20.06.2022
  150


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

АДАМНЫҢ КЕЙБIР КЕЗДЕРI

 


Ағаштардың сарғайған жапырақтары арасынан күннiң сəулесi төгiлген күздiң ең бiр саябырлы, мейiрбандығы мол шағы едi.
Анна Дмитриевна соңғы стақан шайын iшiп болып, стол үстiн жинамастан терезеден бақ iшiндегi шуақты қызықтағандай үнсiз отырып қалған. Ауызғы бөлменiң еденi тарс-тұрс етiп сырттан пəтершi жiгiт Хамит кiрдi. Ол əйелi, үш жасар баласымен Анна Дмитриевнаның дəлiзден шығатын бөлек есiгi бар жеке бөлмесiнде тұратын.
Əлдене айтпақшы екенiн ұққан кемпiр мол денесiн қозғауға ерiнгендей, мойнын болар-болмас бұрып, қабағын кере қарады. Хамит қуанышты, əрi асығыс екен.
– Анна Дамитриевна, бүгiн бiздiң үйге Совет Одағының халық əртісi келедi,– деп белгiлi əншiнiң құлаққа əбден сiңiстi болған аты-жөнiн қоса атады.

Анна Дамитриевна əн өнерiн соншама сүйетiндiктен де, оның хабарына кəдiмгiдей елегiзiп қалды.
Хамит үйленгенде достары оған сыйға тартқан магнитофоны болушы едi. Оған əр жақтан əндер жазып, ленталардың неше орамын толтырып тастаған. Сонда да Хамит қанағат тұтқан емес. «Мына əндердiң жазылу сапасы аса жақсы емес, шiркiн- ай, белгiлi əншiлердiң тура өз қасында тұрып, микрофон арқылы түсiрiп алғанға не жетсiн»,– деп аузының суы құритын. Өзi телевидениеде аға техник болып iстейдi. Қалайда қызметiне орай өнер адамдарының көбiсiмен жүзтаныс қой. Бүгiн iшiндегi ең мықтыларының бiрiн ұстап, соның орындауында бiраз əндердi жазып алудың сəтi түскен секiлдi. Хамит сияқты елгезек, құлағының дəл түбiнен сыңсып əн естiлiп тұрмаса iшкен асы бойына дарымайтын жiгiт үшiн бүгiнгi қонақ өзiмен бiрге бiр қап ырзық əкеле жатқаны анық.
Хамит кеткесiн Анна Дмитриевна үй iшiн тəртiпке келтiре түскен болып, əрi-берi қимылдады да, айна алдына барды. Маңдайынан жоғары, əрi құлағының түбiнде желбiреп тұрған ақ шашқа бүгiн аса бiр iлтипатпен қарамақ пейiлi бардай. Маңдай терiсiн жазып, иегiн ары-берi бұрып, бет-жүзiн, мойнын бiр сəтке болса да қыртыстанбаған əжiмсiз күйде көргiсi келiп, сырттан бiреу бақылай қалса осы жасына лайықсыз қимыл жасап тұрғанын да ескермедi.
Сəлден соң иығын салбыратып, мұңайған пiшiнмен қыбырсыз тұрды. Уақыт мəнерiне қарсы адамның ақыл-ойы дəрменсiз екенiн сезген, бiрақ ол мұның бiр басының ғана мұңы емес, нелер ұрпақ шешуiн таппаған, тек əнмен, күймен айбат шегiп келген қатыбас тағдыр сызуы екенiн ойлаған бет-бедер бар.
Бұл оймен Анна Дмитриевна көп болған жоқ. Ауырсынған шəлiсiн мойнынан сыпырып тастағандай тез жеңiлейiп үй шаруасына қайта бұрылды. Бөлмелерi онсыз да тап-тұйнақтай едi, жаңа ғана басынан қуған уайымды қайта жолатпауға себi тиетiн қолға iлiгер бiр iс таппай сəл бөгелдi. Ары-берi еш себепсiз- ақ бұрылып байқап едi, қол-аяғы бүгiлiп-жазылмайтын ағаш сияқтанып мүлдем оңтайсыз көрiндi.
Апырау, жаңағы Хамит айтып кеткен хабар мұны соншама тұралатқаны несi? Белгiлi əртіс келсе не болушы едi? Анна Дмитриевна осыншама жыл Алматыда тұрса да телевизордан болмаса сол əншiнiң өзiн көрмептi де. Əлде өзiне-өзi мойындамағанмен белгiлi əртістiң осында келуi мұның өмiр бойы

сарғая күткен бақытындай, бұл үшiн қайталанбас үлкен оқиға ма едi.
Анна Дмитриевна өзiнiң осы өмiрiнде аз нəрсенi күттi ме? Күйеуi майданнан оралғасын көп жүрмедi. Бала кезiнде екi қабырғасын сындырып, кемтарлыққа ұшыраған жалғыз ұлы соғыс кезiндегi ауыр жұмыстан қосалқы ауруға ұшырап, ол да қыршын кеттi. Сол жылдарда мойымай осынау бастағы тiрлiктi өгiздей өрге сүйреп келген бiр өзi ғана. Қазiр қартайды. Қолдағы күрек пен кетпеннiң табы əлi кеткен жоқ. Ендi өткен күндерiне бүгiнгi тыныш қалпынан қарап өкiнiш айта ала ма? Əрине, онсыз өмiр болушы ма едi? Бiрақ санын соғып, бармағын тiстейтiн оқыс сəтсiздiктердi қанша зорланса да есiне түсiре алмайды.
Алыс Сiбiрде Обь өзенiнiң жағалауындағы шағын селода қаршадайынан мұз кешiп өстi. Есейе келе өгiз айдап, жер жыртты. Мұны жастайынан сомдап соғып, қайратты еткен өлмелi əке- шешесiнiң қамы едi. Өз құрбыларынан тұлғасы бөлек екенiн iштей сезе ме, əйтеуiр, əлсiз жыныстанмын ғой, бұл iс маған қол емес дегендi қаншама тау көтерiп жатса да ойына алған емес. Колхоздың сол қиын кездердегi мойынтұрықты өгiзге емес, өз мойнына iлгендей шаруасына жанын салып, кейбiр жеме-жемге келген сəттерде жiгiттерден де қайратты шығатын. Сол тiрлiк кешегi зейнетке жеткен күнге дейiн жалғасты.
Қол бостықтан, iш пысудан ба, өмiрдiң қара еңбектен басқа да жақтары барын осы соңғы шақтарында сезiндi. Анна Дмитриевнада қиялшылдық та пайда болған. Кейде күрсiне отырып «Заманым болса ғой»,– деп сөйлейтiн. Онысы көбiне жаңағы Хамитпен əңгiмелессе айтатыны. Хамит магнитофонды жүргiзiп, одан бiрiнен бiрi өткен таза дауыстар төгiлгенде:
«Мынау мынадай əншi, мынау мынадай əншi»,– деп, əр дауыстың иесiне анықтама берiп жатқанда Анна Дмитриевна əн тебiренткен қалпымен шарасынан аса төгiле жаздап, үйреншiктi күрсiнiс сөздерiн айтатын.
Жас шағында онда əдемi дауыс болғаны анық. Бiрақ оның осылайша сайрап шықпағанына кiм кiнəлi? Оқу оқымай, қала көрмей алыс деревняда ауыр еңбекке қыңқ демей өскенi ме? Əлде мұның жас өмiрiне салмағын артқан кембағал əке-шеше ме? Əлде сол дене, бұлшық еттерiмен жұмыс үшiн туған қыршын қыз Аняда əдемi дауыс барын ойлап, оған көңiл қоймаған айнала жұрт па? Жоқ, табиғаттың бергенiн жұлқып, көкке көтере алмаған, сондай серпiлiске мойны жар бермеген өзi ме?

Осы ұзақ өмiрде «Мен сөйтпедiм-ау»,– деп, артына қарайламаған болса, ондай əдет тау бұлағы көлге құйып тыншу тапқан қазiргi шағында ғана көкiрегiн шым-шым еткiзiп, əлсiн- əлсiн келiп-кетiп тұратын болған.
«Заманым болса, тап осы əншiнiң орнын мен басар едiм»,– дегендi Хамитке талай рет айтқан. Немесе: «Заманым болса, осы күнгi əн айтам деуге талабы барлардың жұлдызы өзiм едiм ғой»,– деген де осының сөздерi. Хамит – қу жiгiт. Анна Дмитриевнаның көңiлiне тиiп кетпейiн деп, күлкiсiн тежеп ұстайтын. Ол сыңайды Анна Дмитриевна да байқамайды емес. «Сенбейсiңдер ғой, қарақтарым»,– деп iштен тынады да, сонау балалық шағы өткен Обь өзенiнiң жағалауын көз алдына келтiретiн. Теңiзге ұқсап, кең жайылған тұманды су жағасындағы қалың ағаш, бұта, тiптi жер бауырлап өскен жатаған шөптерге дейiн мұның көз алдында тiрiлiп, «рас, рас» десiп, қол соғып, тербелiскенге ұқсайды. «Жас қыз Аняның дауысына құлағымыздың құрышы қанған». Осы бiр үн жердiң көкiрегiнен шығып тұрғандай Хамит сияқты елгезек жастарға сондай бiр куəгер тiлiн ұғарлық ақыл-сана бiтер ме едi деп те армандайды.
Соғыс бiткен жылы сол өзен жағасында жүзi жүдеу, иығына артқан қапшығы бар майданнан қайтқан бiр жауынгер жолыға кеттi.
– Қарындас, сiз менi танымассыз,– дедi ол өзiне шошына қараған Аняға.– Осыдан төрт жыл бұрын майданға кетiп бара жатып, тап осы маңнан сiздiң шырқаған даусыңызды естiгенмiн. Жүрiсiмiз шұғыл едi, сiзге бiр қайрылып, есiмiңiздi сұрай кетуге мұрша болмады. Бiрақ тiрi қайтсам сiздi iздеп табармын деп, өзiме ант бергенмiн. Сiздiң сондағы даусыңыз маған төрт жыл бойы қуат бердi. Небiр оттан, оқтан аман өтуiме көмектестi. Жер төсенiп, топырақ жастанып жатқанымда сiздiң дауысыңыз құлағыма құйылып, тұла бойым жылынып сала беретiн. Мiне, ендi бəрi артта, сiздi жолықтырғаныма өлердей бақыттымын.
Анна Дмитриевна оған не айта алсын? Бұл кезде оның басы бос емес едi. Артық киiм-кешегiн иығына салған жауынгер сол бетiмен кете барды.
Осының бəрiн Анна Дмитриевна кiмге сыр ғып айта алады? Сөзiне сенетiн кiм бар? Тек тұман арылмайтын алып өзен жағалауындағы қалың ағаш жайқалады.
Бəрi – алыс арман. Тəттi қиял ғана тудырарлық арман. Бүгiнгi тiрлiкке перi мен перiште қалай өгейлiк етсе, ол да сондай көз

көрiп, құлақ естiмейтiн жырақта қалған, жұрттың санасына қанша жырласаң да енбейтiн, бiрақ соншама таңғажайып өмiр аралы. Анна Дмитриевна оны кəрi жасының жұбанышы үшiн ғана жолдас етедi.
Сыртқы қақпа ашылды. Анна Дмитриевна терезеге қарап едi, Хамит, артынан аласа бойлылау сұрғылт плащты бiреу өттi. Хамиттiң алақ-жұлақ еткен жүзiнен мана соншама сабырсыздана атаған қонағын ертiп келе жатқанын ұқты.
Анна Дмитриевна бұл кезде көйлек ауыстырып киген. Жаңағылар Хамиттер тұратын бөлмеге кiргенде, бұл да соңдарынан барды.
– Амансыз ба, шеше?– деп, өзiне ибалы амандасқан əртістiң түр-түсiне бажайлай қарады. Көңiлiне бiрден олқы соқты. Бойы да, өңi де көрнексiздеу, кiшкене адам екен. Өзi қазақ па, ұйғыр ма, жоқ қай ұлтқа жататынын ажырату да қиын. Үстiндегi сұрғылт плащы да ұнамады. Көнетоздау сияқты. Тек шеше бастағанда ғана аңғарды, түз аңының жонындай құлпырып тұратын асыл матадан екен.
Хамит əйелi екеуi бəрiн дайындап қойған. Ортадағы столда қымбат шарап, түр-түрлi дəм бақшадағы шоқ-шоқ гүлдер тобындай сəнмен орналаса қалыпты. Сондай бiр нəзiк құрмет көркi бар.
Бiрақ жапа-тармағай отырыса кетiп, қол салатын бұлар емес. Əртіс үйреншiктi адамдай аяғын еркiн тастап, бөлме түкпiрiнде тұрған магнитофонға қарай жүрдi. Хамит те ленталарды дереу iске қосты.
Əртіс микрофонды қолға ұстады да, арт жаққа бұрылып, Хамиттiң келiншегi мен есiк қасында орындыққа отыра кеткен Анна Дмитриевнаны бiр барлап алды. Хамит те кемпiрдiң мұздай киiнiсiн осы кезде байқап, аз-кем қысылып қап едi. Мына түрiмен сөкет боларлық бiрдеме айтып қалмас па екен деп ойлаған. Кемпiрдiң ондайы болушы едi.
Əртіс микрофонды аузына тақап, терезеге қадалып, қиялға кеткендей баяу бiр үн шығарды. Анна Дмитриевна «Ол даусын тексерiп тұр»,– деп ойлаған. Жоқ олай емес, магнитофонның лента орамдары айналып жатыр. Хамит үнсiз қалшиып қалған.
Даусы шынында жақсы болар деп ойлады Анна Дмитриевна бiрте-бiрте iшi-бауырына енiп бара жатқанын байқап. Тағы бiр ойына келгенi, бұл əртіс соғыста болған адамға ұқсайды. Айтқан

əндерi орталық Ресей далалары туралы, сол бiр қаһарлы жылдар- да белi қайысқан Отан-ананың жүрек лебiзiн осы бiр кiшкене адам жиып əкеп, өзiнiң қауашақтай жүрегiнен шығарып тұрған сияқты. Анна Дмитриевна қатты тебiренiс үстiнде əлденеден қиялы ауытқып кетiп, сонау Обь өзенiнiң жағасында өзiмен кездескен жүзi жүдеу жауынгердiң осы бiр əн ырғағымен құбылып тұрған бет-əлпетiн көрдi. Туған жердiң ыстық лебi шалқыды.
Толарсақтан саз кешкен жауынгер сəтсiз махаббат жүгiн арқалап кете бармақ емес, қайта қан майдандағы жiгерiн шақырып, əншi қыздың жүрегiн қайтсе де өзiне бағындырмаққа Обь өзенiнiң құдiретiндей жойқын қуатпен жар салғанға ұқсайды. Мынау дауысқа неткен тас жүрек болса да жiбiмей қалмақ емес. Мəңгiлiк мұз ерiп, тоң жiбiп, көктемнiң ақ балауса гүлдерi шешек атып, жаз орнайтыны анық.
Анна Дмитриевнаның тəттi қиялы əнмен бiрге үзiлдi. Шағын денелi əртісi ол ендi ғана байқады. Апырау, радиодан, телевизор- дан мұның даусын неге өстiп естiмеймiз деп бiр қойды.
Техника дегенмен, адамның өз аузынан шыққанға жетпейдi екен ғой.
Анна Дмитриевна əртіс өңiндегi əрбiр даққа дейiн есiнде сақтап қалғысы келiп, қанша үңiлсе де, ол əн айтқан сайын бар тұлғасы көз алдынан өшiп кете бередi. Дұрыс, қиял да қияңға сермейдi. Адамның көкiрегi ғана аңсайтын бақытты тiрлiк мынау асқардың арғы бетiнде ғана, ебiн тауып, үстiнен ұшып өтсең болғаны, ұшар басына соқтығып, құздан құламасаң болғаны. Тiрлiк еткен, бұқпантайлық жасамаған адамға бəрi жақын. Тек жастық жiгер, жалын қуат керек.
Бiрнеше əн жазылып бiтiп, бəрi стол басына жиылғанда Анна Дмитриевна бұлармен бiрге көп отыра алмады. Мынау қадiрлi қонақтың алдында көз жасын көлдетiп алудан қорықты. Бұлармен бiрге таныстық үшiн бiр рюмка ғана жұтты да, рұқсат сұрап, өз бөлмесiне кеттi. Атақты əртіспен бiр стол басында отыру тап қазiр қандай ғанибет екенiн ұқса да, бұдан арғыға дəрменi жетпедi. Шынында, көңiлшектiк пе, жоқ, əлденеге зығырданы қайнай ма? Оны да ажырату қиын. Өз бөлмесiне кiре көз жасым ақтарылар деп ойлаған. Бiрақ iс басқаша шықты. Сұлқ тұрып, суық көрге кiргендей əлденеден бойы тоңазыды. Ана бөлмеден кетiп қалғанына ендi ғана өкiнiп, əлдене көкiрегiне қадақтай тидi. Қайта барудың ретi тағы жоқ. Ұзақ тұрды ол.

Əртіс Хамиттің бөлмесiнде көп жайғасып отырмады. Аздан соң екеуi терезе алдынан өттi. Сонда ғана Анна Дмитриевна бiр қымбаттысынан айрылып, əлдене көкiрегiнен үзiлiп түскендей бар салмағымен төсегiне құлады. Бiрақ тез атқып тұрып, терезеге барды. Жаңағылар ұзап кеткен екен.
Апырау, бұл өң бе, түс пе? Анна Дмитриевна осы ұзақ жылдарда алыс арман, көз жетiп, құлақ естiмес жырақ, жұмбақ қоршаудағы ерекше тiрлiк аралындай көрген өнер атты дүние өзiнiң қақ қасында жапырақ жайып, шешек атып тұрғанын аңдамапты. Бақшадағы мол шуақ қиялдағы суреттiң жарқылын молайтып, кəрi кiсiнiң санасына сəуле құйғандай. Сол шаңқан сұлулықтан қақаста өткен ауыр өмiрi мен қиын тағдыры жанын жегiдей жедi ме, ендi ғана көзiнiң жасын iрке алмай терезеге ұзақ қадалды.


1971 жыл.


 





Пікір жазу