24.07.2022
  143


Автор: Төлеген Жанғалиев

Үйір-үйір жылқым бар, қора-қора қойым бар...

Үйір-үйір жылқым бар, қора-қора қойым бар,
Тау тасынан тағы көп қаптап өрген табындар.
Деп соғады кеудесін кедей-кепшік жандарға,
Тоқ ішегі майланып, тоғын басқан қарындар.
Ата-тектен баяғы қотыр қозы қалмаған,
Байлық түгіл, басында баспанасы болмаған.
Көктен түсіп келгендей көкиді кеп жұртына,
Бақайының исі де жаңа кеткен оңбаған!
Он жылдықтың өзін де әрең оқып бітірген,
Одан ары оқуға сырт айналып түкірген.
Дипломды қос-қостан сатып алған ақшаға,
Ақша-патша тұрғанда табылмай ма, ішіп-жем!
Сәлем берген жандарға сәл-пәл ғана «күңк» етіп,
Мықынына таянып, миығынан «мырс» етіп.
Көріп тұрып кісіні көрмегенсіп, бәлсініп,
Көздеріне шыққандай құлқынының құрты өсіп.
Жүрген мынау өмірдің, жаңа заман байларын,
Көрген кезде бабамның жан айқайын ойладым.
Баяғының байлары сорпа-суын аяса,
Бүгінгінің байлары жалатпайды бармағын.
Баяғының байлары жетімдерді жебеген,
Бүгінгінің байлары шеттерінен «тебеген».
Абай баба, ардақтым, келіп көрсең соларды,
Қалың елің қазаққа қайыра бір не дер ең...
«Қорқамын» деп кетіп ең, шын қорқытып алдық-ау,
Басымызға түскендей бар бұғалық, бар бұғау.
Тақиядай жер үшін тарпаңдасқан ағайын,
Көрге түспей көріспес, бір-біріне болды жау.
Ел намысы дегенің олар үшін түк емес,
Құртып елді барады, қуыс кеуде, құр егес.
Айтып бәрін кетіп ең, жарықтығым, жан баба,
Ақылыңды алмаған біз кінәлі, Сіз емес!





Пікір жазу