25.05.2022
  254


Автор: Саят Қамшыгер

Байынқол

Байынқол, саған келдім түу алыстан,
Жерденмін шөбі шүйгін, ұлар ұшқан.
Лайласа бәз біреулер тұнығыңды,
Жүректе айбат шегер бір арыстан.
Байынқол, сені ойласам өртенемін,
Салаңа сағынып кеп еркеледім.
Батыр боп буырқанып, тас аударған,
Өзіңдей бала кезде тентек едім.
Құстарың қай кезде де салсын әнін,
Өмірдің сындарына сан шыдадың.
Алланы зікір етіп жүргендей-ақ,
Секірген тастан-тасқа тамшыларың.
Байынқол, бұл балаңды таныдың ба,
Намысын ұлдарыңның жаныдың ба?
Кеудемде тұр бір маңғаз Хан-Тәңірі,
Ағып жүр бір Байынқол тамырымда.
Жылжытар Алла талай күн, аптаны,
Балаңа тілектес бол жырақтағы.
Өзенді көрдім таза бұл фәниде,
Кәусарды көрсем енді жұмақтағы!





Пікір жазу