір өлеңінде Құлыншақ ақыңды Қаратау өңірінен шыққан аты әйгілі адамдармен қатар атап, бірге көрсете келіп:
Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,
Кем еді қай батырдан қазақтағы?
Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын,
Талайды сөзбен орап тұзақтады ,-
деп оның ақындық, айтыскерлік өнерін құрметтей өлеңіне қосқан екен. Сыр өңірінің белгілі жыр дүлдүлдерінің бірі Бұдабай ақын Құлыншақты қарт Қаратау өлкесіндегі жүйрік ақындардың ішіндегі бірегейі ретінде көрсетіп:
Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы.
Майлықожа, Мәделі,
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді,
Тістейтіндей қышқашы,
Ең озығы - Құлыншақ,
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан,
Бұғалықты бұрып сап, -
деп оның ақындық өнерін онымен тұстас ақындармен салыстыра келіп жоғары бағалаған екен.
Құлыншақтың ақынды өзі тұстас ақындар мен өздерін оған шәкірт санаған ақындар ғана құрмет тұтпаған. Оны туып-өскен жерінің халқы мен ақындары да ұмытпай естеріне алып отырады. Қазіргі кезде ақынның туған жеріндегі орта мектепке Құлыншақ ақынның аты берілген.
Құлыншақтың ақындығы туралы Қаратаудың теріскей өлкесінің шежіре жазушысы, әрі ақын Есіркеп Өмірбеков кезінде Құлыншаққа арналған "Еске алу" деген толғау өлеңінде:
Осы жұрт ұмытқан ба Құлыншақты,
Өлеңге бәйге атындай ұрыншақты,-
деп ақын атының елеп-ескерілмей, кей уақыттарда ескерусіз қалып келе жатқанын ескерте келіп:
Келгенде сексен ақын айтысуға
Мәреге бәрінен де бұрын шашты...
... Өлең десе, биіктен өрлеуші еді, Егесте ешкімге дес бермеуші еді, Толтыра кең даланы кернеуші еді, -
деп оның ақындық өнерін, шеберлігін айқындай, еске алып өлеңіне қосқан болатын [27].
Құлыншақтың ақындық өнерпаздығы өзінің шығармаларынан да кең көрініс тапқан. Құлыншақ ақын өзінің "Ақын деп сыртымыздан әркім қанық" деген өлеңінде ақындық өнері, қабілеті жөнінде деректер береді. Ол өлеңінде ақын:
Құлыншақ сөйлер сөзден ұялмайды, Жалғанда жаннан айыл жия алмайды, -
деп өзінің ақындық өр бейнесінен хабар бере, ақындық қарымын бағамдайды.
Құлыншақ ақынның өз заманының көрнекті, ортасынан оза шыққан жүйрік ақын болғанын оны халықтың ақынды ерекше құрмет тұтуынан, онымен замандас, сонымен бірге кейінгі ақындардың Құлыншақтың атын ерекше ардақтайтынын жоғарыда көрсетілгендей өлең үзінділерінен де байқауымызға болады......
Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру