13.09.2022
  186


Автор: Зайда Медеуханқызы

Жаным балам

Жаным балам, анаң кейде назалы,
Ашыныстар алған үшін мазаны,
Дауылдайын кейде боран үйірсе,
Кейде күндей күлімдейді қабағы.
Жаным балам, анаң кейде назалы,
Аз емес қой кіршіл көңіл азабы,
Жүрсе-дағы басқаларша күн кешіп,
Жан дүниесі тас-талқан болып жатады.
Жаным балам, анаң кейде телегей,
Жүрегімді күш кернейді бір егей,
Кеудеде жыр қаққан кезде дабылын,
Шалқып кетем бұл тірлікті елемей.
Алмастайын шорт сынатын мінезім,
Қайырылмастай қатуланып кетпесін,
Бір ұрпағым тартпады-ау, деп өзіме,
Ақын жүрек армандаумен өтпесін.
Түсін соны, менің жалғыз жүрегім,
Өзің ғана менің жалғыз тірегім,
Ақынмын ғой жаным нәзік, арым пәк,
Жырым егіз өзіңменен, Секенім.





Пікір жазу