Бөлім: «Жұмбақтар жинағы»

Жұмбақ – адамның ой-өрісін, алғырлығын, білімін сынау мақсатында нақты бір зат немесе құбылыс тұспалдап сипатталатын шағын әдеби жанр.
Жұмбақ жанры дүние жүзі халықтары әдебиетінің көпшілігінде бар. Бұл жанрға Аристотель “Жұмбақ – жақсы жымдасқан метафора” деп анықтама берген. Жұмбақ әдебиеттің ежелгі үлгілерінде, ауыз әдебиетінде жиі кездесетіндіктен оны ғылымда “фольклорлық жанр”, “халықтық поэзияның шағын түрі” деп санау орын алған. Алайда, қазіргі заман әдебиеті өкілдерінің, әсіресе, балалар әдебиеті авторларының шығарм-ғында Жұмбақтар топтамасы жиі кездеседі. Сондықтан оны тек фольклорлық жанр аясында шектеуге болмайды.
Таңмен көзін ашады,
Әлемге нұрын шашады.
Көзіңе көрінбейді,
Қаңғуға ерінбейді.
Шалғынды жапырады,
Жол бойын сыпырады.
Жылт-жылт етеді,
Жылғадан өтеді.
Шелек қалпақ басында,
Сәбіз екен танауы.
Қыста қардан туатын,
Тауып көрші, сен оны.
Үй үстінде алтын тас,
Алайын десем табылмас.
Қолы жоқ сурет салады,
Тісі жоқ тістеп алады.
Ақ түсті,
Көк түсті,
От түсті,
Тот түсті-
Төрт түсті жер үсті.
Қабат-қабат қаттама,
Ақылың болса, аттама.
Аяқтарым қалтылдап,
Қос тай міндім жалтылдақ..
Шапса, жұбын жазбайды,
Бір-бірінен озбайды.
Тілі бар, үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен.
Қобдиында қайырлы,
Қазынаның бәрі бар.
Тауыссаң көз майыңды,
Қалағаның табылар.
Аппақ дала қара дән,
Дәнін сепкен - түсінуге жараған.
Айдалада ақ отау,
Аузы-мұрны жоқ отау.
Көк лағым көгенде тұрып семіреді.
Сусыз піскен ас көрдім,
Домаланған бас көрдім.
Үсті тас, асты тас,
Ортасында піскен ас.
Судан алады,
Суға салса өледі.
Бір құтыда екі түрлі су жатады,
Қайнатсаң мұз боп қатады.
Ақ отаудың есігі де жоқ,
Тесігі де жоқ.
Ұрмай-соқпай жылатады,
Әркiм бiрақ ұнатады.
Қос басы жұмыр,
Жiңiшке құбыр,
Iшiне жиған,
Дәмi де шымыр.
Мұз сынды түрi,
Тәттi дәмнiң бiрi.
Әжем уыстап сығып,
Далада кептiрген.
Қатты әрi тәттi дәмiн,
Кiм бар жеп көрген?
Тобатайға құртымдай,
Жаз бойы бiр тынбай.
Жинаған гүл сөлiн,
Не?
Бiлсең, айтшы өзiң?
Өзi ащы,
Бiрақ,
Дәмдi етер асты.