20.07.2022
  256


Автор: Баян Тіленшина

Апатайым

Тербетіп ақ бесікте аялаған,
Қызынан жан жүрегін аямаған,
О, ана, құттықтаймын мерекеңмен,
Қамқоршым, нұр жүректі саялы адам!
Анашым – қарашығым жанардағы,
Анасыз қай баланың жанар бағы?!
Күлгенің күн секілді нұр себелер,
Айналып жүрші мәңгі – бар арманым!
Жібектей майда қоңыр шашың қандай!
Тал бойың қазыналы асылдардай!
Не деген таза еді тілектерің,
Таңырқап періштелер бас ұрғандай!
Сырымды еш бүкпесіз бөлісерім,
Сағынып сәт көрмесем көрісерім,
Өзіңсің, бір өзіңсің жаным - анам,
Не десең, сөзге келмей келісерім.
Білімдар сен табиғи ғалымбысың!
Мен үшін ең ақылды, дарындысың,
Анажан, жүрегіңе жалғанғанмын,
Берер ем қажет болса жанымды шын.
Бұлақтай иіп тұрар бар адамға,
Ызғар жоқ, жаның нұрдан жараған ба?
Ақкөңіл, дархан пейіл, аңқау анам,
Сен тіпті пәк боларсың баладан да!





Пікір жазу