20.07.2022
  114


Автор: Артюр Рембо

МИШЕЛЬ МЕН КРИСТИНА

Құрып кетсін,
жағалаудан күн кетсе екен шағырмақ,
Жер бетінен жиып алып жоғалсын бар жарығын!
Кенет, барлық жолда, қырда көлеңкелер қалыңдап,
Сездім ірі тамшыларды,
күн күркірі сарынын.
Ақ қозылар – жауынгері мамыражай заманның,
Арша,
науа,
сендер де қаш,
көшті бастан құтты жыл.
Қаш, жайлаулар,
шабындықтар,
жақын қалды қаран күн,
Күн күркірі жайып жатыр дастарханын қып-қызыл.
Бала шопан,
қартаң төбет,
тығылыңдар шатқалға,
Жасындардан жоғары қаш, –
қалды адыра қотандар.
Келді уақыт, –
түнек пенен күкірт жауып жатқанда
 Етектегі кеуектерге тығылыңдар,
отарлар.
О, Тәңірім, алайда мен...
Кетем ұшып аспанға –
Мұз құрсаған,
бұлт шарпыған сынды қызғылт тұскілем.
Менің жаным жердегі бар қараңғыдан қашқанда,
Өтеді ұшып шетсіз-шексіз өлкелердің үстімен.
Жабайылық тамырынан туған мың сан қасқырлар
Біздің Ұлы Европаны орап діни құйынмен;
Шыңғырысып бағзы көпір тұяқтардың астында, ал
Он сан Орда өтеді одан мұздай берен киінген.
Ал содан соң – ай сәулесі!
Маңның бәрі өлі құм,
Кілең күрең сарбаз толы қара аспанның астында.
Қарақшылар үрей шашып ойқастатса көлігін,
Дүбірлі үні ұқсайды алыс,
алапатты тасқынға.
Енді жарық көрер ме екем?
Қайда әйелім лаладай?
Күйеуі бар...
Аяқ жақта ақ қозы бар – құрбандық...
Мишель және Кристина –
һәм Христос!..
Обал-ай! –
Мамыражай заманадан біздер мәңгі тұл қалдық.





Пікір жазу