01.08.2022
  399


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҮШ ӘРІП

Кең жазира әлемді
Көретінің – үш әріп. (Көз)
Шалқайғанда төбеңнен
Төнетінің – үш әріп. (Көк)
Тірліктегі ең жақын
Адамдарың – үш әріп.
(Ана, әке, ата, әже, аға, апа, іні, дос)
Жаңа басқан сәбидің
Қадамдары – үш әріп. («Қаз-қаз!», «Тәй-тәй!»)
Биіктіктің өлшемі
Көрінетін – үш әріп. (Шың, тау)
Қайраттансаң, бойыңнан
Төгілетін – үш әріп. (Күш)
Көңіл-күйді тербетіп.
Тартылатын – үш әріп. (Күй)
Қажетіңді сұрасаң.
Айтылатын – үш әріп. (Бар, жоқ)
Бойыңдағы қуатың,
Тірлігің де – үш әріп. (Қан)
Мәңгі мекен, тұрағың,
Кіндігің де – үш әріп. (Жер)
Таңдайыңа татитын
Тәтті дәмің – үш әріп. (Тұз, бал)
Тебірене толғанып.
Айтар әнің – үш әріп. (Жыр)
Ауылыңның ең үлкен
Азаматы – үш әріп. (Шал).
Қылмыстыны аямай
Жазалайтын – үш әріп. (Сот)
Жігіттердің сүйікті
Қарындасы – үш әріп. (Қыз)
Өміріңнің мәні мен
Мағынасы – үш әріп. (Сүю)
Жақыныңның айтатын
Базынасы – үш әріп. (Наз).
Адамдықтың ең ұлы
Қазынасы – үш әріп. (Ұят)
Қасиет те – үш әріп, (Кие)
Қасірет те – үш әріп, (Аза, зар)
Жарығың да – үш әріп, (Күн)
Азығың да – үш әріп… (Нан, тұз, шәй, май)





Пікір жазу