22.09.2022
  228


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Алақ көтерілісі

(поэмадан фрагмент)
Көтеріліс басшыларының бірі – Жәкулә болыс
Күшіковты еске алу шарасына арналды.
...Көнбегесін ырқына қатулы адам,
Тергей түсті мәңгүрттік жат улаған.
Барды – жоғын алғанмен сонша тінтіп,
Қылмыс таппай қиналды Жәкуладан.
Шағым қайда қараны илеп төккен? –
Дәлелі жоқ жала көп түйдектеткен,
Тінтіп кінә таба алмай, малға көшті,
Мал да кеңес жұтымен сиреп кеткен.


Болмаса да мұжықтай нан-пұлы енді
Серке біткен «бай» болып, тәркіленді.
Жарық күнді қызғанып жаралы елден
Тәркі біткен жапырды бар түменді...
«Жатқа бекер жем болып өлеміз бе?
Аш халыққа баратын белең ізде,
Әлде жылжып, туғанға жат жұрттағы
Бас сауғалап, көбейіп келеміз бе?»
Миды жаншып осындай ой салмағы,
Жиылды елдің жол іздеп жайсаңдары.
Белсенділер бөгеуге тырысқанмен
Ашу қысқан есілдер тайсалмады.
Трайыс өлді, Мұқыш та кінә құшты,
Кетті ірітіп, қайғының бұлағы ішті.
Жәкулә мен Сыдықты қолдағандар
Басқа жол жоқ,
Көшуді құп алысты.
...Шұбартаудан басталған көш келеді,
Көлеңкесіз үміттер көшке ереді.
«Көппен көрген ұлы той» деп, қозғалған
Мынау жұрт та қалмауды қош көреді.
Туған жердің сәулесі жүзінде өшіп,
Жүректегі зұлматтың сызын кешіп,
Сайды өрмелеп жылжыған жұрт соңында
Шегіншектеп барады Қызылкесік.
Қыз кеткендей артына қарамастан,
Жүріс – сергек...
Жарысып барады аспан.
Шаң да қимай келеді оратылып,
Аяқтармен ойнаған бала жастан.


Жол кеспеуді ырым деп мақұлдады.
Тоқтамастан Алаққа жақындады.
Ойда-жоқта арт жақтан лаң шұбырып,
Мылтықтың да естілді атылғаны.
Қызылдарға жегілген топты көріп,
Көш қарасы тоқтамай кетті үдеріп.
Қуғыншылар жайратып бір қазақты,
Аждаһадан үрейді төкті келіп.
Елубайдай есіл ер құлап түсті,
Тәуіршедей ару кеп жылап құшты,
Тоқтап енді бір амал қолданбаса,
Бейбақтарға бұйырған сынақ күшті...
Орыс, бірақ, елемей барша амалды,
Титығына тықсырды шаршы алаңды.
Тіпті кетер түрі жоқ...
Әкіреңдеп
Қоймағасын есілдер қоршап алды.
Бетпақ орыс «азбын» деп беріспеді,
Балағаттау, кінәлау да өрістеді.
Тілің жетіп, ел жайын ұқтырсаң да
«Бандылардың ісі» деп терістеді.
Бара бара намыстан ұйқы кетті,
Ашындырды бұлардың сиқы көпті.
«Несін тыңдап тұрмыз?» деп,
Куликинді
Тапаншамен бір қазақ типыл етті.
Өлді осылай бір өкіл сайқал үнді,
Аттан құлап біреуі, қайта мінді.
Көкпектіге бір хабар жетпесін деп,
Қалғаны да өліммен тойтарылды.


Кек қайтармақ үнімен Тәуіршенің
Қиын болды тоқтату дауыл шегін,
Енді аялдау – қауіпті дегенменен
Сапарды әрең қозғады ауыр сенім.
Қызылтастың шыңдары бұлтты тарап,
Алақ бұлттың көз жасын сүртті «тонап»...
Жат қолынан текке өлу – ол да күнә,
Жайғар ма еді көшпесе жұртты талап?...
...Бітер емес бұйрат пен белес тегі,
Кері серпіп келеді жел ескегі.
Бір кезеңнен асқанда шаң шұбырып,
Өздеріндей бейбақтар елестеді.
Жоғалды олар асты да құба белді,
Бейқам жұртты таң қылды мына «белгі».
Саршоқыға кіргенде айналадан
Зеңбіректер арсылдап шыға келді.
Қай тыңшы айтып, жай тапқан сұм құлағы?...
Жаңғырықтар жотаны тұндырады.
Гүрсілдермен жарысып,
Кәрі-жастың
Шыбын жаны жан-жақтан шыңғырады.
Оқ борады,
қасірет тіліп көкті,
Бұлт қансырап, ашуын ұлып төкті.
Бүлінгеннен ажал да бүлдіргі іздеп,
Сан бейбақтың ғұмырын жұлып кетті.
Желік біткен жендеттен хақты тонап,
Атылған оқ өлікті жатты санап.
Әзірейлі Забилов, Радченко боп,
Ақыретке жүргізді «нақты» сарап.


Сайға сүйреп, қыздарын жат құмары,
Тәуір киген жан көрсе жоқ қылады.
Босқындарды қосақтап, бәс тігісіп,
Жалғыз оқпен жайратып, жаттығады.
Қорлығы аздай орыстың Алақтағы,
Қансыратты Сарышоқы талап тағы.
Қанға бөгіп жатса да жазықсыз ел
Ажал оғын намысқа жолатпады.
Тыншымады мылтықтар шолып өтпей,
Қозғалғандар қайта өлді соры кеппей.
Барады ана көз жұмып,
Емшегіне
Жатты сәби шырылдап қолы жетпей.
Таң қылмады ашыққан бала көпті,
Қашқындар да асығыс қарап өтті.
Періштесі сәбидің ұзатпады-ау,
Жау да оларды тұтқындап ала кетті.
Ұсталғандар айдауда кетті құлдап,
Жайыңды айтсаң – өлгенің,
Жоқты бұлдап,
Сайда қалған жартысын сегіз жүздің
Қамап кетті бақиға оқ тығындап.
...Саршоқыдан қаралы көш келеді...
Көшкен сайын мезгіл де сескенеді.
Жендет те емес, құл да емес, тарихта емес,
Құдай ғана бақылап бос келеді...
Пәни, бақи бәрін де қош көреді...
Күзгі зұлмат сіміріп жылы ағысты,
Ұшады өмір жұлыннан жылап ішкі.
Шындықты айтсаң жүректі найза тінтіп,
Бекеттері бақидың құрақ ұшты.


Мылтық шаншып өткенде
Иретіліп,
Домаласаң – жендет мәз, «биге» тұнып.
Азап, мазақ неше күн «қамқор» болып,
Көкпектіге жетті жұрт сүйретіліп.
Тұтқындарды сағынып түрме күтті,
Өйткені, онда көміліп мүрде бітті.
Сібір және бақидың жолдамасын
Бұларға да сыйлады күнделікті...
Жәкеңді де пенделік күндеп ішкі,
Тартқаны аздай, тағдыры күрмеп ұшты.
Дәрігерлік оқыған «Сібіріне»
Қайта кетіп жазықсыз түрме құшты.
Түсіре алмай ел жүгін иықта өткен,
Жаныштады уақыт биікте өктем.
Тоңдыратын кең Сібір өзі тоңып,
Тар түрмеге қалшылдап сыйып кеткен.
Колхоз құрған Олжабай, Бабақты да,
«Бүлікшіл» деп қинады абақтыды.
Садырбайды Жәкеңе күйеу бала
Болғаны үшін өлтірді, сабатты да.
Садырбайдан өршіген жігіт кегі
Бар туысын бүлікке үгіттеді.
«Жәкуланың айтқанын істеді» деп,
Бәрін ұстап тергеу де «жіліктеді».
Кең далама осылай жат «қысылып»,
Алдаспаны арманның жатты сынып.
«Өмір сүрем» деп шыққан аш халықтың
Көбін қырып, қашқанын жапты ысырып.


Жан қалмады жөн айтып, наз ақтарар,
Қанды қол кім?
Біле ме тозақты олар?
Жендеттерді бастаған топ басында
Туыстарын жайратқан қазақ та бар.
...Уақыт өте Жәкеңнің қияндағы
Өр намысы түрмеге сыя алмады.
Жапырылды шеңгел де, шекараң да,
Азаттықтың мысынан қиялдағы.
Ері тұрмақ елдің де бар несібі
Қолды болып, қаңырап қалды есігі.
Түрме бұзып, оралған Жәкеңді де
Жолатпады жатырқап «тал бесігі».
Жәкең, бірақ, ойламай жеке басты
Ағайынның қамы үшін шетел асты.
Айдаһар мен аюдың азуынан
Құтқаруға бет алды екі алашты.
«Ұлы» біткен жайратып балаң елді,
Көмілмеген аштарды нала көмді.
Көз алдында Жәкеңнің Қызылтасы1
Қызыл ту боп желбіреп қала берді.
....Сол қасірет әзірге жырақтады,
Тарих шерін қозғадық жылап тағы...
Емші Жәкең емдеген жаралы үміт
Азаттықтың шыңына тұрақтады....





Пікір жазу