20.07.2022
  202


Автор: Артюр Рембо

АШТЫҚ МЕРЕКЕСІ

Анна, Анна,
есек мінген аштығым
Шаршамайды,
ұлытады қасқырын.
Асқазаным ұлып жатыр не біліп,
Келеді аштық сұр есегін тебініп.
Дың-дың еткен ішектердің аңсары
Көмір,
темір,
жартастарды кеміріп.
Кел, ұлы аштық!
Қайда қаһар ашуың?! –
Даламызға удың шашшы шашуын!
Жеңіз.
Тас біткенді уатылған таудағы,
Шіркеулердің ескі тасын баудағы.
Сұр жазықтың теріп жесең тастарын,
Май жегеннен кем болмайды аш қарын.
Сұр аштыққа –
қара ауаға бөккен көк,
Жыртылады бөлшектерге көкпеңбек.
Мұның бірі асқазанға жеткен жоқ,
Бұдан асқан бақытсыздық өткен жоқ!
 
Жапырақтар пайда болды жылтырап,
Қоймаларға кірердеймін құлпын ап.
Мен даладан кете бардым гүл теріп,
Есімді алып барады исі бұрқырап.
Анна, Анна!
Есек мінген аштығым,
Келеді әлі.
Ұлытады қасқырын.
(Август, 1872)





Пікір жазу