14.06.2022
  91


Автор: Кәкімбек Салықов

АРДАҚТАЙЫҚ АСЫЛДЫ

(Бәйкен Әшімовке)
Күндер өтті Бәйкен бар деп сенетін,
Байтақ ел боп көрдік ажал кенетін.
Нар тұлғаны еске алуды ойласақ,
Биыл жылы тоқсан беске келетін.
Кездескенде кең мінезге таңданып,
Қарсы алатын қуанышпен бар халық.
Ақ жүрегін туған елге арнады,
Көрмеді одан ешбір адам зар қағып.
Ноян іспен жолбарыстай өрледі,
Бір қазақты үшке бөліп көрмеді.
Көкшетау мен Қарағанды, Жетісу
Жоғын жоқтап, аспай-саспай төрледі.
Ел басқару теру емес қыр гүлін,
Кедергінің жарып өтті мың түрін.
Жұтты өткеріп,
Отан қорғап, от кешкен
Таңғаламыз ағаларға біз бүгін.
Тер төгудің шырғалаңы басталды,
Арыз жазып, кей қызғаныш қастанды.
Ол сыр бермей, Қазақстан үкіметін,
Аз емес-ау,
Дәл он төрт жыл басқарды.
Жылдар өтті жемісі мол ағынды,
Жеделдетті алмай Бәйкен дамылды.
Бақыт құсы мәңгі қонды басына –
Кең төсіне «Алтын Жұлдыз» тағылды.
Тәуелсіздік жеткен кезде зейнеткер,
Білек сыбап күшін қосты, ел жөптер.
Елбасының әр қадамын қостаса,
Адал болды дені таза еңбеккер.
Алатаудың ақиығы секілді,
Тоқсан жаста топқа түсіп бекінді.
Газеттерде бар халықпен сырласып,
Ел абызы ой бөлісті не түрлі.
Мәңгілікке тоқсан үште аттанды,
Оқыс қайғы күңірентті қарт жанды,
Бәйбішесі ерте өтіп өмірден,
Бәйкен үшін тез қысқартты ақ таңды.
Асыл мінез туса ардагер тектіден,
Болса-дағы өзге талқы көп кілең:
Аңсағанда «Бақыт атты бақытын»,
Жер бетіне сыймай кетті деп білем.
Жардың ісі – ардың ісі осындай,
Нардың ісі көрінер ме тосындай?
Аңыз бейне,
Өлімі де аңыз боп,
Жүре алмады жедел жетіп қосылмай.
Тағдыр солай әмір етсе қатайып,
Ақиқаттың дәмін айқын атайық.
Беу, ағайын, абыз аға, ер тұлға
Тоқсан бесін сый-құрметпен атайық.





Пікір жазу