17.09.2022
  193


Автор: Ақылбек Манабаев

ЧИЛИ БАЛАЛАРЫ

ЧИЛИДЕН ХАТ
– Советтік дос, алып жазған хатыңды,
Жүрегіме өрнектедім атыңды.
Жан сүйсінер жалынды әрбір лебізің
Мені терең ой түбіне батырды.
Естілгендей құлағыма әр үнің,
Сыр ақтарды ақша қардай көңілің.
Құштар қылып қызықтырды өзіне
Сенің жарқын, жазиралы өмірің.
Жеткілікті киім менен ас, тағам,
Бақыттысың, бар мектебің, баспанаң.
Ал мен, күліп, ойнау түгіл, бұл күнде
Көшеде еркін жүруден де жасқанам.
Кина да жоқ сен көретін құмартып,
Өтер уақыт жас жүрекке мұң артып.
Біздің елді мың айналып шықсаң да,
Таба алмай сәби жанға ұнар түк.
Өткен жазда болдым депсің Артекте,
(Ондай бақыт мен үшін тұс жалт етпе).
Қасіретті чилилік бар балалар
Бөлінеді нәсіл, байлық, қан, текке.
Буржуйлардың сұмдығы ол сұрапыл,
Солардікі аттракцион, театр.
Жанап кетсең ақ тәнділер маңына,
Жан шошырлық тағар жала кінә кіл.
Депсің тағы:
«Бардым жасыл жайлауға,
Көз тартады мыңғырған мал қойнауда.
Бүкіл өңір адамдары жиналды
Шопандардың мерекесін тойлауға.
Күй күмбірлеп, шарлап кетті алыстан ән,
Аттар қандай ауыздықпен алысқан.
Шаршы топта озып келіп бәйгеден,
Бас жүлдені алдым құнан жарыстан».
Көрмесем де, жақсы әдет-салтына,
Басымды иіп, тәнті болдым халқыңа.
Мақтамайды, бізде аяусыз соттайды,
Ерлерді адал берген серт пен антына.
Қараң қалған стадион, залдар да,
Онда орын жоқ өнерге ынтық жандарға.
Балғындарды зорлықпенен баулиды
Қаламға емес, мылтық пенен қанжарға.
Бақыттысың,
Папаң сенің инженер,
Мамаң шебер тігінші екен,
Ол да өнер.
Ал, әкемнің қара жұмыс таба алмай,
Кездері көп апта бойы сенделер.
Күңгірт лашық бастағы бар панамыз,
Ико екеуміз оңашада қаламыз.
Жалынышты жанарымыз жаутаңдап,
Телмірумен терезені бағамыз.
Күні бойы тапжылмастан сарылып,
Отырамыз үнсіз ғана жабығып.
Талғау қылар кейде тағам болмайды,
Келгенде анам шаршап, әбден сабылып.
– Құрысын да бүйткен күйкі тірлігі, -
Деді де әкем ызаланып бір күні;
Шақыртып ап ақылдасты достарын,
Өзіменен ортақ ойы, сыр-мұңы.
Қапырық та қараңғы жаз кешінде,
Қарғыс айтты олар хунта-кесірге.
Сонда айтылған мынадай бір аңызды,
Ынта қойып сақтап қалдым есімде...





Пікір жазу