17.09.2022
  268


Автор: Ақылбек Манабаев

МҰРАТЫНА ЖЕТКЕН ЖІГІТ

1. БОРАН МЕН ШОПАН
Соқты боран бар дауыспен ысқырып,
Айдаһардай ішін тартып ышқынып.
Жердің бетін күреп бара жатқандай
Күртік қарды қуып айдап, күш қылып.
Аспан асты тұтасқан бір ақ түтін,
Ақ тозаңның қалқасына батты күн.
Айналаны мүлде көзден тасалап,
Тұмшалап кеп шымылдығын жапты түн.
Сүйеніші ̶ ақ таяғы майысып,
Алға ұмтыла көздерінен жай ұшып,
Келеді адам алдын орап отардың,
Дүлейменен жалғыз өзі сайысып.
Түнек басқан түгел оң, солды бар,
Ашулы ызғар емес мүлде оңдырар.
Алға аттатпай оралады аяққа,
Қара саннан келетұғын омбы қар.
Үрей буып, қараңғылық қамалып,
Ақ қиыршық басы-көзін сабалап.
Кілең тілсіз жанарлар жаураған
Иесіне жаутаңдайды паналап.
Азамат та қалжыраған, дем біткен,
Сондадағы қозғалады ерлікпен.
Көріп талай қатал қыстың қыспағын
Қайсар жаны секілді әбден көндіккен.
Иілмейді тұлғасы тік шынардай,
Бар қатерін төндірсе де түн арбай.
Көп қойларды үйіреді ұршықтай,
Біреуін де шетке шашау шығармай.
Бәсеңдетсе уілдеген жел үнін,
Ұлығаны естіледі бөрінің.
Дауыстайды өжет жігіт
̶ Шай-шай-лап!
Сескенбестен серік етіп сенімін.
Аштықты да, азапты да көрді мол,
Дене мұздап, үскірікке тоңды қол.
Ертеңінде, түн ортасы ауғанда
Ауылына отарды айдап келді ол.
Боран тынды сол бір сәтте баяулап,
Көк төріне көтерілді ай аунап.
Құрбылары құттықтап ер шопанды,
Қарсы алдынан шықты түгел жаяулап...
̶ Бұл өнегең ел есінде қалар, ̶ деп,
Таңданумен қадалды оған жанар көп.
Алғаш рет Шұбартауға өз атын
Осылайша танытқан-ды Жанарбек...
2. БАСТАМА
Зал толы бір,
Ауданның саңлақтары,
Жиналған ауылдардан жан-жақтағы.
Саралап ортаға сап ой-жоспарын
Кеңесіп келер істі салмақтады.
Тоғытып бір арнаға сөз желісін,
Айтты олар бүгінгі ауыл өзгерісін.
̶ Әр адам адал ақтап еңбек етсін
Замана алдындағы өз борышын.
Бүгінгі талап биік,
Талғам да зор,
Мүдде ортақ,
Кең ашылған арманға жол,
Қол жеткен бір белесте тұрып қалмай
Құлаштап сілтеу керек заңғарға қол!..
Қол соқты отырғандар ұранға бұл,
Баяулап тынған шақта сұрақ-дабыр,
Мінбеге көтеріліп бара жатты.
Келбеті ұқсайтын жан қыранға бір.
Жанарбек көзін қадап шаралы, отты,
Жағалай көпшілікке қарап өтті.
Өзінің тәжірибе-пікірлерін
Түсіріп күнделікке ала кепті.
Шығарып жазғандарын қалтасынан,
Түскендей бір ауыр жүк арқасынан,
Сияқты бейне шәкірт ұстазына
Тіл қатар ана-мектеп партасынан.
Тұрды ол ойлы жүзбен іркіліп сәл,
Өңінде жақсылыққа құлшыныс бар.
̶ Мені де, ̶ деп бастады толғанысын, ̶
Қуантты жаңалыққа ұмтылыстар.
Өркендеп өсу керек,
Өмір заңы.
Жаңасыз тіршіліктің кемір мәні.
Қоғамдық ортақ істің барысында
Бой ұрып жүргендер бар жеңілге әлі.
Қыс қатал, ̶ деді жаңа бір әріптес,
Сылтау бұл көп айтылған сірә бітпес!
Мартта төл алу жайын ерте шешпей
Меніңше, басымызды құрадық кеш.
Дейтұғын еңбегіммен жайнасын ел,
Қайратты,
Қажымайтын қайдасың ер!..
Сөз бердім қыста саулық қоздатуға
Бұл істің қоғам үшін пайдасы мол.
Көп білем, бастамамды қостайтындар,
Кәнеки, жарысатын, хош,
Қайсың бар!..
Деді де ол қорытты ойын:
̶ Осы арада,
Сөз байлап бір бағыттас боп қайтыңдар?!
̶ Жарайсың...
̶ Жұрттан биік шоқтығы ерім,
̶ Бәсе, сен, бастамашыл отты да едің.
̶ Құптаймыз, ̶ десіп залда отырғандар
Тұс-тұстан ұран салып, соқты қолын...
Құпталып жаңалықтың басы құнды,
Іспенен бекемделді асыл үлгі.
Төлдету қойды қыста Шұбартауда
Жүзеге осылайша асырылды...
Жанарбек бастырған соң бұл істі алға,
Теңелді қаһарманға,
Құрыш жанға.
Тағы да,
Айналдырмақ болды ауылды
Шағын бір қалашыққа, гүлстанға.
Жинап ап маңайына дүйім жасты,
Табыспен талай кезең-қиырды асты.
Бастаған қыз-жігіттен өнегелі
Бригада Тұлпар атты ұйымдасты...
3. МОСКВАҒА САПАР
Батқанша биік тауды иықтап ай,
Отырды тұлпарлықтар ұйықтамай.
Жазғы түн маужырайды қарауытып
Жатқандай сырлы әуенге ұйып маңай.
Бұл бір кеш күй күмбірлеп, қалықтап ән,
Шаттығы тойға арналды шарықтаған.
Себебі Шүленбаев Москваға
Бастамақ үлкен сапар,
Алып қадам.
Депутат,
Халықтың ол қалаулысы,
Танылған жалын-жігер,
Алау-күші.
Кішіпейіл мінезі де жұртқа жаққан
Демейтін мынау үлкен,
Анау күші...
Емес бұл жай көпіру, мақтан құрғақ,
Еңбекпен ұлы абырой тапқан қымбат.
Жалынды жастар жарқын ұстаздарын
Думанмен ұзақ жолға аттандырмақ...
Жүйткиді ақ бөкендей жүйрік «Волга»,
Таласып таңмен ерте түсті жолға.
Жанарбек рульде отыр,
Алға ұмтылған
Асауды бағындырып күшті қолға.
Сол бетпен Семейде сәл тыныстап ап,
Алдыға қойып мақсат,
Жұмыс,
Талап...
Төсіне алып аспан шығарды оны
Дыбыстан жылдам лайнер күміс қанат.
Отанның ертеңінде жүрегінде
Отырды Москвада Кремльде.
Қатысып сессияға дауыс берді,
Баянды бақыт тілеп ұлы өмірге.
Толғанып қойлы ауылдың жас өрені:
̶ Советтік әділ заңым, жаса, ̶ деді, ̶
Жеткізген қарапайым еңбеккерді
Шешуге мемлекеттік мәселені!»
4. АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ
̶ Атақты Шұбартаудың Жанарбегі,
Жүлделі болып.
Тағы бағы өрледі.
Тағыпты кеудесіне Алтын жұлдыз,
Деген бір облыстан хабар келді.
Шаттыққа адам жаны тоймас мәңгі,
Даңғыл жол ол ашады ойға асқарлы.
Сондай-ақ, бұл жаңалық дүр сілкінткен
Ауданда ұлан-асыр той басталды.
̶ Қашанда тиянақтап байыпты ұлан,
̶ Иә, ол бұл құрметке лайықты жан.
Тілегін игі жақсы арнады жұрт
Сахара саңлағына сайыпқыран.
Алдынан жарқын өмір гүлі ашыла,
Болды ие өз «халқының ұлы атына»
Түлегі дархан дала Шүленбаев
Осылай жетті арман,
Мұратына!
5. ДАЛА ДАУЫЛПАЗЫ
Тауға шығып, шыңдарменен тілдескен,
Дала жонын мол шиырлап, құм кешкен.
Аспанменен жарыстырып қиялын,
Болат топшы қыранменен бірге өскен.
Бой тасалап, бұқпай долы бораннан,
Ақ матадай ұлпа қарға оранған.
Ылғи ғана биіктерге қол артып,
Төске шауып, қуалаған соны арман.
Сап құрыштан құйылғандай қолдарың,
Сайрап жатыр басып өткен жолдарың.
Шілденің шөл-аптабына бас имей,
Қақап тұрған қаңтарда сен тоңбадың.
Кең өрісте ару таңды қарсы алып,
Ән толғадың төңірекке жар салып,
Таяғыңды аймаласа Ай сұлу,
Күлімдейді күн нұр төгіп, тамсанып.
Мызғымайтын мақсатың бар ойлаған,
Өткір ойың тереңдерге бойлаған.
Еңбегіңмен қыр төсіне жыр жазып,
Қуанышың көл-көсір ғой тойлаған.
Сүйесің сен мынау жарқын өлкені,
Сеніменен өсті оның да өркені.
Уақыт-тұлпар үнемі алға асығып
Қиялыңды болашаққа ертеді.
Мәңгі сәтті бола берсін қадамың,
Сүйсінтеді өжет, өршіл ̶ талабың.
Дәуір сені аялайды, өрлей бер,
Дархан жанды дауылпазы даланың.





Пікір жазу