20.07.2022
  191


Автор: Артюр Рембо

МАС КЕМЕ

Ағыс бойлап жүзіп кеттім,
жүзбеске енді шарам бар ма,
Кідірмеймін көлденеңдеп жолды тосқан аралдарға.
Үндістер кеп шабуылдап,
бар теңізшім мәңгілікке
Шегеленіп қала барды
боялған кіл бағандарға.
Ағылшынның мақтасы мен фламандтың қабы бар мың
Кемелерге назар бұрмай,
желге желкен жанығанмын.
Төбелестер,
көп елестер естен шығып,
жүздім еркін,
Ағыстардың шақыруын біржолата қабыл алдым.
Толқындармен араласып,
еніп кетіп іштеріне,
Сотанақтай мен талайдың бөгет болдым істеріне.
Айлағынан дауыл жұлған кемедегі жандардың да
Дәл осындай іретсіздік, кірер еді –
түстеріне!
Оянғанда – мың бір тілек:
бата берді күн күркіреп,
Тығын құсап емін-еркін билеп келем –
бұлдыр тілек.
Адамдардың көз жастары толқындарды тулатқанда,
Бағдаршамнан көз жазып қап,
мұңайтпайды тұлдыр түнек.
Сәби қандай құштарлықпен жейтін болса жентін жерік,
Жасыл суға қойдым мен де жан-тәнімнің еркін беріп.
Шараптардың дағын шайып,
 құсықтардың қағын шайып,
Тұтқамды да жұлып алды
ойнақтаған толқын келіп.
Содан бері мен мұхиттың жырлап келем шарасында,
Жарқыраған жұлдыздар мен Құсжолының арасында;
Аспан нілін қанбай піскен тұңғұйықтар сабасында,
Ғарық болған ғарыптардың жасырынған санасында.
Шексіз көгіс кеңістіктің тұр әлемді басып мысы,
Күн ырғағы жүйелеген тереңдіктің тасып күші.
Саз аспабын,
шарап зәрін мың орайтын қуатымен
Бұл арада бұғып жатыр –
Махаббаттың ашытқысы.
Аспанды да шатынаған,
тереңдікті қақыраған,
Құйынды да,
боранды да,
түнді білем аһылаған.
Көгершіндей күліп тұрған күннің нәзік жүзін көрдім,
Мен көргенді ешқашанда
көрген емес ғафыл адам.
Көрдім:
Күннің сиқырынан жартастардың мас болғанын,
Көрдім:
Жердің сүйектерін балқытқанын аспандағы үн.
Ежелгі бір драманың актерлары сықылданып
Толқындардың топталып кеп ауыздарын ашқандарын.
Қиялымда қарлы түнгі сүйіс сырын, тіпті, ұғынам,
Теңіз көзін көргім келді тереңдіктің жықпылынан.
Әнін ұқтым,
мәнін ұқтым қайталанбас ағыстардың,
Ақжонастың* көрдім әнін көгілдірлік тұтқынынан.
Табын сиыр озанындай борандарға айлап ердім,
Артық жүктен ада болған мендей кеме қайда көрдің?!
Паң мұхиттың кеудесінен басып Пәктік Періштесі,
Мұхит тыным тапқан кезде
көкжиектен пайда болдым.
 
Мен өзімді ойға сыймас өлкелерге бағыттадым,
Кемпірқосақ жүгенінен айрылмайды талып қарым.
Су астының табындарын –
келем көзбен бағып бәрін,
Тереңдіктен тауып алып көктің шексіз жарықтарын.
Су-құбыжық шірігенде –
қорек алып настан құрақ,
Божитынын батпақтардың айтты маған тастар жылап.
Көрдім:
Өлі тыныштықтан –
ұлы толқын қозғалысын,
Тұңғұйыққа ағынымен жатқан шағын аспан құлап.
Күн сынабы жерге сіңіп,
жаққанда аспан шырақ-оттар,
Суын қара бояу көміп бара жатқан шығанақтар.
Онда ашулы бүргелердің талауына түсіп қалған
Ордалы алып жыландардың улы көзі сұғанақтар.
Сәбилерге көрсетер ме ем ән салатын балықтарды,
Нәзік, алтын балықтарды барар ма едім алып мәңгі...
Кенет менің қанатымды желпіп өтті бір сиқыр жел,
Көз жеткісіз бақ әлдилеп,
алтын көбік малып тәнді.
Аптап қақтап,
қарлы суық төзімімді жоятын күн
Мені теңіз жаймен жылап тербететін:
«қой, ақылдым».
Еппен ғана ұсынатын түннің жұлдыз-гүлшоқтарын,
Ал мен ұқсап әйелдерге,
қайта қалып қоятынмын.
Аралдардан қалам естіп құс даусының жаңғырығын,
Ұрысқанын,
сансыз сөзін,
тиеп келем саңғырығын.
Менің тозған құрсауымның көнеріңкі өрмектерін
Ұйығына сүйреп бара жатыр ұйқы –
мәңгі жылым.
Қоңыр құлмақ – қоңыр түбіт орап алған дене мені
 Тым тереңге шақырады – бесігіне бөлегелі.
Менің қаңқам біржолата өз тұрағын тапқаннан соң,
Тұңғұйықтан таппайды оны келер күннің кемелері.
Еркіндіктің кемесімін –
тұман киіп,
мұнар қонған,
Көкті сүзіп,
жарша бұзып,
айға кейде сыңар қонғам.
Барлық тәтті дүниедегі – күн қынасы,
көкшіл шырыш
Менен басқа қай жерде бар –
барлық ақын құмар болған?!
Сапарымды жалғастырам –
тереңінен қаптап еріп
Қара балық қуған шақта,
маңдайды алыс жаққа беріп;
Шырқыраған сары шілденің аптабынан аспан оңып,
Жер мен көкті зау шұңқырда жатқан шақта отқа көміп.
Сусиырлар жатса үйленіп үйреншікті батпағында,
Мен дірілдеп қорқып жүрем,
жас тамшылап жақтауымда.
Мен мәңгілік жолаушымын –
Европа сағындырды,
Тастарын да сағындым мен,
көне жақтау қапталын да.
Жұлдыздардың шоғырында жүруде әлем құрылысы,
Шалынады – бақилықтар барған жердің құбылысы.
Түпсіз түндер қойынында жай ғана ұйықтап жатсың ба, әлде,
Бар ғаламды гүлдендірер –
Болашақтың Ұлы Күші?
Алайда мен көп жыладым!
Күн шапағы тым зәһарлы,
Барлық жерде күн – көрсоқыр,
ай – үрейлі,
түн – қаһарлы.
Қабыртқамды қақыратсын!
Жұтсын теңіз қапыда-ақ шын! –
Махаббаттан маспын бүгін! –
 Мас қылады ол мың шаһарды.
Европа сағындырса, –
сияқтанып бөлек ғалам,
Теңізінің толқындары қажет емес! –
Не деп барам?..
Көктемеде сәбилер кеп жағасына жиналып ап
Қағаз кеме жүзгізетін шалшық суы керек маған!
Төзім бітті.
Тыңдау жоқтай енді мұхит дастанынан,
Пайда қуған кемелердің болам аулақ нас-торынан.
Өркөкірек жалаулардың тап боп ылғи үкіміне,
Енді өте алман –
тұтқындалған қайықтардың қастарынан.





Пікір жазу