23.07.2022
  304


Автор: Аралбай Оңғарбекұлы‎

КЕЛІНІ МЕҢЕШКЕ АЙТҚАНЫ

Қалам, сауыт қолға алып,
Талай жерде толғадық.
Басымнан қайғы көп өтті,
Мәнісін айтып қозғалық.
Келін жесір, ұл жетім,
Бұрынғыдай болмадық.
Еңсеме түсті ауыр жүк.
 Тарта алмай тұрмын зорланып.
Алланың ісі биғайып,
Мұнысын қайтіп болжалық.
Кете ме деп келінім,
Разы болып өлімге,
Талай жерде боздадық.
ІІІырақтан калған шырақты
Беліме қуат тұтындым,
Қайырын берсе оңғарып.
Қолыма келдің, шырағым,
Аз ақылдан айрылып,
Алаң болған уағым.
Түрлі-түрлі заманның
Көзім көрді біразын.
Ішімді тартып қорқамын
Көргенде жұрттың шырағын.
Жапанда жалғыз жабығып,
Талай жерде жыладым.
ІІІырағым қолға келгесін,
Тарқады қайғы тұманым.
Өшкен отым жанғандай
Шөлдеген мейірім қанғандай,
Белімді мықтап таңғандай,
Болып отыр мұрадым.
Қарағым, қалқам, жарқыным,
Көруге ажар, алтыным,
Адасқанда жөн сілтеп,
Айтады адам ақылын.
Төсекте жатып көлбедім,
Жастықта жатып еңіредім,
Баса алмай күйік қарқынын.
Өткен іске өкініп,
Толғаумен көңіл аршыдым.
Қор болмас перзент деген бар,
Батасын алса қартының.
Бота, тайлақ, тоқты, лақ
Артында қалған нар болар.
Нардың жүгін тартқанша
Нар иесі зар болар.
Ақыл қойып аңдасаң,
 Көз жіберіп пәмдесең, 
Дүниеге жаралып
Келген адам дал болар.
Дал демектің мәнісі –
Басына, ұшсаң, қондырмас
Уайым, қайғы тау болар.
Көлденең жүрсең, өткізбес,
Түбіне түссең, жеткізбес,
Мысалы терең сай болар.
Жақсылық түбі жаз болар,
Жамандық түбі қар болар.
Тәуекел деген пендеге
Алланың өзі жар болар.
Тәуекел ердің ісі дүр,
Ер ісімен қор болмас,
Сыртынан дұшпан көз салмас,
Белді бекем буғаннан.
Ата көрген ұлдардан,
Ана көрген қыздардан,
Жұпты болмақ бұл қалған.
Карағыма келгелі
Шырағым едің құлданған.
Шаршы төрде отырып,
Көңілдің кірін көшіріп,
Алдыңда атаң толғанған.
Қарағым, қалқам, келінім,
Көп кештім қайғы теңізін.
Жиырма бес жасқа келгенде,
Жөн түзеді егізің.
Басы аман, көңіл шат күнде
Ата білмес ұл бұлын,
Ене білмес қыз бұлын.
Бұл секілді шырақтың
Білсек керек біз бұлын.
Домбыра тартып, жыр жырлап,
Басайын көңіл қызғынын.
Қайраңда қалған кемедей
Толқынсыз көшіп жылжыдым.
Қарағым, сенсің ермегім,
Сен сықылды шырақтың
Айтып болмас өрнегін.


 Тек шықпаған жан отыр,
Толғаумен көңіл делбедім.
Тоты құстай таранған,
Жан-жағына қаранған
Ақсұңқар ұшып кеткенсін,
Шытыр жеген түйедей
Төсекте жатып көлбедім.
Қарағым, қалқам, баласың,
Атаңның тыңда санасын.
Екі қысым жол болар
Қайғы мен шаттық арасы.
Қайғы - қара теңіз дүр,
Көңіл - үлкен бабасы
Баба тілін қайырмас
Қолындағы қарасы.
Шаттық - жанның саясы,
Санға шықсаң, көрінер
Ақылдың қорған қаласы.
Құр шалғайсыз шаршатар
Уайымның сары даласы.
Сұңқардың орны төленер,
Белге бекем тұтынсақ
Орнында қалған баласын.
Айналайын Меңешім,
Сөзімнің тыңда келісін.
Жапанда шектім көп қайғы,
Кете ме деп сен үшін.
Мен - қураған бәйтерек,
Сен едің миуа жемісім.
Жемісі жерге төгілсе,
Бәйтерек болмас келісі.
Сен қолыма келген соң,
Толып отыр кемісім.





Пікір жазу