18.08.2022
  105


Автор: Нұрлан Қалқа

Асыл жан

І.
Қиындықты кештiң талай басыңнан,
Жалғыздықтың дəмiн таттың жасыңнан.
Басымыздан сипап жүрiп өсiрдiң,
Қайсар жансың жаралғандай жасыннан.
Абзал ана, ғазиз ана, асыл жан,
Өмiрiңдi көрем аппақ шашыңнан.
Асылдың сынығындай – анашым,
Терiскейдiң шуағындай шашылған.
Ардагерсiң – тыл көрiгiн қыздырған,
Табаныңа соғыс жылы сыз тұрған.
Жығылмады қасиеттi шаңырақ,
Бiр кездерi əкем жəне сiз құрған.
Немере мен шөберелер қасыңда,
Бұл күндерi бəрi бар ғой басыңда.
Аман жүршi ақ жаулығың желкiлдеп,
Көрсең деймiн көрмегендi жасыңда.
ІІ.
Өмiрдiң мəнiн жастай ұғынғаным,
Анашым, өзiңсiң ғой жырым-барым.


Тағдырдың тауқыметiн тартып жүрiп,
Өсiрдiң – дауылдарда жығылмадың.
Қайсар ең,
қажымастай көрiнесiң,
Əрқашан шаңырақтың төрiндесiң.
Қаратау, Жынысата – киелi жер,
Бақ қонған Созақтың жерiндесiң.
Асылдың сынығындай анашым-ай,
Жанымды жылытады қарасың жай.
Жасыңда жасындайын жарқылдап ең,
Сексенге бəлкiм солай барасың-ай!





Пікір жазу