07.09.2022
  61


Автор: Ермұрат Зейіпхан

Жалғанды күндiз көр дептi...

Жалғанды күндiз көр дептi,
Әр неге сосын асықтық.
Өзiң мен өзiң бол дептi,
Ұйқысыз түндi нәсiп қып.
Көз қанған тiрлiк алданыш,
Ойды алған түнде сыр шексiз.
Шексiздiкке самға да ұш,
Көкiрек есiк күршексiз.
Өзiңдi көрмеу, ұқтырмау,
Оянған кез бұл – ой-сана.
Түн құшағы ұмыттырды-ау,
Жар қойыны жалын болса да.
Бөлеп бiр нұр мен шапағат,
Хикiмет, тылсым оянбақ.
Кеткенде жұлдыз бошалап,
Түсем мен жерге аяңдап.
Бойымда жырдың өртi ерен,
Самарқау сен тiл қатасың.
Мен кiре берген көрпеден,
Сен тұрып бара жатасың...





Пікір жазу