21.07.2022
  170


Автор: Баян Тіленшина

РОЗА келініме

Жанары жәудіреген елік едің,
Сабылып, сарғайғанда көріп едім.
Тамырдан жалғыз өмір жаралғанмен,
Мен сені жүрегіме теліп едім.
Құнарын қасиеттің нәр етсін деп,
Суырып өзегімді беріп едім.
Рауанды таң сезіммен гүлдедің бе?
Сағыныш гүлін бердің бір деміңде.
Дүние шыр айналып, билеп кетті-ау,
Қосылып сәбиіңмен күлгеніңде.
Мен сонда қуанышқа масайғанмын,
Түндігін тұнжыр мұңның түргеніңде.
Не деген киелі еді келін деген,
Өзегін өмірлердің желімдеген?!
Бекітіп босағаңды, биіктеткен,
Баласын келген жұрттың кенім деген.
Кілітін көңілімнің саған бердім,
Өркенім өссін деген сенімменен.
Ұлыма ұқсап қалған ұлдар бердің,
Ұқсаған дәл өзіме қыздар көрдім.
Үш тарам шаш өріліп, бұрым болар,
Үш жұрттың бірлігіне нәсіп тердім.
Қызым деп, қыдырым деп сүйдім сені,
Мен жолын ұстанбадым енелердің..
Тыңдама сыпсың сөзді сумаңдаған,
Тазарар көңіл кірін жуғанда адам.
Тобықтан төмен жүрген күншіл келер,
Биікке талпынбай ма туғанда адам?
Достаспа кене, шаян, жыландармен,
Нық болар белді бекем буғанда адам.
Келіндер ұқсайд дейді енесіне,
Жүрсінші осы айтқаным тек есіңде:
Сағыныш, Дәулетияр, Бейбарысты,
Еріктен кем көрмеймін. Сенесің бе?
Мен риза болсын десең, бөлектеме,
Мінсем де Бақилықтың кемесіне.
Маңдайға тағдыр жазды, бәрін көрдім,
Ақ шашқа нұр жүзімнің әрін бердім.
Бір ұлым көктеуі үшін сығып-сығып,
Жүректің жан сезімді нәрін бердім.
Гүлдеңдер қаулап өсіп. Мен жатайын,
Тербеліп бесігінде қара жердің.
Жоқтан бар жасалмайды, бар жоғалмас,
Балшықта тоттанбайды нағыз алмас.
Туылмас иттен қозы, құстан кірпі,
Құмырсқа арыстанға үй соға алмас.
Әркімге өз тілінде сөйлемесең,
Жоқ нәрсе жоқ болған соң пір таба алмас.
Бәйтерек бұтағы жоқ болар томар,
Қарашық жоғалғанда сөнер жанар.
Буланып, көк зеңгірге жеткен сезім,
Һауасы көтермесе, жерге тамар.
Қос қолдап өз перзенті бастан ұрса,
Жан алғыш һақ патшаң да жерге қарар.
Сен мені биіктетші, биіктетші,
Ене емес, өз анам деп сүйіп өтші.
Ұл өсіп, келін алсаң - қартаярсың,
Тіршілік – аумаш-теңгеш. Түйіп өтші.
Өркендеп бұтақ болған ұл-қызыңа,
Өсиет осы сөзді құйып өтші.
Жанары мөлдіреген елігім-ау,
Еріктей жалғызыма серігім-ау.
Алақан аясында үлбіреттім,
Бөлектеп кім айтады сені мынау?
Тілі жоқ ағаштар да ұласпай ма?
Мен сені өзегіме телідім-ау.
Тіленші әулетінің еркесі едім,
Мамықтау болсын десең жер- төсегім,
Түсініп, әр қатарын шуақтатшы,
Мен тіккен өлең-өмір-көрпешемнің.
Тәж киер ұрпағымды тәрбиеле,
От жүрек, нұрлы ақыл, ел көсемін.





Пікір жазу