16.09.2022
  197


Автор: Тəпей Қайысханұлы

КӨКЖАЛ ҰЛЫҒАНДА

Қандай тағдыр кім білсін жазады алдан,
Тыншытпады-ау, көңілін азап– арман.
Түспей қойды қара шал неше күндей,
Қара ішігін жамылып қара жалдан
Қарайды, əйтеуір, бұлыңғыр алыс жаққа,
Адасып жүр беймəлім дауысы қақта.
От шашады беймəлім кəрі жанар,
Мінген шақта нар текті намыс– атқа
«Қара таудың басынан көш келе ме?
Қара жорға шайқалып бос келе ме..?»
Қара тау мен қара шал мұңдасқандай,
Бір сағыныш қоздайды қос денеде.
Білмейді қарт дертінің өзі де емін,
Сезіміммен шаршаған кезігемін.
Қасқыр ұлып жататын тоғайлы өлке,
Аш аруақтай басылды көзіне оның
Көз алдына көп елес қылаң етті,
Қылаң етті, ілесіп қиял кетті
Қаракерге құйғандай құрыш дене
Бара жатты бетке алып қиян бетті.
Иен қырда жүргендей адасып əн,
Шал ойымен ілесіп алас ұрам.
Киік қуған сонауғы аңшы шағы,
Бір жалт етті ақ адыр арасынан.
Қара нөпір тобырмен араласып,
Қара тұлпар қайқая ала қашып.
Қара жауға бос мойын шоқпар сілтеп,
Батырлығы бір белді барады асып
Арыстан күш кеудеде тұншықты ма,
Жəнібек деп көтерген ту шықты ма?
Тұрып кете жаздады орынынан,
«Қабанбайлап» алыстан үн шықты ма?
Көз алдына шұбырып шұбар елес,
Бір ұшына созылып шығар емес.
Өзі бірге жүргендей ішінде оның,
Қартың қазір басқаны, сірə, елемес
Асыл мекен силаған асыл адам,
Жала-мұңға мəңгілік жасымаған.
Жамырап жүр далада мықтылығы,
Бір ауылды бір өзі асыраған.
Қуаң дала, қуаң қыз, қуаң сағым,
Ұстатпайды-ау, құйғытып қуған сайы.
Беу, дүние-ай, беймəлім бебеулеген,
Аударады ащы бір күй аңсарын.
Ойхой ғұмыр, ойхой ел, ойхой мекен,
Қызығыңа қызыл көз тоймайды екен.
Күйі бөтен қу тірлік кінəлі ғып,
Қартайғанда қадырын ойлайды екен!
Қара тауда қарайып жеке мүлде,
Отырғанда мұң-қиял жетегінде.
Кенже ұлының кішкентай немересі,
«Аталап» кеп оралды етегіне
Демесе де көнбеген басқа адамға,
Мейірі түсіп кетті ме жас балаға.
Үш ұмтылып орнынан əрең тұрды,
Ауыр ойлар шегелеп тастаған ба?
Терісін сап астына қара аюдың,
Қасқыр ішік үстіне жамылды да.
Жатып қалды, күйінен жаңылды ма?
Жатып қалды, сөнгендей жалыны да..
Жатып қалды, жүйкеге жүк түсті де,
Беймəлім бір ауыр мұң бүкті ішіне.
Тоқсан алдан жұмбақ сырмен,
Нəр сызбады осылай бүк түсті де.
О, тоқсан жыл сыры мол тоқсан тарау,
Тосқан алдан көлденең тоқсан бар-ау.
Қарап жатты киіз үй түңлігінен,
Қара қошқыл бұлтқа босқан нарау.
Тоқсан көктем, тоқсан қыс, тоқсан соқпақ,
Тоқсан ақтап келген-ді тоқсан соттап.
Қиындау ғой ақынға бір ғасырлық,
Көк иірім көңілді, тоспаны ашпақ.
Жықпаса да арманның тауын мəңгі,
Бəлкім, жоғы іздеген табылмады.
Қажытпаған еді ғой жиырма жыл,
Құм санаған күндері Тарымдағы..
...Сал шаңырақ тонатып саз сəулетін,
Сары уайым салды да азды əулетің.
Кенже ұлының кенже ұлы арақжауға,
Шашып бітті атаның аз дəулетін
Кенже ұлы да омалған жесір шал-ды,
Жесір шалды көп рет кесір шалды.
Екі бірдей кария келінінен,
Естіп кележатыр-ау, естір əнді.
Өз бойына бақытты шақ мына өмір,
Күлдірмеді-ау, болмаса шат қыла бір.
Өсек тасып ағайын арасына,
Анау ұлы қанжілік шапқылап жүр..
Берекең де, мерекең бірге еді елім,
Қайда кетті бір туған бірге өлерің.
Сылдыр сөзбен сырғанап оқығаны–
Аулақ салды білмеймін іргелерін .
«Мергендерге» көбейткен жатып атар,
Жағдайы жоқ амал не батына алар.
Бұл күндері немере-шөбересі–
Ақша десе атасын сатуға бар.
Улай ма екен онысыз да кем ойыңды,
Көрсетті, əйтеуір, бұл тағдыр «кері ойынды».
Немеренің біреуі дəшуедегі,
Шегіп жүр деп естіді «хройынды».
Қасына алып шөпшек ұлы– құлын əні,
Жатқан шақта бойында құры жаны.
Алыс жақтан үзіліп құлағына,
Жетті кенет көкжалдың ұлығаны.
Жарқ еткендей ғажайып жасын үміт,
Кария алды жастығынан басып жұлып.
Құлақ түрді ілесіп оныменен,
Нажағай да сəтке бір басылды ұйып
Қандай сірə, бар, япырау, бұл адамда,
(Көкжал үнмен ғұмырын құраған ба?)
Мейірін төге қарады шөпшегіне: – Ненің дауысы, ата-ау, деп сұрағанда.
Қарт рухын қасірет түрмеледі,
Түрмеледі орнынан тұр демеді.
Келінінің: – Қос қақпас өлмеді-ау,– деп
Батып кетті бəрінен тілдегені.
***
Бармайтындай батылың қара деуге,
Бұлт толқынды, қара түн– қара кеуде.
Жын-шайтанды қуалап көкперісі–
Азғындықты аластап бара ма əлде?!
Ұйқы əлемге сияқты ақырғаны,
Үрейін ап нажағай шатырлады.
Шатырлады кария жүрегінен,
Ағытылған сияқты ақырғы əні.
Өлген рухты тірі рух бұзбай ма əлде,
Шал бойында бір ұлы сыздайды арман.
Түсіп жатты тесердей киіз үйді,
Ақ бұршақтар– көз жастар мұзға айналған.–


Шыбыным-ай, шөл басқан сусыным-ай,
Бөрі көңілі əлі де жүр суымай.
Жанарыңнан, жаным-ай, жалын көрдім,
Ой салмапты кəрі атаң қыр-сырыңа-ай,
Емес, сірə, шырағым, келімсек үн,
Көкжал үні– көкбөрі– теңің сенің.
Қорықтарда сиынып көк бөріге–
Оғыз батыр артпаған тегін сенім
Үйсін елі күнбиі көкбөрі емген.
Ер Жəнібек маңынан ұйықтағанда,
Көкбөрі ойнап жүргені көп көрінген
Сенің жаның, білемін, аталайды,
Ұққаның жөн осылай ата жайды.
Биязы елдің ұрпағы əуелдесең,
Атын оның қасқыр деп атамайды.
Бұл мекеннен сол итқұс жоғалғалы,
Қиын болды көп індет жол алғаны.
Малды тентек, адамды арақ улап,
Екі делбі əр үйден жоғалмады
Көп, қарғам-ай, бұл жайлы тағы да аңыз,
Көкбөріге тəңірдей табынамыз.
Бірге өрілген, əйтеуір, тарихымыз,
Ұрпағы боп көкжалдың таныламыз
Сəтке болса жазылып кең жауырын,
Шығарады қарт кеудеден көп жалынын.
Сірілімен жаңбырдың бірге жеткен,
Ата-бал тыңдады көкжал үнін.
Анда-санда нажағай аласұра,
Сіберледі малшы ауыл даласына.
Сол жаңбырдай бір сезім сіберледі,
Ата менен баланың арасында.


Бала көңілі бір түрлі аласұрды,
Аласұрды, естіді талас үнді.
Жаңбыр сырылы, көкжалдың ұлығаны
Араласып, көрінді дала сырлы
Жетілмеген болса да бір күш əлі,
Шал ойымен бала ойы бірге ұшады.
Ұлығанын көкжалдың алып-қашып,
Əлсін-əлі жұтады түн құшағы.
Сəби ойын билейді ұры жалын,
Жауып тұрды аспанның нұры– жауын.
Атасының қойнында ұйқтады ақыр,
Тыңдап жатып көкжалдің ұлығанын
* **
Симай мынау даланың кең төсіне,
Жатыр екен түсінде кең көсіле.
Атасының құшағы далаға ұқсап,
Көкбөрі ойнап жүр екен кеудесінде.





Пікір жазу