30.05.2022
  161


Автор: Марат Нұрқалиев

Келіннің кереметі

Нан илеп жатқан Балқаймақ
Күйеуі сырттан кірісімен
Шаптыға сөйлеп айқайлап,
Өзгеріп сала берді.
Илеп жатқан қамыры
Жайына қала берді.
– Ей, қауғабас ақымақ,
Қайда жүрсің шапқылап!
Барсаңшы анау дүкенге,
Керемет көйлек түскен бе,
Бәтима да киіп жүр,
Бәтира да киіп жүр...
Көрдің бе жұрттың күйеуін,
Әйелін аяп сүйеуін...
Ал сенде
Аяушылық дегеннен ырымға жоқ,
Қауғадай болған басыңда
Балқаймақ жайлы ұғым да жоқ!
Осы оқтауды жіберіп қап,
Басыңды майып қылайын ба,
Бала-шағаңды еңіретіп,
Төркініме тайып тұрайын ба?! –
Деп Балқаймақ
Сөзін әрең тауысты.
Кезек сендердікі дегендей,
Ата-енеге ауысты:
– Сексенге келіп селкілдеп,
«Бір» дегенді «екі» деп,
Отырған түрлері мынау.
Маған да жұрт
«Ата-енең бар» дейді-ау!
Ұзақты күнге
Ұйқыдан көз ашпайсыңдар,
Ішіп-жеуден басқаға
Ақы берсе де баспайсыңдар.
Құдай сендерді алмайды екен,
Шырылдатып
Тозағына салмайды екен!
* * *
Келіннің аузына
Ақ ит кіріп,
Көк ит шығып жатыр.
Ал шал мен кемпір
Кереуеттің астында
Бұғып жатыр.





Пікір жазу