03.09.2022
  96


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЖАЛҒАН

— Жүгіреді, еншімді алып қалам деп,
Күйкі күндер түріп алған балағын —
(Мен бірдеңе білетіндей... маған кеп),
Өмір не? — деп сұрайсың ғой, қарағым.
Маңдайының бақ пен соры бес елі,
Қособада жолын Ажал торитын.
Өмір деген... көрген түсің кешегі
Хақ-Тәңірдің өзі ғана жоритын.
Мен білетін пәлсапа осы...
бара бер,
Мырс ететін болсаң бұған ақырын.
Жүрегіңмен тыңдар болсаң, ал егер,
Мынау айтар ақылым:
— Әлсіз жанның маңайынан табылдым,
Көп нәрсеге болмағанмен ептірек.
Мен түсімді жорытар күн, Тәңірдің
Қас-қабағы дұрыс болғай! — деп тіле.





Пікір жазу